Мін және мінез немесе комплекс дегеніміз не?
Мінсіз адам жоқ, болмайды да. Сүреңі өзгерген, күйкі мен күйреңі көп заманда балдай тәтті «бала арманға», мақсат- мұратқа мінсіз жеттік пе деп бір сәт ойланып көрейікші. Әлде шабан тірлік қамытын киіп, өз кемшіліктерімізді де байқамай жүрміз бе? Сонда кемшілік дегеніміз не?
Кемшілік яки ғылыми тілмен айтқанда «комплекс» керекті керемет пе, әлде керексіз кесел ме? Ғылымға сүйенсек, қазір екінің бірі, егіздің сыңарында комплекс бар. Ал адамдар неліктен комплекске тап болады? Оның себебі қандай, салдары қаншалықты? Хаттап- шотталған тарихи деректерге, ғылыми дәлелдемелерге көз жүгіртсек.
Алғаш ғылыми айналымға, яки психоанализ атты күрделі, күрмеулі ғылым саласына «комплекс» терминін швейцар психиатры Карл Густав Юнг енгізген екен. Латын тіліндегі баламасы «байланыс, қиюласу, үйлесу» мағынасын білдіреді. Бүгінде бұл сөзді естісек болды, көз алдымызға тау болып үйілген көде- көде кемшіліктер елестейді. Комплекс кейде әр адамның өзі жорыта ойлаған «жанды жері» сияқты, себебі ол туралы сөз қозғасаң болғаны, ашу мен ренішке тап боласың.
Ақын Ұлықбек Есдәулет «Табаныңның тайғақтығын - жалтыр мұзға жаппағын» деген екен. Сонда адам бойында комплекстердің болу, болмауы өзіне байланысты болса керек. Психологтардың зерттеуінше, бұл кеселдің пайда болу себебі тым тереңде.
Он сегіз жастағы баласына көңілі толмаған ана бірде көпті көрген кейуанадан ақыл сұрапты- мыс. Сонда көреген кейуана «Сен балаңның тәрбиесі жөнінде білу үшін маған он сегіз жыл, 9 ай бұрын келуің керек еді» деп жауап қатыпты. Бұл – еврей деген ұлттың аңызы. Яғни, бала тәрбиесі яки әрбір адамның тәрбиесі – тал бесіктен. Сол секілді «комплекс» атты кесел де бала кезден пайда болатын дерт екен. Мәселен, «мінсіз ата- ананың» баласы әлсіз, әлжуаз болып өседі. Себебі «жақсы» болсын деген ата- ана баласының орнына барлық нәрсені өзі істеп, кері тәрбие бергенін байқамай қалады екен. Содан белбеуі бос, «жүзіне жел тимеген» тым әлсіз, бойындағы комплексі басынан асатын қоғам мүшесі пайда болады. Ал отбасында рет саны бойынша нешінші болып туылу да баланың болашағын шешуге әсер етеді екен. Американдықтар президенттерін зерттеп, отбасының үлкені немесе жалғыз ұлы көбінесе осы мәртебеге жететінін дәлелдегелі қай заман. Яғни, үйдің үлкені – биліктің биік дәрежесінде жүретіндер. Ал кенже бала болса, көбіне- көп еркетотай, тағы да әлсіз, қиыншылыққа төзе алмайтын болып өседі екен. Бұл бұл ма, ең қиыны – ортаншы бала тағдыры. Ол «үміт артылған» үлкені де, еркелеткен кенжесі де емес, былайша айтқанда, «байқалмай жүре беретін» тұлға. Міне, комплекстің түп- төркіні қайда жатыр. Бұл – көп жылдар бойғы психологтар тұжырымы.
«Судың да сұрауы бар» дегендей, комплекстің де түр- түрі бар. Олардың негізгі түрлеріне тоқталсақ:
1) Өз- өзіне сенімсіздік комплексі. Жер шарын мекендейтін 7 миллиард тұрғынның басым көпшілігі өзіне сенімсіздік, өз- өзін кемсіту сияқты комплекстерден зардап шегеді.
2) Дон Кихот комплексі. Сүйіктісінің бойына барлық ғажайып қасиеттерді жинақтап, оған табынатын ер- азаматтар комплексі. Сервантестің испан сарбазы туралы жазған, талай философиялық ойларға түрткі болған әйгілі романы есіңізде болар. Міне, сол романның негізгі кейіпкері, тұла бойын комплекс жеңген Дон Кихот – осы дерттің нақ мысалы.
3) Дон Жуан комплексі. Бойындағы комплекстерді жеңіп, әлемдегі ең мықты ер- азамат атану комплексі. Көбінесе, бұл кемшіліктің түп- төркіні «жауапсыз махаббат» екені – дәлелденген ақиқат
4) Ғажайыптар әлеміндегі Алиса комплексі. «Ақ боз ат мінген ардақты ханзадасын» өмір бойы күткен аруларға тән комплекс. Бұл - көбіне- көп өзін өзгелерден биік санайтын, қиял әлемінде өмір сүретін арулар дерті.
«Айтпасаң, сөздің атасы өледі» дейді. Комплекстің түрлері жетерлік екен, ал біз соның негізгілеріне, сүт бетіндегі қаймақтарына тоқталдық. Комплекссіз адам болмайды деп едік, өз бойыңыздан осы тектес әлде бір қасиет таба алдыңыз ба?
Бұл аталған комплекстер сөзсіз адамды жарға жығары анық. «Комплексті түп- тамырымен жоюдың түкке де қажеті жоқ. Ол жаратылыстың бір бөлшегі, сондықтан керісінше, комплекспен достасып, оның жақсы қырын пайдалануға тиіспіз» деген екен неміс психологы Зигмунд Фрейд. Олай болса, найзағайға нан пісіріп, жұмыртқадан жүн қырыққан мына біз кеселден де пайда тауып көрелік.
