Саңлақ суреткер, ғұлама ғалым

Заңғар жазушы Зейнолла Қабдолов көзі тірі болғанда 85 жасқа келер еді. Алайда арамызда жоқ болса да саңлақ суреткердің мәңгі өлмес шығармалары оқырмандарының қолында. Ұлы ұстаз З. Қабдоловтың достары, қаламдастары оны ерекше сыйлаған. Солардың бірі – белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов. Зекең мен Әзағаның достық қарым-қатынастары ерекше болған. Ал шығармашылық байланыстары өз алдына бір әңгіме.

Дей тұрғанмен, мәселенің бұл жағын да ескере отырып, қаламдас ағалардың адами, өмірлік қарым-қатынастарына көбірек назар аударуға талпындық. Осы арқылы ағалы-інілідей болып кеткен қаламдастардың шығармашылық байланыстарына көз жүгіртіп, олардың өзара аралас-құраластығына назар аударуды жөн санадым.

Баршаға мәлім, елуінші жылдарда әдебиетке қадам басқан бірқатар қаламгерлер белгілі жазушы Мұқан Иманжановтың қамқорлығын көрді, оның тікелей қолдауымен әдебиет әлеміне алғашқы қадамдарын жасады.

Әзілхан Нұршайықов бірде былай деп жазыпты: «Біз, Мұқанның қанатының астында тәрбиеленген жас жазушылар көп едік. Бәріміз дерлік атақты қаламгерлер болдық. Бірақ, көбіміз өлгеннен кейін ұстазымызды ұмытып кеттік. Оның алдындағы шәкірттік парызымызды өтей алмадық. (Тым болмаса бір том естеліктер жинағын да шығара алмадық).» Деректі шығармаларының бірнеше жерлерінде сол сөз болып отырған Мұқан Иманжановтың шарапатын көрген қарымды қаламгердің бірі Зейнолла Қабдолов екендігін атап көрсеткен.

Академик Зейнолла Қабдолов туралы Әзағаның «Өмір өрнектері» атты төрт томдығында бірқатар деректер келтірілген. Ол жазбаларда Зекең Әзаға туралы әрқашан жылы лебіз білдіре жүруді әдетке айналдырғаны байқалады. Мына бір үзіндіге назар аударайық: «...Зейнолла Қабдолов келді. Баласының диссертация жазып жүргенін, диссертациясында анда-санда Айтматов пен Нұрпейісовті атап қойып, негізінен мені мақтайтынын айтты.

– Рақмет, Бақытқа, – дедім мен күліп (Зейнолланың диссертация жазып жүрген баласының аты Бақыт болатын).»

Ә. Нұршайықовтың З. Қабдолов туралы әрбір мәтінге назар аударып отыратындығы оның «Өмір өрнектерінде» ақын Жарасқан Әбдірәшевтің Зекең туралы жазған эпиграммасын арнайы жазып сақтап қойғандығынан да көрінеді. Онда былай делініпті:

 

 Зейнолла Қабдоловқа

Жазушылық – ғалымдыққа жол

                                                     беріп,

Ғалымдығын – ұстаздығы өңгеріп

                                                         бара жатыр...

Зерттегендер Зекеңді

Қиналады-ау үш салаға тең бөліп.

Мұндай мінез мықтылардан жұғады,

Ұқса сырын – әмбебаптар ұғады...

Анық бойлы үш Зекенді қосқанда –

Абыройлы бір Қабдолов шығады!

Бірде журналистер Әзілхан Нұршайықовтан жазушылар арасында қай дәрежеден көрінесіз деген сыңайлы сауал тастайды. Сонда Әзаға былай деп жауап беріпті: «Мен аттары атала бермейтін жазушылардың алдыңғы қатарында боламын. Біз, Медеу Сәрсекеев, Зейнолла Қабдолов үшеуміз замандас тарихи адамдар туралы (Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы жайында) үш роман жаздық. Біздің атымызды сол үш есім ғана ел есіне түсіруі мүмкін.» Мұндағы айтқысы келгені Зекеңнің атақты «Менің Әуезовім» атты романына назар аударту болса керек.

