Cенімсіздік синдромы

Байқап қарасаңыз, бізде бәрі дұрыс: Қазақстан жайнап тұр, қазаны қайнап тұр. Ел еңсесі көтерілген. Ел дәулеті еселенген. Көңілдер жайланған. Бірақ кей адамдар ойланған. Жаңалық ашуға емес. Елден қашуға...Бұл қалай? Біртүрлі қорқыныш бойды билейді. Айдың күннің аманында олар неге елден қашады? Қашуға не себеп? Жылы орынның астынан су шықты ма? Жоқ мұның басқа бір себебі бар ма?

Қарап отырсаңыз талайы тайып тұрыпты.

Қажыгелдинді алғашқы қаш­қынға қосыңыз, оған «Парасат» ордені берілген-ді, Премьер-ми­нистр орынтағынан түскен-ді... Қор­­қытқасын қашты ма, қорық­қа­нынан қашты ма? Сол тұстағы Қа­зақстанның ішкі істер министрі Шу­мов та аса шуылдатпай тұрып, елден қашты. Іле-шала Талапкер Иманбаев та­банын жалтыратты. Әлиевтің әлегі анау...

БТА-банкті былықтырып, мем­лекет қазынасынан миллиардтарды алып Әблязов қашты. Жиған-тер­генін екі-үш ұшаққа тиеп Храпунов қыр асты. Халық санағына бөлінген қар­жыны қымқырып Анар Мешім­баева ханым бір түнде Араб әмір­лігінен бір-ақ шықты. Тергейміз де­генді сезді ме, Бергей бірден зыт­ты...

Ә дегенде еске түсіп жатқаны осылар. Тағы кім бар еді?..

Бәрі де Қазақстан азаматы. Көп­шілігі елде тұрғанда құрмет пен алғысқа бөленген. Қазақстанға адал қызмет етемін деп ант берген. Мемлекет тарапынан орден мен медаль алған. Абыройсыз емес-ті. Билік пен бедел биігінде жүрген. Ондайлар арамызда әлі бар.

Қашып үлгермегендер қанша? Қашқысы кеп жүргендер қанша­ма?..

Өз бизнесін ақырын-ақырын Қа­зақстаннан сыртқа шығарып жат­қандар бар деп естиді жұрт. Олар­дың ойында не бар? Қашу ма? Басқа қалай түсіндіруге болады? Қит етсе шетелге қашуға не себеп? Не түрт­кі?..

Біздің шолақ ойымызға, олақ бойымызға салсақ, осының себебі мен салдарын түгелдей тап басып анықтау аса қиын. Бірақ ары ойлап, бері ойлап қазақы өлшемге салсақ, бәрінің себебі бір-ақ нәрсеге тіре­летін тәрізді. Ол не?

Сенімсіздік. Яғни бәріне ортақ диа­гноз біреу ғана сияқты.

Сенімсіздік синдромы!

Неге бізде жемқорлық көп? Не­ге тәп-тәуір мемлекет қызметінің тіз­гінін ұстап жүрген азамат тез-ақ былыққа батады? Мемлекет мүлкін талан-таражға салуға, бюджет қар­жысын қымқыруға оларды не итер­мелейді? Ең басты себеп - сенбеу. Елге сенбеу, жерге сенбеу, мемле­кетке сенбеу... Ең бастысы - өзіне сенбеу!

Кез келген мемлекеттік қыз­мет­кер «ертеңгі күнім не болады?» деп ойлайды. Биік лауазымға тағайын­далған адамның көбі беті жылтырап елге, жерге қызмет еткен болады. Алайда ішкі есебінде «ертең қай­тем?» деген сұрақты қаперінен еш шығармайды.

Әкім болған, министр болған, бас­­қа да жоғары қызмет алған аза­мат­­тардың көбі Қазақстанға ұзақ жыл бойы қызмет етемін деп ұдайы ой­­ламайды. «Ер­тең Үкімет ауысып кет­се не бо­лады?», «Әкімімізді ор­ны­нан алып тастаса қайтеміз?», «Ме­ні қашан бо­­­сатады екен?», «Бұл жерде ұзақ отырмаспын», «Ақыры кетем ғой», «Ел­дің бәрі жеп жатыр емес пе?», «Мен де мүмкіндік барда жағ­дайым­ды жасап қалайын» деген ойдың бірде-бірі басына келмеген мемле­кеттік қызметкер табылса, тап соның қойын бағуға қазір әзірмін!

Қазақстанда тек билікте, жоғары лауазымда жүргендер ғана емес, алдында мэрі бар, қолында мөрі бар, бизнес пен бюджет сияқты екі емшекті қатар емген кез келген тұлға өз өмірін, өзінің болашағын қазақ елімен байланыстырғысы келмейтіндей жағдай қалыптасты.