Көне грек фәлсафашыларының дерегінше, мемлекеттің ең ардақты мүшелері шешендер яки ораторлар болған. Ең сыйлы мамандық – шешендік болса, көне Грекияда шешендер ішіндегі ең сыйлысы Демосфен болғаны хақ. Ал сол Демофсен балалық шағында тілінің мүкістігінен көп зардап шеккенін білесіз бе? Жан жігерін жанып, күресіп, аузына ұсақ тастар салып сөйлеген грек ғалымы ақыр соңында дертті жеңді, тарихта қалды. Ал әйгілі әскербасы Суворов балалық шағында өте әлсіз, аурушаң болыпты. Ол да ерік- жігерін жонып, ақыры ел сенгісіз шымыр бола білді. Сол секілді қатарынан төрт рет сайланған Американың 32- президенті Франклин Делано Рузвельт те – еңбек пен ұмтылыстың жарқын мысалы. Өмір бойы мүгедектер арбасында отырса да, рухын түсірмеген президент депрессия дертін жеңіп қана қоймай, халқын әлемдегі көшбасшы державаға айналдырды.
Бұл, әрине, екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерліктер мысалы. Және бұл жетістіктер тек комплекстің арқасында келді демейміз, алайда психологтар осындай кемшіліктер адамның найзағайлы намысын түртеді дейді. Немесе «бөрі арықтығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтыптың» нақ өзі.
Комплекс корректордың қызметін бойы кішкентай болып туылғандарға да атқарады. «Мен кішкентай, бірақ үлкен адаммын» деген екен әйгілі француз императоры Наполеон Бонапарт. Психологтар кішкентай адамдардың ұзын адамдарға қарағанда әлдеқайда агрессивті болатынын айтады. Өзін өзгелерден төмен санаған Наполеон «үлкен болуға» әрқашан ұмтылған. Сонда бойының кішкентай болуы кемшілік пе әлде «ұлы» комплекс пе? Қалай болғанда да, бойы небәрі 151 см (кей деректерде 157 см) болған император ел басқарды, еліне талай ұлы жеңістер сыйлады, тарихта қалды. Императордың осындай ерлігін естіген Чарли Чаплин, Ұлы Фридрих патша, Вольфганг Амадей Моцарт сынды кішкентай адамдар да биіктегісі келді, тарих ережесін жалғастырды.
Бұл тізімді Александр Македонский (150 см), Муссолини (160 см), Гитлер (165 см), Ленин (164 см), Сталин (162 см), Хрущев (166 см), Д. Медведев (162 см), В. Путин (170 см) сияқты тұлғалар жалғастырды.
Ал Голливудтағы ең танымал жұлдыздардың бірі Жан Клод Ван Даммның бойы – 172 см. Бұл «Голливуд жұлдызы» атану үшін тым аз көрсеткіш. Кезінде продюсерлердің көліктерінің жанында тұрып, артынан жүгірген жас бала ерік- жігерінің арқасында танымал жұлдызға айналды.
«Адам алысқа қараймын деп, жақындағысын көрмейді» деген сөз бар. Яғни, кей сәтте қиялға берілгенше, өз бойымыздағы қасиетке тәубе деп, армандарды іске асыруға болады, мейлі, сен кішкентай бол, мейлі сырт келбетің сенің ойыңдағыдай сұлу болмаса да. «Комплекссіз адам ешкімге де қызық емес» депті орыс жазушысы Виктория Токарева. Сонда комплекс керек пе әлде одан арылу керек пе? Бұл сұраққа әркім өзі жауап береді. Қалай болғанда да, аталған «комплекстің» мысалдары талай бесікке сыйып, есікке сыймай жүргендерге сабақ болары хақ.
Қызықты фактілер:
- Кішкентай адамдар бойын ұзарту үшін, яки комплекстен арылу үшін биік өкшелі аяқ киімдерді арнайы дайындатады екен. Мысалы, Франция президенті Николя Саркози (168 см) өз бойын 9 см- ге көтеретін арнайы аяқ киім киеді.
- Әлемдегі ең кішкентай президент – 1861- 72 жж Мексиканы билеген Бенито Хуарес, бойының ұзындығы – 135 см.
- Француз жазушысы Ги де Мопассан елінің мақтанышы – Эйфель мұнарасын көрсе, күрсінетін көрінеді. Сондықтан ол күнделікті осы мұнараның мейрамханасынан тамақтанады екен. Бұл әрекетін жазушы мұнара көрінбейтін жалғыз жер – мұнараның іші деп түсіндіреді екен.
- 1860 ж Париж ханымы Кора Перл терісінің ақтығын көрсету үшін, тісін аздап сары түске бояған.
- Ағылшын патшасы ҮІ Георг тілінің мүкістігін білдірмеу үшін халыққа жолдауын арнайы қызметшілеріне жаздыртқан.
- Америкалық актер Стивен Сигал уланып қалудан қорқады. Сондықтан ол әр ыдыс пен тамақты өзі тексереді екен. Ал мейрамханаларға өз ыдыстарын ала келеді екен.
- Юлий Цезарь басы таз болғандықтан, лавр жапырағынан жасалған десте киген.
PS: Айтпақшы, мақала жазу барысында өз халқымыздан да «кемшілігімен» күресіп, жеңген адамды іздедік... Шіркін, қазақ деген бір мінсіз халық қой!
Сымбат МОЛДАТАЙ, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті
«Айқын» газеті
Сұрақ Жауап