Енді бірде осы роман туралы пікірін ұлы жазушылардың аттарын тізбелей отырып былайша білдірген: «Реалистік шығармалар қарапайым жазылса, романтикалық туындылар «әндете» шырқалады. Сондықтан романтикалық шығармалар қызықта болып көрінеді. Бірақ, кейбір ұлы реалист прозашылардың өздері шығармаларын әндете жазуға тырысқан. Олардың қатарына Гогольді, Флоберді, Әуезовті, Мүсіреповті, Тургеневті қосуға болады. Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовым» романы да сондай. Өзгеміздің прозамыз реалистік жол жорғадан аспайды.»

Тіпті бірде тосын бір жайт да орын алады. Әңгіме кітап мәселесіне келіп тірелген. Сөзіміз түсінікті болу үшін дәйектемені толығымен келтірейік: «Жақсы кітап – жанға дәрі, жүрекке ем. Бірақ, кітаптың ем екенін ешкім бағалай білмейді.

Сонау Атырауда инсульт болып жатқан Марат деген инженер азамат Алматыдағы жездесі Зейнолла Қабдоловқа (академик, жазушы) сәлем айтып, менің «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогымды тауып, өзіне жіберуді өтініпті. Зейнолла досым маған телефон соқты:

– Сіздің кітабыңыз сырқатқа дәрі орнына керек болып жатыр, Әзаға, – деді. Алматының барлық дүкендерінен іздеп таба алмадық. Соның бір данасын бере аласыз ба?

– Берейін, айналайын. Кітабым сырқатқа шипа болса, несіне аяйын. Марат бауырымның тез жазуылуына тілектеспін, – дедім оған.

Бүгін ол кітапты сырқат азаматтың Алматыдағы мемлекеттік педагогикалық университеттің V курсында оқитын студент қызы Күлзия Маратқызы Мүрсалимова келіп, алып кетті. Кітаптың ішкі бетіне сырқат азаматтың тез сәлеметтеніп кетуіне тілектестік білдіріп, автограф жаздым. Аяғына өзімнің мөрімді бастым. Содан соң кітапты үлкен конвертке салып, аузын желімдеп, сыртына:

«Қымбатты Зеке!

Бұйымтайыңыз – мінеки!

Сіздің Әз. Нұршайықов.

15.01.2002 жыл» –

деген жазу жазып, беріп жібердім.»

Зейнолла Қабдолов пен Әзілхан Нұршайықовтың өзара тамаша сыйластығын, достық рәуіштегі көңілін телефонмен тілдесуде болған мына бір жолдардан да анық аңғаруға болады: «– Зәке, 75 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын. Газеттен көрдім.

– Рақмет, Әзаға. Мен тойламай-ақ қояйық деп едім, ректорымыз болмады.

– Ректордікі дұрыс.

– Мен ертең машина жіберейін, келе аласыз ба?

– Мен шөккен түйе тәрізденіп, үйде жатқан кісімін ғой. Рақмет, Зеке.

– Апырай, ә, Әзаға. Айтпақшы анада ауруханада өзіңіз айтқан: ескі достардан Әбдіжәмілмен (Нұрпейісов) амандасып жүремін. Ал Мұзафардан (Әлімбаев) мүлде хабарым жоқ дегеніңізді айттым Әбекеңе. «Мен ол кісінің амандығына сырттай тілектеспін ғой», – деді ол – Әбекең.

– Рақмет. Зеке, сізге де, Әбекеңе де! Екінші айтайын дегенім: «Қазақ әдебиетіндегі» сұхбатыңызды (06.12.2002 жыл) оқып, өте сүйсіндім.

– Рақмет, Әзаға.

