Сұраудың орнына – сұрақ белгі?!.

Қазақстанда қаншама жақсы бағдарлама бар. Жап-жақсы жоспар тағы бар.

Мемлекет тарапынан соның бәріне қаражат бөлініп жатыр. Талай тірлік қолға алынған. Бәрі де жақсы. Бірақ нәтиже қалай?

Жылда жаңадан асфальт төселеді. Көшелердің өңі кіріп қалды-ау дей бергенде, асфальттың асты-үсті қопарылып, қазба жұмыстары жүргізіледі. Немесе шұңқыры жоқ жолдың бетін ойып, ойып тастайды да қырық жамау жасайды...

Қаншама су құбыры тартылады. «Ауыз су» бағдарламасы шеңберінде есеп бойынша мөлдір су ішіп отырған шығар талайлар..Алайда, мұның да арты жатқан былық. Жақында ғана Елбасы облыс әкімдеріне бұл жөнінде қатты ескерту жасады.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дейтін күретамыр жол салынып жатыр. Кей жері бітті, кей жері салынып жатыр, бірақ осының да күлбүлтесі көп. «Жол саламыз» деп тендерді жеңіп алған жолсалғыш мекемелердің не бульдозері, не табанды тракторы жоқ; бір мердігерден екіншісіне тапсырыс беріп, үшінші біреулер үстінен пайда көріп жүріп жатыр...

Қаншама тұрғын үй салынып жатыр. Көбісі сапасыз. Сырты көріксіз, іші суық. Салған үйлердің алды құлап та қалды. «Бесоба» деген бітпейтін жырға айналды. Осы жерге үй саларда құрылысшылар ойланбай ма? Неге «Бесоба»? деп...Оба – молалы жерге қойылады. Демек, салған жері әу бастан дұрыс емес. Молалы жерге үй салмайды қазақ. Соны ескеру қиын ба?!.

«Салвадор Аленьдені атып кетіпті» десе, бір кемпір: «-Әдірең қалғыр-ай, қасыбіріне күйейін» деген екен. Сол сияқты айта берсе, күйінетін нәрсе көп. Сүйіну үшін не істеу керек?

Кеңес өкіметінде «ОТК» деген болды. «Отдел технического контроля» деген. Осы техникалық контрольдің арқасында бүкіл КСРО бойынша кез келген құрылыс, кез келген жұмыс қатаң бақылауға алынатын. Бүгінде осындай мекеменің бары-жоғын білмеймін, оның функциясы «бармақ басты, көз қыстының» атында қалған тәрізді...

Бізде қаржы полициясы бар. Қаржы полициясынан бәрі де аяғын тартады. Олардың бюджет қаржысын қымқырушылармен жүргізіп жатқан күресі жалпақ жұртқа белгілі. Осы қауқарлы мекемеге тағы бір өкілетті құзыр беру керек сияқты. Ол – қаражаттың жұмсалуын тексерумен қатар, орындалған жұмыстың сапасын қадағалау. Сапаға – бақылау! Сапасыз жасалған қызмет түрлерінің кез келгені жұмысты атқарушы мекемелер мен ұйымдардың тікелй өз есебінен жүргізілуі тиіс. Сонда басталған бағдарламалардың нәтижесі болады.

Мәселен, жол салынды. Астына жылу не су құбыры төселді. Сол құбырдан бес жылға дейін бір тамшы су ағып, қайта қазатындай болса, ол жұмыстың бәрі мердігердің есебінен атқарылуы керек.

«Ауыз су» бағдарламасымен құбыр тартылды. Су ақпай қалса, не болмаса құбыр мерзімінен бұрын жарылса, жөндеу жұмыстарын салған мекеме өтейтін болсын.

Тұрғын үй тұрғызылды. Жылуы жоқ па? Сылағы түсіп қалды ма? Бәрі салған құрылыс компаниясы есебінен қайта қалыпқа келтірілуі тиіс.

Осындай қатаң бақылау жүйесі іске қосылмаса, бюджет қаржысын саламын деп бір алатын, артынан оны жөндейміз деп тағы кеңірдегін созатын мекемелер мен ұйымдардың құлқынын бітеу мүмкін емес.

Барлық деңгейдегі әкімшілік пен «Нұр Отан» сияқты жетекші партияның басты назарында сапа мәселесі болуы керек. Сонда ғана біз сан соқпаймыз.

Айттық. Жаздық.

Енді осыны ел деңгейінде қолға алуға не кедергі?!.

Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газеті



Сұрақ Жауап