Мақсат – қоғамда жаңа талапқа сай рухани ахуал қалыптастыру

06.02.2014, 10:00

Үстіміздегі жылғы 3 ақпанда Астана қаласының Министрліктер үйінде ҚР Дін істері агенттігінің кеңейтілген Алқасы болып өтті. Оның жұмысына ҚР Премьер - Министрінің орынбасары Г.Әбдіқалықова, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары – ҚР Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының меңгерушісі А.Әбдімомынов, Парламент депутаттары, ҚР Президент Әкімшілігі, Премьер - Министр Кеңсесі, Дін істері агенттігі мен аймақтық дін істері басқармалары қызметкерлері, сонымен қатар діни және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Бас редакторлар клубы атынан жиынға қоғамдық бірлестіктің президенті Кенжеболат Жолдыбай шақырылды.

Коллегияға қатысушылар ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілхановтың өз басқаруындағы ведомствоның 2013 жылғы атқарған жұмыс қорытындылары мен Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы және «Қазақстандық жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында діни салада қазіргі заманғы қауіп-қатердің алдын алуға қатысты міндеттерді орындау бағытында 2014 жылға түзілген іс-жоспарлары жәйлі жасаған толыққанды баяндамасын өте мұқият тыңдады.

Агенттік төрағасы өз сөзінде «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» Заңын, Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын, жалған діни идеяларға жол бермеу тұрғысында қарастырылған шаралар кешенін іске асыруда азаматтық қоғам институттарымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде елімізде діни ахуалдың қалыпты жағдайда екендігіне ерекше тоқталды. Баяндамашы осы тұста халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басымдыққа ие болғанын айта келе, бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын айрықша атады. Осы ретте М.Әзілханов Агенттік пен БАҚ арасындағы қарым-қатынас журналистердің арнайы пулын құру, бірлескен жобаларды іске асыру, БАҚ беттерінде дін мәселелерін жариялау жөніндегі Әдістемелік кеңес арқылы конструктивті негізде орнығып отырғанына назар аударды. Бұл тұрғыда Бас редакторлар клубы мен Агенттік арасында біршама оң тәжірибе қалыптасып қалғанын атап өткен жөн.

Агенттік сонымен қатар «Хабар», «Қазақстан», «24 kz», «Астана TV», «Жетінші арна» республикалық телеарналармен бірге нақты жобаларды іске асыруда. Нақтырақ айтқанда, бұл арналардың «Жеті күн», «Біз», «Орталық хабар», «Көзқарас», «Иман айнасы», «Апта kz», «Алаң», «Интервью», «Сұхбат», «Нысана», «Другими словами» бағдарламалары және «Открытая студия» ток-шоуы арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, сондай-ақ қоғамда діни сана-сезім төзімділігін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты атқарылып келеді. Мұның сыртында Агенттік тарапынан Қазақстандағы ислам туралы кешенді мәлімет беретін «Е-Islam» ақпараттық – ағартушылық интернет-порталы іске кірістірілді. Жалпы, 2013 жылы БАҚ беттерінде 7800-ден астам жарияланымдар жарық көрсе, олардың 5430-ы телевизиялық сюжеттерді, 1569-ы мерзімді баспасөзде шыққан мақалаларды, 826-ы интернет ресурстарда орналастырылған материалдарды құрады.

Коллегия барысындағы жарыссөзге ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Камал Бурханов, Агенттіктің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Гүлнар Шлымова, Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев қатысты. К.Бурханов мемлекет тарапынан діни ұйымдарды қаржыландырудың шетелдік тәжірибесіне назар аударса, Г.Шлымова дінтану сараптамалары әдістемелік негіздеме жүйесінде жүргізілуі керектігіне көңіл бөлді, ал Е.Шоқаев Зайырлық қағидаттар мен ұлттық құндылықтарды дамыту бағытында атқарылатын идеологиялық жұмыстар ерекше форматта ұйымдастырылса, мәселен, театрландырылған көріністер кейпінде берілсе, деген ұсыныс айтты.

Коллегия жұмысын ҚР Премьер - Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қорытындылады. Агенттіктің есепті жылы атқарған жұмысына оң баға бере отырып, ол қоғамдық санада мемлекет пен қоғамның Зайырлық қағидаттары туралы ұстанымдарды одан әрі күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жасампаз мақсаттарын іске асыру міндеттерінен халықтың жекелеген топтарының шеттеп қалуына жол бермеу мақсатында қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігіне қол жеткізу керектігіне назар аударды. Халықтың діни сауатын арттыру, қазақ халқының діни дәстүрлері мен рухани құндылықтарын насихаттау, қоғамды идеологиялық тұрғыдан біріктіру және радикалдық идеялардың қауіп-қатерін әшкерлеу үшін ақпараттық жұмыстарды жандандыру қажеттілігі де Премьер – Министрдің орынбасары тарапынан ескертілді

  • Tweet

Пікірлер (0)