Бәрі де ертеңгі күнге сенбейді.

Қазақстанның келешегіне сен­бей­ді.

Қазаққа сенбейді!

Миллиардтар мен миллиондарды Қа­зақстаннан шетке алып шығу әре­кеті соның белгісі емес пе?
Шет мемлекеттерден зәулім-зәу­лім виллалар мен коттедждерді са­тып алып қою соның белгісі емес пе?

Қазақстанда қаншама жақсы оқу орындары ашылып жатса да ба­лаларын шетелде оқыту соның ны­шаны емес пе?..

Оффшор арқылы опырып ақша жа­сау соның айғағы емес пе?..

Қазақ елін қалай көркейтемін, осы мемлекетті қалай нығайтамын, қалай осы елмен бірге көгеремін, көк­теймін дегенді ойлаудың орнына, «әл­деқалай күн туса қайтемін?», «қай­т­сем жинаған байлығымды сақ­­тап қаламын?», «қашан мені түрт­­пектер екен?» деп күндіз күл­кіден, түнде ұйқыдан айырылған азаматтар қатары көбейіп барады. Осы дұрыс нәрсе ме?

Мансапқа қолы жеткен заман­дастарымыздың басты мақсаты - жеу, қымқыру мен жымқыру. Одан қалды табанын жалтарту. Қазақ­стан­нан қашу! Өз ақылы мен өз бі­ліктілігінің арқасында миллиардтық бай­лықты еншілегендер бар ма? Барлығы бюджет қаржысы арқылы байып жатқанын ел-жұрт біледі.

Бір Бергей Рысқалидың өзі

16 мил­­лиард бюджет қаржысын асап алып, арамызда жымиып жүр­гені кеше емес пе? «Мен Президент ко­­ман­дасының өкілімін, Прези­дентке адал қызмет етіп жүрмін» де­ген Вик­тор Храпуновтың құрақ ұшқан құшағын басқа басқа, зиялы қауым ұмыта қойған жоқ қой.

Бергей мен Виктор өз әрекет­те­рін жалғыз жасаған жоқ, олардың жұмысын қадағалайтын, бақылай-тын жер­гілікті органдар - облыстық, қа­лалық мәслихаттар әлі де отыр, құ­зырлы құрылымдар сол күйі тұр, мемлекеттің басқа да қадағалаушы, бақылаушы мекемелері не сонда, қалғып кеткен бе? Көз алдарында болып жатқан былықтарға бірге ортақтасу біріншіден, «командалық жүйе» дегеннің кесірі, екіншіден, әкімдердің жұмысына қоғамдық, халықтық бақылау тетігінің бол­мауы, болса да дұрыс іске қосыл­мауы­нан.

Қазір бірінші басшылар сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Айыбы болса, шетелге қашады. Олар­­дың орнына орынбасарлар, арт жақта жүргендер жауапқа тарты­лады...

Бюджетті бекітетін, орындалуын бақылайтын мәслихаттар ай қарай ма?

Қаржы саласын қадағалайтын құ­зырлы мекемелер «жау кеткен соң, қылышын боққа шабатыны қалай?».

«Жоғарымен жақсы болу» деген ұғым бар. Ол біріншіден, мемлекет басшысының көңілін табу. Екін­шіден, әкім мен министр командасы. «Командадағы» адам басшының қас-қабағын бағумен, соның көңілін табумен, соған жағынумен жүреді. Осы менің көзжұмбайлығымнан қан­шама мемлекет қаржысы желге ұшып жатыр-ау деп біреуі дабыл қақпайды. «Мынау таза масқара тірлік қой» деп бірде-біреуі үн шы­ғармайды. Неге? Өйткені «коман­дада». «Командадан шығып қалу» - өз болашағына балта шабу. «Бір командадамыз» деп жүргендердің бәрі ең бірінші кезекте Қазақстанды, оның халқын өз қызметімен, өз келешегімен байланыстыра қара­майды. Жоғарыда отырған жанның ойынан шықса болды. Басқа мақсат жоқ. Халыққа, мемлекетке пысқы­рып та қарамайды.

Осындайда өзіміз күнде жаман­дап жүрген кеңес кезеңі еске түседі. Қанша жамандасақ та онда бір жауап­кершілік деген нәрсе бар еді. Колхоздың қойы өлсе, қойшыдан бастап аудандық партия басшыла­рына дейін жауап беретін. Айдала­дағы қойшының қасында көмекші болып жүрген бір адам таяқ жесе, не бір жағдайға ұшыраса, жоғары басшылық түгел жауап беретін. Адам өмірі - басты құндылық бо­латын. Қазір не? Ашық күнде атып кету, дұрыстап амандаспаған кісіні өлтіре салу, қолында күші мен билігі бар адамның момынға, әлсізге ті­зесін батыру аз болып қалды, ауыл-ауылымен қырып кетуге дейін барып жатыр. Күні кеше ғана екі ауылдың арасында қырқыс болып, бір ауыл­дың жігіттері көрші ауылдың шал-шауқанына дейін сабап тастағанын «Астана» арнасы көрсетті. Бұл не сұм­дық!..