   – Үшінші айтарым тағы бар.

        – Менің құлағым сіздің сөзіңізді тыңдай бергісі келеді ғой, Әзаға.

– Ондай ілтипатты құлаққа рақмет, Зеке. Айтайын дегенім: Қадыр Мырзалиевтың кешегі Сізге арнаған «Ағамыз» деген өлеңі қандай тамаша! Оның барлық өлеңдерін оқып жүремін. Өте жоғары бағалаймын.

– Сіз айта аласыз ғой, Әзаға.

   – Аман болайық, Зеке.

   – Бірге болайық, Әзаға. (11.12.2002 жыл).»

Әзілхан Нұршайықов әдебиет хақында, атақты жазушылар туралы тілге тиек еткенде де З. Қабдоловты ерекше бағалайтындығын аңғартып отырған. «Қазақ зиялылары қайда, үндері неге естілмейді» деген тұрғыдағы әңгіме айтылғанда Әзаға тағы да Зейнолла Қабдолов інісін ауызға алу арқылы оның шығармашылығын ерекше бағалайтындығын тағы бір байқатқан. Мына бір жолдарға назар аударайық: «Қазақ зиялылары жоқ емес, бар.

– Олардың дүбірі әдебиетімізде кейін туған кесек шығармалардан да естіліп жатады. (Қ. Жұмаділов «Дарбоз» романы; Ә Кекілбаев «Абылайхан» пьеса – дастаны; З. Қабдолов «Менің Әуезовім» романы; С. Жүнісов – «Абылай хан» т.б сценарийлері; С. Сматаев – «Жарылғап батыр» поэмасы; Ж. Тұрлыбаев – «Райымбек батыр» романы; М. Сәрсекеев – «Қазақтың Қанышы» романы; М.Мағауин – өмірбаяндық «Мен» романы; Ш. Мұртаза – «Айша» романы т.б.)»

Академик-жазушы хақында Ә. Нұршайықов әрқашан ыстық лебізін, биік бағасын білдіре жүретіндігін Әзағаның мына бір жазғанынан да аңғару қиын емес. Оны өзі «Классиктер мен олардың ағалары» деп атапты. Оқып көрелік: «– Маған жас әдебиетші сұрақ қойды.

– Қазіргі классиктер  кім?

– Әбіш, Шерхан, қос Мұхтар, Қабдеш, Қадыр, Тұманбай, – дедім мен.

– Сіздер: Әбдіжәміл, Сафуан, Зейнолла Қабдоловтар қайда қаласыздар?

– Біз сол классиктердің ағалары болып қаламыз, – дедім мен күліп.

– Сонда қалай?

– Сонда былай: Президент пен ағасы екеуінің қайсысы Президент деп ойлайсың? – дедім мен.

– Інісі, әрине, – деді ол.

– Бұл да – сондай!

Жас әдебиетші күлді.

– Кейбіреулер классиктер тізіміне алдымен өздерін кіргізер еді, – деді ол содан соң.

– Құс ішінде көкек қана өз атын өзі атайды. Ол: «Мен – көкек! Мен – көкек!» деп мың рет қайталаса да, бұлбұл бола алмайды – көкек күйінде қалады. Ал бұлбұл өз атын өзі атамайды. Бірақ, үнін естіген жұрт оның бұлбұл екенін бірден біледі.

Әдебиетші жігіт тағы да жымиды.»

Әдебиетші Зейнолла Қабдолов жазушы Әзілхан Нұршайықовты ерекше сыйлаған әрі шығармашылығын ұдайы бағалап жүрген. Енді мына бір тілдесуге назар аударайық: «Түнгі сағат тура 22.30-да телефон шылдырады.

– Әзаға, амансыз ба? – деген баяу дауыс естілді. Таныс дауыс – Зейнолла Қабдоловтың үні. – Күйлі, қуатты жүріп жатырсыз ба?

