Қазақ. Тек орыстекті... Несі бар?

Қазір саясат сахнасында «казахи русского происхождения» немесе «казахские русские» деген жаңа термин пайда болды. Бұл ұғымды әркім әрқалай қабылдап та жатыр. Негізінен алғанда, елімізді мекен етіп отырған 16 миллион адамның бәрі, егер өз болашағын Қазақстанмен байланыстыра өмір сүретін болса, онда олардың бәрі қазақ болып табылады.

Орыстар өздерін «қазақпыз» деуден қашып отырған жоқ. Бүгінде Қазақстандағы ең үлкен диаспора болып саналатын орыс халқының өкілдері мемлекеттік тілді мейлінше жақсы меңгеріп жатыр. Көптеген орыс ұлтының өкілдері Қазақстанның жетекші телеарналарында жұмыс істейді.

Қазақтың тілін білетін, салт-дәстүрін сыйлайтын, мәдениетін құрмет тұтатын азаматтарды «қазақ емессің» деп кеудесінен итеру дұрыс па?

Бүгінгі таңда қазақ еліне адал қызмет етіп, осы елмен бірге көгеріп көктегісі келетін орыстар аз емес. Оларды қазақ та бауырға тартып, «Өзіміздің орыстар» деп атайды. Кейбіреулер оларды «төртінші жүзге» жатқызады...

Қалай болғанда да орыс текті қазақтар өз ортамызда жүр. Өмір сүріп отыр. Елден де, тілден де безіп отырған жоқ. Ендеше олардың қазақпен бірдей тең құқыққа ие болуына неге қарсы болады кей біреулер. Конституция бойынша Қазақстан азаматтарының құқықтары бірдей. Олай болса, орыс текті қазақтардың да толыққанды азамат ретінде сезінуіне, елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени өміріне белсене араласуына ешқандай бөгет болмауы тиіс.

Орыстекті қазақтар тарапынан мемлекеттік тілді меңгеруге деген құлшыныс жыл өткен сайын артып отыр. Бұл өте құптарлық қадам.

Біздің қазақ бұрын мұндай орыстарды «Тамыр» деп атайтын. Неге деп ойланбаппыз...

«Тамыр» деген тамыр-таныстықты білдіретін ұғым ғана емес. «Тамыр» – деген адам ағзасының ең өзекті жері. Яғни, қан-тамыр адамға қандай қажет болса, өзіне ең жақын тұтқан сырт адамды қазақ та сондай көріп, «тамыр» деп бауырына басқан.

Достық пен бауырластықтың бұдан асқан үлгісі бола ма?

Орыстекті қазақтар ортамызды толтырып отыр.

Олардың ішінде қазақ болғысы келетіндерінің бәрін «тамыр» деп өзімізге тарта беру керек. Қазақ еліне, мемлекетіне адал болса, орыстекті қазақтардың да бізбен бірігіп атқаратын істері жетерлік.

Ендеше, іске сәт, Тамыр!

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газеті



Сұрақ Жауап