Ауылдың, ауданның әкімдері қай­да? Халық сайлаған мәслихат депутаттары қайда?

Қаншама келеңсіз оқиға орын алып жатыр. «Осы менің бақылау­сыздығымнан, менің жайбасар­лы­ғымнан, менің жауапсыздығымнан бол­ды» деп өз орнынан кеткен жер­гілікті әкімді көрдіңіз бе?!.
Ауылдағы дау-дамайды қа­зақ­тың жаман шалдары шешетін.

Бір-ақ ауыз сөзбен!

Қазір шал дейтін шал да қалма­ды. Олар да «Ардагерлер алқасы» деген жанға жайлы ұйым құрып ал­ған, ақыл айтып, бата бергеннен ар­тық, шапан жамылған, әкімнің қа­сынан табылғаннан артық мәселе жо­қ­тай жалпаң қағып жүр...

Қылмыс орын алса, дереу ашуға әрекет жасауға тиісті құзырлы ор­ган қызметкерлері біресе аттес­та­ция­­дан қалай өтемін деп, біресе жо­ғары шенді кісінің көңілін қалай табамын деп қарақан басымен әу­ре...

Қызметі барлар бір жақта, қоғам бір жақта...

Халық кімге сенеді?

Жалғыз Елбасыға барлық жүкті артып, қарап отыру жараса ма?

«Халыққа қызмет етемін деп емес, халықты басқарып отырмын» деп шікірейген әкімқаралар кімге сенеді?

Сенім - сағым сияқты.

Халықты басқарып жүрміз де­ген­дер мен халықтың өзінде Сенім­сіздік синдромы пайда болды. «Ер­­теңіміз қалай болады?» деп ел алаң­­даулы. «Бізді қойшы, бала-ша­ғамыз, ұрпағымыздың ертеңі не бо­лады?» деген сарыуайым Құс тұ­мауы­нан да артық қайғы болып тұр.

Елдегі татулық пен тұрақтылыққа тас лақтырып отырған жоқпыз. Бә­ріміздің тілегіміз - елдің тынышт­ы­ғы, мемлекеттің күшейгені, тәуелсіз­діктің тұрлаулы болғаны.

Әйтсе де «мұндай тәуелсіздіктен орыстың қарамағында тып-тыныш, аман-есен отырғанымыз дұрыс па еді?» деген ойды кейбіреулер айта бастапты...

«Түбінде жер-жаһанды қытай билейтін болса, ертерек соның ығы­на қарап, қолтығына кіре берсек те бол­май ма?» дейтін сумақай ой су­маңдай бастады...

Ең басты құндылық - Тәуел­сіз­дік. Оған селкеу түспеуі тиіс.

Адам ауырса, түшкіреді.

Түшкірік - «әй, сенің иммуни­те­тің на­шарлай бастады, емдел, қарал, жөн­дел» деген Алланың белгісі.

Біздің қоғамның түшкіре-түш­кіре мұрнынан су ағып, ауруы кү­шейіп аллергияға айналғанын дә­рігерлік мамандығы жоқ кез келген есі дұрыс адам сезінсе керек.

Аурудың емін табу үшін диаг­ноз­ды дәл қою керек.

Қоғамның дертін табу үшін де со­лай.

Қазіргі қазақ қоғамы «Сенім­сіздік синдромы» деген пәлеге ұшырап отыр.

Біз соны емдей аламыз ба?

Емделе аламыз ба?

Жоқ, енді ем қонбай ма?!.

Қазақстаннан қашуға емес, Қа­зақ­станның жұмысын жасауға асы­ғатын күн туа ма? Жалпы, мына ба­рысымызда ол мүмкін бе?

Жаппай жемқорлық, қаптаған коррупция, күн сайынғы қанды қыл­мыстар қашан тоқтайды?
Зорланған, қорланған, зарланған заман түзеле ме? Жауапкершілік ор­нығатын, әркім өз ісіне дербес жауап беретін күн бола ма?

Қалың ел қорқынышпен ұйқыға жа­тады. «Ертеңіміз не болады?» де­ген уайыммен таңы атады.
Күнде шығатын күн сәулесінің арасынан СЕНІМ нұры қашан сы­ғалар екен?!.

Нұртөре ЖҮСІП
№186 (2097) 4 қазан «Айқын газеті»