– Шүкір. Шамаға қарай шапқылаған болып жүріп жатқан ғой баяғы. Құлағыма келіп жатқан Зекеңнің үні-ау деп шамалаймын, – дедім мен.

– Дәл айтасыз, – деді Зейнолла. – Бүгін Парижден келіп едім.

– Қайдағы Париж?

Жақында ғана оны ауруханада емделіп жатыр деп естігенмін. «Париж» деп әзілдеп, аурухананы айтып тұрған болар деп ойладым.

– Париж біреу-ақ, Әзаға, өзіңіз білетін Франциядағы Париж.

– Оған қашан, қалай барып едің?

– Махамбеттің 200 жылдық тойына орай баруға тура келді. Ол тойды ЮНЕСКО өткізді ғой. ЮНЕСКО тойына жер жүзінен адамдар жиналады екен. Той ғажап болып өтті. Мен баяндама жасап, француздарға қазақ дегеннің кім екенін таныттым әбден. Олар бас шұлғып, тегіс тәнті боп қалды. Қасымда Олжас айналайын бірге жүрді. Олжас Сүлейменов Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі ғой өзіңіз білесіз. Мені алақанына салып, көтеріп жүргендей болды.

– Зеке, мен сізді жаңа таныдым ғой, – деді ол.

       Осылай деп Зейнолла сөзін бір түйді.

– Айтайын деп тұрғаным ол емес, Әзаға, – деді сөзін қайта жалғап. – Келгеннен кейін газеттерді қараймын ғой елде не болып жатыр екен деп. Ең соңында «Қазақ әдебиеті» газетінің бүгінгі нөмірі қолыма ілінді. Тұрсынхан апамыз өмірден өтіп кеткен екен. Арт жақсылығын берсін. Ал енді Сіздің сол апамызды аттандырып салуда сөйлеген сөзіңіз ғажап екен! Соны оқып, қатты тебірендім. Мен сөзді түсінетін кісімін ғой, өзіңіз білесіз. Әр сөзіңіздің астарын түрткілеп отырып, апамызға биік баға бергеніңізге шексіз қуандым. Бұл апамыздың тірі күнде өмір бойы естімеген сөздері екен. Және сөздеріңіздің бәрі шын: феномен екені де, әр асылдың қосындысы, қоспасы екені де рас! Ал, кішкентай да – көлемді бұл мақала – сөзіңізге «Тарихи шындық» деп ат қойғаныңыз да келісіп тұр. Тарихи шындық екені рас! Тұрсынхан апамыздың бойындағы ақындық, әншілік, ғалымдық қасиеттерге, бұл ғажап үш қасиетке ие болған дүние жүзінде бірде-бір әйел болған жоқ. Ол қазақ әйелінің ғана бойына біткен қасиет. Бәріміз ардақтаған Тұрсынхан апамыздың! Ардақтауын ардақтадық қой. Бірақ, дәл сіз сияқты етіп ешқайсымыз айта алмаған едік. Сіз айтыпсыз, айналайын, Әзаға.

Мені кейбіреулер кекейді: жұрттың бәрін «классик!» деймін. Мен тура өзіңізден үлгі алған, ішіндегісін сыртқа шаша бермейтін адаммын. Сыртқа шығаратын жерде шығаратыным – рас. Бұл да өзіңізден шыққан үлгі. Әзаға, бірімізбен-біріміз қол ұстасып, осылай аман-есен жүре тұрайықшы! Бірімізден біріміз көз жазып қалмайықшы! Аман болыңызшы, айналайын Әзаға! Сөйтейікші!

– Тырысайық, Зеке, айналайын, – дедім мен бір ауыз сөз қыстырып. Өйткені ол тоқтамай, лапылдап сөйледі.

– Ал, амандықпен жүздесіп жүрейік, Әзаға, – деп ол сөзін бітіргендей болды.

– Сәуле келіннің халы қалай? – дедім мен Зейнолла телефон трубкасын жауып қоя ма деп асығып.

