Интернеттегі иірім немесе сайтан иектеген сайттарға тыйым бола ма?
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, ала ауыздық әлі тумаған бір заманда, табиғаттың әр мүшесі аманда «аналардың анасы» Жер- Ана өмір сүрген екен. Ол кіршіксіз таза, мейірімді, шексіз, шетсіз айбат болған деседі. Ол шапағатының нұрын шашып, сан алуан өсімдік түрлерін, жан- жануарларды жаратады. Аспан әлеміндегі ең әдемі, ең әсем тіршілік иелері осы Жер- Ананың баурайында дүниеге келіп, баршаның таңдайын қақтырады. Ал күндердің бір күнінде құдіретті Жер- Ана Ұлы Тәңірдің бұйрығымен ең ақылды жүрек иесі – Адамды жаратқан екен. Бар мейірімін төгіп, Жер- Ана баласы – Адамға отты да жағуды үйретті, зәулім сарайлар салып, ғажайып жетістіктерге жеткізді. Тіпті, барлық тіршілік иелері Адамның алдында бас иетін болды. Ана жүрегі, шіркін, баласынан нені аясын? Ұрпағы – Адам бақытты болсын деп Жер- Ана аспанмен астасқан асқар тауларын, мөлдір ауасын, ұшы- қиыры жоқ телегей теңізін, жымың қаққан жұлдызды аспанын – бәрін де сыйға тартты.
Ей, пенде- ай! Үстіңе аспаннан қара тас жауса да былқ етпедің- ау. Сонда басыңа түскен бес елі бақты да көтере алмай, даңғойсыңғаның ба? Әлде Жер- ананы жылатып, жүрегін сыздатқан кешегі алғаш жаратылған пенделер емес, «жүзіне жел тимеген», бүгінгі ХХІ ғасыр ұрпағы – мына біздер ме?
Күн демей, түн демей, тура бір көр қазған адамдай жерді қойнауына дейін ақтарып, теңізін ластап, атом бомбасын жарып, Жер- Анаға не көрсетпедік біз? «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» дейді. Қабағы түйіліп, еңсесін зіл басқан, қайраты тайып, қажыған Жер- Ананың, әттең, тілі жоқ. Әйтпесе, өзінен нәр алған, өзі асырап жеткізген адамды бір сыбап та алар ма еді, кім білсін?!
Соңғы кездері жер тұрғындарын әсте әлі күнге дейін естіп көрмеген, сұмдық бір дыбыс мазалап жүр. Бірде ол темір пластинкалардың ызыңына ұқсаса, бірде реактивті қозғалтқыштың гүріліне, ал кейде жүйткіген пойыз дыбысына ұқсайды дейді естушілер.
2011 жылдан бері естіліп келе жатқан жан түршіктіретін бұл суық дыбыс әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың зәресін алуда. Ең соңғы рет Украина астанасы – Киев қаласында таңнан қара кешке дейін сықырлаған дыбыстар шыққан. Тіпті, қорыққан тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп, әлем көрсін дегендей, әлемдік желіге орналастырыпты. Ал жергілікті полициялар мұның себебін анықтай алмай дау. Тылсым дыбыс Лондон, Нью- Йорк, Нью- Мексико, Мәскеу және Жапония елінің қалаларында анықталған. Ал Испания мен Англияның Вудленд қалашығынан шыққан дыбыс 20 есе жоғары жылдамдықпен гуілдеп, ауада «діріл» (вибрация) тудырған деседі.
Сонда әр уақытта әлемнің әр қаласын «аралап жүрген» бұл сорақы дыбыс қайдан пайда болды? Естігеннің бәрі тура жер астынан шыққандай дейді. Бәлкім, бұл кеудесі қуыс қалған даланың кәрі әрі шұрық- шұрық тесілген көксау көкірегінен шығып жатқан ащы арыз болар. Қабырғасы қайысқан бейкүнә Жер- Ана мұңын осылай шағып жатқан шығар. Әлде әбден күрсінген, шарасыз, тілсіз Жер- Ананың сыздаған жүрек үні ме?
Бүгінде толық зерттелмеген бұл «балғын» айналманың себебі қандай, салдары қаншалықты? Естіген адам сезіп, секем алатындай бұл нәзік әрі кірпияз мәселені бір кісідей зерттеп көрелік.
Ғалымдар не дейді? Ғаламшарды жатсынбай, жатырқамай кезіп жүрген мазасыз «жер сықырын» әлемдегі ең үздік деген Ресей, Дания, Франция, АҚШ, Ұлыбритания ғалымдары зерттеуде. Зерттеу қорытындысы бойынша, бар мәселенің өзегі - Жер ғаламшарының оңтүстік және солтүстік магнит өрістерінің жылжуы, орын ауыстыруға талпынысы. Яғни, егер екі магнитті полюс орнын түбегейлі ауыстыратын болса, бізді, жер тұрғындарын, ғаламат қайғылы өзгерістер күтеді. Бұл екі полюс шамамен 300 жыл бұрын қозғалысты бастаған. Жылдан- жылға олардың жылдамдығы артып келеді. Мәселен, 1970- ші жылдары жылына 10 км жылжыған магнит полюстері қазір жылына 65 км өзгеріс жасайды. Жердің магнитті полюстері географиялық полюспен сәйкес емес. Олардың арасында 10 градусты құрайтын бұрыш бар, яки 430 км.
