Ізгі істері өзгеге өнеге Медиа орталық
31.01.2014, 14:02
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты ведомство басылымдарының тарихы 1933 жылдың мамыр айынан бері жарық көріп келе жатқан «Сақшы» - «На страже» газеттерінен басталады.
Басылымның алғашқы саны осыдан 80 жыл бұрын орысша нұсқасында шығып, өткен ғасырдың елуінші жылдары газет «Казахстанская милиция» деп аталды. Алпысыншы жылдардан бастап «Сақшы-На страже» деген атпен жарық көріп келеді.
1999 жылы министр Қайырбек Сүлейменовтің тікелей бастамасымен қазақ тіліндегі газетті дербес шығару жөнінде шешім қабылданып, 1 сәуірде Әбдіжамал Сапарқұловтың басшылығымен «Сақшының» бірінші саны өмірге келді. Қазір «Сақшы» және «На страже» газеттері аптасына төрт рет ресми және криминалдық нөмір ретінде жалпы саны 27 мың данамен тиісінше сегіз беттік А2 және 16 беттік А3 форматтары бойынша екі тілде жарық көреді.
Ал, ІІМ-нің ведомстволық журналы 1997 жылғы шілдеден алғашында «Казахстанская полиция», 2010 жылдан бастап «Полиция.KZ» деген атаумен шығып келеді. Бұл журнал қазақ және орыс тілдерінде айына бір рет 22 мың данамен үзбей шығып келеді.
Мұның сыртында, Қазақстан полициясының тыныс-тіршілігі, бүгінгі бет-бейнесі мен өткені, өзекті мәселелері туралы сыр шертетін «Ардагер», «Есірткісіз болашақ», «Наркопост» журналдары да жарық көреді.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары ардагерлер Кеңесі мен Ішкі әскерлерінің «Ардагер» журналы 2009 жылдан бері шығады. Бұл Кеңес дәуірінен кейінгі елдер арасында баламасы жоқ үлкен жоба екенін атап өткен жөн. Журнал ардагерлер өмірі, республика полициясына қызметке келіп жатқан жастарға аға буынның тәлімгерлігі жәйлі, Қазақстан ішкі істер органдары «ескі гвардия» өкілдерінің қызметі тұрғысында сыр шертеді.
Ал, «Наркопост» тоқсандық журналы 2004 жылдан бері шығып келеді. Басылымда еліміздегі есірткіге қатысты ахуал, есірткі айналымына, бизнесіне қарсы жүргізіліп отырған арнайы іс-шаралар, заңдарға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар туралы материалдар жарияланады.
ҚР ІІМ-нің «Есірткісіз болашақ» республикалық журналы 2004 жылдан бері жарыққа шығады. Журнал өмір жолын енді ғана таңдаған жас жеткіншектер – жігіттер мен қыздарға арналған. Сонымен қатар, журналда Қазақстанда тиімді жұмыс жасайтын есірткіге қарсы профилактикалық жастар бағдарламасы жарық көреді, есірткі пайдаланудың зияндылығы баяндалады.
Бүгіндері жалпы тиражы 50 мыңнан асып жығылатын бұл басылымдар Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары Медиа орталығына біріктіріліп қазақстандық полицияның оң имиджін қалыптастыруда, ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтық және адамгершілік қасиеттерді, патриоттық және кәсіби біліктілікті насихаттауда үлкен рөл атқарып отыр. Сондай-ақ, Медиа орталық жанынан арнайы телестудия ашылып осы бағытта нақты ақпараттық өнімдерді дайындап дүйім жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
- Tweet


Пікірлер (1)
Оставить комментарий