– Халы жақсы, Әзаға.

– Менің жақсы келініме жалынды сәлем айт, Зеке. Келінімнің халы жақсы болса, інімнің де күйі жаман болмайды. Әр үйдің генераторы әйел емес пе?!

– Әй, Әзаға-ай, осындай бір әдемі әзіліңіз бар-ау Сіздің. Айтамын, әрине. Сау болыңыз. Аман болыңыз.

– Бірге болайық, қалқам!

Түнгі телефон шылдыры осылай аяқталды. (17.10.2003 жыл).»

Зекеңнің Әзағаны ерекше сыйлайтындығы мына жолдардан да айқын аңғарылады: «Тіпті 70-тен асқан Зейнолла Қабдолов та «Менің Әуезовым» романын үйге әкеліп берді.»

Әзілхан Нұршайықовтың Қабдоловтар әулетіне деген шынайы көңілі мына бір шағын детальдан да көрініс тапқан. Көзі тірісінде Зекең шыққан әрбір кітабінан бір данасына қолтаңба жазып Әзағаңа беретін көрінеді. Шығармашылық байланыстың нақты бір мысалы осындай-ақ болар. Өз кезегінде Әзағаң да «еруліге – қарулы» жасайтын көрінеді. Тіпті Зекең о дүниелік болғанда да ескі досын ұмытпай оның үйіндегі келініне арнайы қолтаңба жазылған кітабін беріп жіберіп, оған шын ниетпен мынадай жолдарды түсіріпті:

Сәуле ҚАБДОЛОВАҒА

Қымбатты Сәуле келінім!

Бұл кітапты оқу Сізге ауыр тиер деп, бұрын ұсынбаған едім. Өйткені мұны жұрттың көбі мұңайып, күрсініп, тіпті, жылап оқып жатыр.

Кеше Өзіңіз телефон соғып, менің «Қаламгер» деген кітабымды ризалықпен оқып жатқаныңызды айттыңыз. Сіз сөйлеп тұрғанда сырт жағыңыздан: «Әу, Әзағаң ба?» деген қымбатты Зекеңнің үні құлағыма келгендей болды. Өзіңіздің бұрынғыдай биязы, мейірбан даусыңызды естіп, сәлеметтігіңізді біліп, балалардың тегіс амандығына қуанып қалдым.

Хабарласқаныңызға рақмет.

«Қаламгер» кітабы біздің бәріміздің жасырақ кезіміздің куәсі ғой.

Ал, мына «Мәңгілік махаббат жыры» кітабы менің қартайып, өмірдегі жалғыз жан серігім Халима жеңгелеріңнен айрылып, қайғымен «қан жұтып» қалған шағымның шежіресі.

Көңіліңіз соқса, қарап шығарсыз.

Мен Сіздердің семьяға бұрынғыша шын жүректен тілектеспін.

Ағалық құрметпен, мәңгі ұмытылмас Зекеңнің көп достарыңның бірі

Әз. Нұршайықов.

19.11.2008 жыл, Алматы.

 

Академик Зейнолла Қабдолов өмірден өтсе де Әзаға оның отбасымен адами, ағалық байланысын үзбеген. Әрине бұл біздің өмірімізде қалыптасқан амандық-саулық сұрасумен ғана шектелмей, шығармашылық дәрежеде аңғарылып отырған. Өйткені белгілі жазушы өмірден өтсе де оның мұрасы ел есінде сақталатыны белгілі. Ал егер жазушы шеберханасы хақында оны өте жақын білетін адамдары жазбаларын өмірге әкелсе нұр үстіне нұр ғой. Тағы да Әзағаңа жүгінейік: «Жаңа жыл қарсаңында атақты академик Зейнолла Қабдоловтың әйелі Сәуле келінімді телефон соғып, құттықтаған едім. Сонда Сәуле өзінің соңғы үш жылда жазған (Зейнолла марқұм ауырып жатқан кезде) күнделігін «Ана тілі» газеті басып жатқанын айтқан.