Ал магнитті өрістердің тығыздығының төмендеуі Күн сәулесінің жер бетіне өте көп мөлшерде түсуіне алып келді. Кейбір ғалымдар тобы күн сәулесінің әсерінен жерде «гуілдеген» дыбыстар пайда болды дейді. Болжам бойынша, 2013- 2014 жылдары күн сәулесінің циклы өзінің ең жоғары түсу дәрежесіне жетпек.
Сорақы дыбыстардың тағы бір себебі – жер ядросына байланысты. «Шуман жиілігі» деген теория бойынша 7,83 Гц (герц) жиілікпен жерден толқындар шығады. Яки, Жер ритмы – «жер жүрегінің соғысы». Осы жиілікке байланысты әскери қызметкерлердің құрылғылары жұмыс істейтін еді. Ал 2000 жылы бұл жиілік 12 Гц- ке жетті. Қазір жер «сықыры» естілген сәттері, тіпті, компас жұмыс істемей қалады екен. Болжам бойынша, жер жиілігі 13 Гц- ке жеткенде магнитті полюстер орын ауыстырады. Ал мұның соңы неге әкелмек?
Марс ғаламшарында магнитті полюс апатқа ұшырағанда атмосфера жойылды. Ал жер бетіндегі Атлантиданың жойылуы да магнитті полюстің орын ауыстыруына байланысты еді. Ендеше бізді болашақта не күтеді? Болашақ дейміз- ау, магнитті полюстердің орын ауыстыруына қанша уақыт қалды? Біз, Жер планетасының тұрғындары, Жер- Ананы құтқаруға үлгере алар ма екенбіз? Осы күнге дейін ғалымдар бұл процесті неге болжай алмады?
Біз бүкіл ғаламшар болып басымызды тауға, тасқа да ұрып, мәселенің шешімін таппай жатқанда, қаншама ғасырлар, мыңжылдықтар бұрын қасиетті Құран Кәрімде бәрі де ескертіліп жазылып қойған екен. Бұл күнді Жаратушы «алғашқы сұр үрленген күн» дейді. Яғни, ол күні адамдар қайдан шығып жатқаны белгісіз, қорқынышты, өзгеше қатты дауысты естиді, бар әлемді қамтыған зор дауыстан дүниенің бәрі дірілдеп кетеді делінген. «Ал енді қатты дауыс келген сәтте, сол күні, кісі туысынан қашады. Шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан. Ол күні әркімнің ісі ауыр (Әркім өз халімен әлек)» («Абәсә» сүресі, 33-37-аяттар). Соңғы кездері мазалап жүрген қорқынышты дыбыстар «алғашқы сұр үрленген» күнгі дыбыстың бір бөлшегі шығар, яғни, жаратушы жер бетіндегі құлдарын алдын ала ескертіп жатқан болар? Ал мұның себебі неде? Адамдар осындай сұмдық күнді көретіндей не жазды, нені ұмытты? Діни көзқарастар тұрмақ, жылдар бойы зерттеген ғалымдардың өзі мұның себебін қасиетті жерімізде қасиетсіз пенделердің көбеюімен байланыстырады. Зорлық- зомбылық, алдау- арбау, екіжүзділік, жамандық атаулы жер бетінде күннен күнге өрістеп тұр. Бәлкім, күлімдеген күн де, жұлдызды аспан да, самал жел де, қасиетті жер де, құдіретті Тәңір де аталмыш жат қылықтардан шаршаған болар? Ей, адамдар, 5 күндік бұл жарық дүниеде бір- біріңді шалып, өзгенің сүрінгенін көргеннен жаның рахат таба ма? Өз шылбырымызға өзіміз шалынғанша, өзгеге өлім тілегенше, өзімізге өмір тілеп, мейірім шашып өмір сүруге әлде кедергі бар ма?
Су бүріккеннің орнына жел қойып жатқан адамзатқа тілсіз Жер жүрегі сықырлап, бізді ескертіп жатқан жоқ па? «Көлдің тақырға айналғаны оңай» деген екен Шерхан Мұртаза. Ендеше, жерді тақырға айналдыру немесе керісінше, яки бау- бақшалы мекенге айналдыру өз қолымызда. Құдіретті Тәңір һәм табиғат бізге ескерту жасаса, аз да болсын әлі де мүмкіндік бар деп түсінемін. Ертегінің соңын аяқтау, сіздің еншіңізде, құрметті оқырман, яки адамзат қауымының өкілдері!
Сымбат МОЛДАТАЙ, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің студенті, «Астана ақшамы» газеті

