Түркітанудың тарланбозы
Лев Николаевич Гумилевтің 100 жылдығына арналған форум хақында
XX ғасырдың көрнекті тарихшысы, есімі төрткүл әлемге кеңінен танымал түркітанушы ғалым, тарих және география ғылымдарының докторы, ақын, аудармашы Лев Николаевич Гумилевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Л.Н. Гумилев мұрасы және қазіргі еуразиялық интеграция» атты ІХ Еуразиялық ғылыми форум Астана қаласында осынау ғұлама ғалымның атын иеленген Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында болып өтті.
Дүбірлі басқосуға әлемге танымал ғалымдар , тарихшылар, этнологтар, филологтар, географтар, саясаттанушылар, сонымен қатар Болгария, Венгрия, Голландия, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Франция және Украина сынды елдердің саяси және қоғамдық ұйымдары, білім беру, ғылыми-зерттеу және мәдени орталықтардың өкілдері қатысты. Алқалы жиынға қатысушылар Л.Н.Гумилевтңі қыруар ғылыми мұрасын зерделеп, кейбір пікірталас тудырып жүрген мәселелерді әр қырынан қарастырды, еуразияшылдық идеясын Еуразия халықтары интеграциясының негізгі тұғырнамасы ретінде талқылады.
Мерейтойлық шара қарсаңында университет ұжымы осы оқу ордасының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың тікелей басшылығымен «Гумилев әлемі» және «Еуразия мәселелері» сериялары негізінде «Лев Гумилев энциклопедиясы», «Нұрсұлтан Назарбаев және еуразияшылдық», «Лев Гумилевтің ғылыми мұралары», «Л.Н. Гумилев және түркі әлемінің қайта түлеуі», «Еуразияшылдықтың бастауы», «Л.Н. Гумилевтің шәкірттері», «Лев Гумилевтің еуразиялық тұжырымдамасы және қазіргі кезең» тәрізді 12 кітап шығарылып, «Еуразия диалогы» журналының, «Еуразиялық жаршы» газетінің арнайы сандары Л. Гумилевтің ғылыми мұралары мен өнегелі өмірін насихаттауға арналды. Осы арада айта кету керек, осыдан бірнеше ай бұрын университет ректоры, профессор Е. Б. Сыдықовтың бастамасымен оқу ордасының бір топ ғалымдары «Таулы Алтайға» ғылыми экспедиция ұйымдастырып, Лев Гумилев атындағы ең биік таулы шыңға көтерілген еді. Форум барысында осы игілікті істің жүзеге асқандығын дәйектейтін арнайы сертификат көпшіліктің алдында оқу орнының басшысына салтанатты жағдайда табыс етілді. Сонымен қатар ғұлама ғалымның атымен пошта маркасы және арнайы төсбелгі әзірленді.
Форумда сөз алған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың айтуынша, ғалым әрі ойшыл Л.Гумилевтің ғылыми мұрасы саяси, халықаралық мазмұны жағынан да, практикалық тұрғыда да өзекті болып табылады. Оның ғылыми тұжырымдары қазіргі әлемде орын алып отырған интеграциялық үдерістер мен жаһандану жағдайында өзара сенімге, түсіністікке негізделген қарым-қатынастар орнатуға ықпал ете алады. – «Біз үшін Л.Н. Гумилевтің ғылыми-шығармашылық мұрасы ғана маңызды емес, оның өмірі мен ғылымдағы күреске толы жолы үлгі-өнеге тұтарлық. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен білім ордамыз Еуразия ұлттық университетіне Л.Н. Гумилев есімі тегін берілмесе керек. Бүгінгі таңда ЕҰУ еуразияшыл ғалымның шығармашылық мұрасы мен идеяларын зерттеп, насихаттайтын бірден бір ғылыми орталық болып табылады» деді Ерлан Бәтташұлы.
Алқалы басқосу «Л.Н. Гумилев атриумында» гүл қою рәсімінен басталып, ғалымның мұражай-кабинетінде Л. Н. Гумилев бюстін ашу салтанатына ұласты. Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Бірінші Президентінің аудиториясында форум басталмас бұрын Лев Николаевич Гумилевтің өмірі хақында сыр шертетін деректі фильм көрсетілді.
Форумға ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов қатысып, Лев Гумилевтің 100 жылдығына орайластырылған ғылыми форум қатысушыларына арналған ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың құттықтау хатын оқыды. - «Лев Гумилевтiң интеллектуалдық мұрасы тек ғылыми бiрлестiкте ғана емес, қазiргi геосаясатта да мәні орасан зор. Еуразияшылдық - ХХ ғасырдың басты идеясы. Бүгін Еуразия одағының жаңа даму кезеңі басталды» делінген құттықтау хатында.
Сондай-ақ алқалы басқосуда Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Парламент Сенатының депутаты Ғарифолла Есім ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәмидің мынадай құттықтау лебізін жеткізді: «Бүгінде Гумилевтің 100 жылдығын барша әлемдік қауымдастық атап өтуде. Оның шығармашылық әлемі еуразия кеңістігінің жетісітігі ретінде бағалануда. Гумилев түркі тектес халықтарының мәдениетін терең зерттеп, көшпелі халықтар, оның ішінде ғұндар мен түркілердің тарихына ерекше мән берген тарихшы Л.Н. Гумилев болды. Ол түрік әлемі өркениетке ерте жеткен халықтардың бірі екенін жазудан бас тартпаған ғұлама ғалым, Еуразия көшпелілерінің бұл құрлықтың тарихында алатын орнын өте жоғары бағалаған».