Мен Сәулеге:

– Үш жылдық күнделік аз. Сіз Зекең туралы естелік кітап жазуыңыз жөн. Енді сіз Зекеңе ол естеліктерден өзге ешқандай көмек жасай алмайсыз, – дегенмін. Ф. М. Достоевскийдің әйелі А. Г. Достоевскаяның ері туралы ерен естелік кітап жазғанын да айтқанмын. (05.01.2009 жыл).»

Әзағаның осынау сөзі түрткі болды ма кейіннен Сәуле Қабдолова апамыздың академик З. Қабдолов туралы тамаша кітабі шыққаны оқырмандарға жақсы мәлім.

Әрине Алатаудай асқақ екі қаламгердің шығармашылық байланыстары туралы ұзақ айтуға болады. Мұндағы ерекше бір байқалатын жайт, сөз болып отырған екі дос жазушы бір-бірлерінің шығармашылығын ұдайы әрі мұқият қадағалап, ерекше қызығушылық танытып отырған. Әрбір шыққан жаңа кітаптары жайында өзара пікір алмасып, бір-бірлерінің шығармашылық жетістіктеріне ризашылықтарын білдіріп отыруды, рухани қолдау білдіруді ешқашан естен шығармаған.

Ал ғұлама ғалым Зейнолла Қабдолов қайтыс болғанда Әзілхан Нұршайықов егіліп тұрып, сөзін былай деп бастапты: «Қош, қымбатты Дос, аяулы Азамат, ардақты Адам, ғұлама Ғалым, ұмытылмас Ұстаз!

Бүгiн Сенiң өмiрден өткенiңе байланысты жақындарың жылайды, шәкiрттерiң көзiне жас алады, достарың күрсiнiп, iштей күңiренедi, «қалың елiң қазағың» (Абай) қайғырады. Мен де сондай күйдемiн, бауырым.»

Осылайша бір тебіреніп алған Әзаға Зекеңмен достығының қалай басталғандығын былайша тілге тиек еткен: «Екеумiздi бiр-бiрiмiзге таныстырып және сенiң басқа дос-жолдастарыңа бiлiс еткен ол кездегi ағамыз, ардақтымыз, тiптi, пiрiмiз десем де артық емес, Мұқан Иманжанов болатын. Мұқан 1954 жылы Алматыдан Павлодарға жолаушы келiп, сол кезде Павлодар облыстық газетiнiң редакторы болып жүрген менiмен танысып қайтты. Қайтарда ол жазған шығармаларымды өзiне жiберiп тұруды өтiндi. Алматыдағы газет-журналдарға бастырамын дедi.

Мен «Алыстағы ауданда» деген Баянауыл ауданынан жазған ең үлкен очеркiмдi Мұқанға жiбердiм. Ол кезде Сен «Әдебиет және искусство» журналының (қазiргi «Жұлдыз») бас редакторы едiң. Мұқанның ұсынуымен ол очерктi журналдың 1955 жылғы екi нөмiрiне басып шығардың.

Екеумiздiң таныстығымыз да, достығымыз да осы очерктен басталды.»

Осылай тебірене келіп мынадай жолдарды жосылтқан: «Кейiн Мұқан бауырында болған сол төртеудiң және басқа кейбiреулерiнiң iшiнен Сен екеумiздiң ғана достығымызды тот басқан жоқ. Бәлкiм, бұл қасиеттi ана өсиетiнiң күшiнен шығар. Досқа адалдық Ана сүтiмен өз бойыңа сiңген қасиет болар. Сондықтан да Сен үлкен-үлкен қызметте жүргенде де, атағың өсiп, академик болғанда да, менi ылғи жаныңа жақын тартып жүрдiң. Қуана көрiсiп, ыстық сәлемдесетiн едiк. Тiптi, көрген жерде құшақтасып, сүйiсiп те қалатынбыз. Сен жалғыз менiмен ғана емес, барлық достарыңмен солай қауышатынсың.»