Екі күнге созылған форум мынадай 5 секция бойынша жұмыс жүргізді: «Еуразия көшпенділерінің өркениеті: тарих және мәдениет», «Еуразия халықтарының этникалық тарихы мен этногенезі мәселелері», «Л.Н. Гумилевтің ғылыми мұрасы контексіндегі әдіснама, тарихнама және деректанудың өзекті мәселелері», «Л.Н. Гумилев мұрасының әлеуметтік-философиялық және психология-педагогикалық қырлары», «Еуразиялық ықпалдастығының қазіргі жағдайы мен болашағы».
Университеттің ең көрнекті дәрісханаларында өткен секция мәжілістерінде оған қатысқан ауыз дуалы ғалымдар Л.Н. Гумилев еңбектерінде еуразиялық халықтардың өзара достық, ықпалдастық, сыйластық, игі жақындастық идеяларының тарихи талдауларын атап өтті. Белгілі еуразияшының идеялары мемлекеттердің ұлттық мүдделері мен егемендігін сақтап қалу жолында қазіргі замандағы әлемдік ықпалдастық процесін терең түсінуге мүмкіндік жасайды.
Форумға қатысушылар тарлан түркітанушыға жоғары баға беріп, мадақтаулар ғана айтып қоймай нақты ұсыныстар жасады. Олардың арасында мыналар бар: халықаралық резонансты күшейту мақсатында Еуразия ұлттық университетінде Л.Н. Гумилев атындағы толеранттылық кафедрасын ашу туралы ЮНЕСКО-ға ұсыныс жасау; еуразиялық проблематикаға негізделген Лев Гумилев атындағы арнайы сыйлық пен конкурс ұйымдастыру туралы ТМД мемлекеттері парламентаралық ассамблея басшыларына ұсыныс жасау.
Бұқаралық ақпарат құралдарына «Мир» мемлекетаралық ТРК және басқа да БАҚ құралдарын пайдалана отырып, Л.Н. Гумилевтің ғылыми мұрасы ме еуразияшылдық идеясын насихаттау мақсатында жобалар құруға мүмкіндіктер туғызу.
Л.Н. Гумилевтің ғылыми зерттеулері мен шығармашылығын насихаттауға кеңінен мүмкіндіктер туғыза отырып қазіргі еуразияшылдың идеялық-теориялық негізі мен қайнар көздерін қалыптастыру мақсатында халықаралық ғылыми қоғамдастыққа ұсыныс және жоғарғы оқу орны студенттері үшін «Гумилевтану» оқу курсын дайындау; Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де құрылған «Еуразияшылдық: теория және практика» кафедрасының тәжірибесіне сүйене отырып, әлемнің түрлі жоғарғы оқу орындарында осы аттас кафедралар құруға ұсыныс жасау және Еуразия халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған мультимедиялық оқу кешенін жасап шығару; Л.Н. Гумилевтің мұрасын зерттеу мақсатында біріккен пәнаралық жобалар жасап, оларды жүзеге асыру; Л.Н. Гумилевтің қолжазбалары мен тиісті түсініктемелердің негізінде оның Еуразия халықтарының тілдеріне аударылған еңбектерін баспаға беру жоспарын жасау; Л.Н. Гумилевке арналған халықаралық еуразиялық ғылыми академиялық мобильді «Eurasica» бағдарламасын жасауға мүмкіндік туғызу (ғылыми тәжірибелерден өту, оқытушылармен, зерттеушілермен, студенттермен, аспиранттармен, магистранттармен, докторанттармен өзара алмасу және т.б.)
Тұрақты түрде жұмыс жасайтын ғылыми Еуразиялық алаң ұйымдастыру үшін үш жылда бір рет өткізілетін Л.Н. Гумилевтің ғылыми мұрасын зерттеуді дамыту мен қазіргі әлемдік ықпалдастық процестерді зерттеуге арналған халықаралық ғылыми конгресстер шақыру мүмкіндігін айқындау; Л.Н. Гумилевтің есімін мәңгілікке қалдыруға тұрақты түрде қолдау көрсету, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты есте қаларлық орындар мен ескерткіштерді сақтау.
Ой елегіне сала білген адамға жоғарыда аталған шаралар ауқымы орасан зор екендігі бірден көзге ұрады. Пассионарлық теориясының парқына жеткен, түркітану ғылымына тереңдеп бойлаған ғұлама ғалымның есімін тарихта алтын әріппен жазғанмен бірдей шаралар бұл, түсіне білгенге. Жасыратын несі бар, орыс ғалымдарының ішінде түркітануға ерекше жанашырлық танытқандары саусақпен санарлықтай ғана. Ал қылышынан қан тамған коммунистік партияның дәуірінде ешкімнен жасқанбастан, басын бәйгеге тігіп, ұлы даладағы көшпелілер туралы әділ ғылыми ой айтқан. Л.Н. Гумилевты ерекше дәріптеудің бір мәні осы тұстан бастау алары хақ. Адал һәм терең ғылыми тұжырым айтқан ғұламаны түркі тектес халықтардың ерекше жоғары бағалауының түп төркіні осында жатыр.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН, «Әділет БАҚ медиа» газеті