Осылайша тебіреніп алған Әзағаң Зекеңнің шығармашылығына да өз бағасын бере кетуді ұмытпаған: «Қазақ әдебиетiнiң бұрынғы қабырғалы кейiпкерлерi малшы, егiншi, көмiршi, балықшы, мақташы болып келушi едi. Сен қазақ әдебиетiне мұнайшы деген жаңа кейiпкер кiргiздiң. («Ұшқын», «Жалын» романдары). Сол жаңа кейiпкерлерiң арқылы елдiң ендiгi экономикалық негiзi мұнай екенiн паш еттiң. Сенiң жазушылық, ғалымдық осы көрегендiгiң Қазақстан тәуелсiз мемлекет болған тұста ерекше айқын танылып отыр. Сенiң сол жаңа кейiпкерлерiң халқымызды байытып жатыр.»

Енді бір жерінде былайша еміренеді: «...Сен «Менiң Әуезовiм» деген роман жарияладың. Бұл сенiң 70 жасқа толу қарсаңың едi. Жетпiс жылдығыңды Сен осындай ұлы адам жайындағы ұлы еңбекпен қарсы алдың. Мұхаң Сенi «Менiң шәкiртiм» деп мақтаса, Сен: «Менiң Әуезовiм» деп шаттандың. Мақтану да, шаттану да өте орынды едi.

Ол романыңды оқығаннан кейiн мен Өзiңе қысқа ғана хат жазып, Халимадан берiп жiбердiм. Пiкiрiмдi айттым. Сен разы болдың. Сол күндерде газеттерде Сенiң 70 жылдығың туралы материалдар iшiне, ортасынан ойып, көрнектi етiп, Шыңғыс Айтматов екеумiздiң хатымызды бергiздiң. Мен пiкiрiмнiң Өзiңе ұнағанына, оның үстiне ұлы Шыңғыстың хатымен қатарластыра бергiзгенiңе қатты қуандым.

Той өткеннен кейiн бiр күнi менiң сүйiктi келiнiм Сәуле екеуiң ойда жоқта бiздiң үйге кiрiп келдiңдер. Менiң иығыма тамаша шапан жауып, қолыма «Менiң Әуезовiм» кiтабының бiр данасын ұстаттыңдар. Оған Өзiңнiң маржандай жазуыңмен мынадай сөздер жазылған екен: «Ардақты Әзагаң мен сүйiктi Халима апайға! Шын жүректен, ақ тiлекпен – Зейнолла Қабдолов. 30.01.1998 Айт күнi...»

Әзағаның Зекеңді қалай бағалағаны мына бір жолдардан да айқын аңғарылып тұр-ау: «Қош, халықтың ар-ожданы, ұяты мен намысы! Қош, ғасырдың кемеңгер тұлғасы, көркем сөздiң Гомерi, шешендiктiң Цицероны, ақылдың Платоны! Қош!»

«ҒАСЫРДЫҢ КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒАСЫ, КӨРКЕМ СӨЗДIҢ ГОМЕРI, ШЕШЕНДIКТIҢ ЦИЦЕРОНЫ, АҚЫЛДЫҢ ПЛАТОНЫ!» Міне, қаламгерге бұдан артық қандай баға болуы мүмкін!

Академик Зейнолла Қабдолов – ғасырдың біртуар перзенті, сұңғыла суреткер, тегеурінді теоретик, қарымды қаламгер. Зекеңнің поэзиялық тілмен жазылған теориялық еңбектері, мыңдаған оқырмандарды тебіренткен романдары ғасырдан ғасырға тоқтаусыз жете бермек. Саңлақ суреткердің туындылары – ғасыр олжасы, адамзаттың байлығы.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН, «Әділет БАҚ медиа» газеті