Мемлекеттік тілді менсінбейтін ауыл немесе аралас мектептің әлегі
«Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі!». Бұл сөзді, әсіресе, билік басындағы көкелеріміз жиі айтады. Дұрыс қой. Тәуелсіздік алғанымызға тәубе етіп, тіліміз бен ділімізді, дінімізді нығайту үшін еңбек етуіміз керек. Әйтсе де, Ақтөбе облысында ана тілінің қадірін кетіріп, балаларын мемлекеттік тілде оқытқысы келмейтін ата-аналар бар. Олардың пікірінше, қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр әрі мектептерде қазақша білім деңгейі төмен көрінеді.
Ақтөбе облысында қазір 450 мемлекеттік мектеп бар. Олардың 291-і қазақ, 34-і орыс, ал 125-сі аралас. Бұл сандар тізбегіне жаңа оқу жылында өзгертулер енгізілуі мүмкін. Ақтөбе облыстық білім басқармасы мамандарының пікірінше, өңірде Тәуелсіздік алған тұстан бері мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың қатары көбейген. Бірақ облысқа қарасты Мәртөк ауданы Бөрте ауылының тұрғындары мемлекеттік тілді «менсінбей» отыр. Бұлай деуіміздің себебі, осы ауылдағы Студент аралас мектебіндегі қазақ сыныптарында жыл санап оқушылар саны азайып барады. Мектепте білім алып жүрген 111 оқушының 18-і ғана қазақ сыныбында оқиды екен. Қазір ауылда 1-4 және 6-7 қазақ сыныптары мүлдем жоқ. Қазақ тілінде оқитын оқушы жетіспегендіктен, 5-сынып жабылу жағдайында тұр. Ал жаңа оқу жылында бірінші қазақ сыныбы ашылмай қалуы бек мүмкін.
Бөрте ауылында қазір 700-ге жуық тұрғын бар. Ауылдың әлеуметтік жағдайы қалыпты, алаңдарлық дәнеңе жоқ. Тек бөртеліктердің ана тілімізге салғырт қарайтындығы қарын аштырады. Егемендікке қол жеткізген тұста өңірде қазақ сыныптары ашылған еді, енді Тәуелсіздік тұғыры нығайған шақта «жабылып» жатыр. Мәселенің анық-қанығын білу үшін ауылға ат басын бұрғанымызда мұнда орыс тілінің мәртебесі тым биік екенін аңғардық. Ауыл әкімі Қалыбай Жұмабаев тұрғындарға қазақ тілін үйрену керектігін жиі айтатын көрінеді. Тіпті, балалардың қазақ тілін білмесе, келешекте мемлекеттік қызметке орналаса алмайтынын да айтады екен. Алайда өзгеретін дәнеңе жоқ, бөртеліктер «орыс тілдің шырмауынан» шыға алар емес.
– Тұрғындардың дені ауылдың Ресеймен шекаралас жатқанын мақтан етеді. Сол себепті де бір-бірімен ресми тілде сөйлесуге бейім. Мен қай уақытта да ауылдастарыма ана тілін қадірлеу керектігін айтамын. Тұрғындардың мемлекеттік тілді үйренулеріне мүмкіндік мол, – деді сөз барысында әкім.
Осы ретте біз ауылдың кей тұрғындарынан не себепті балаларын қазақ сыныбына оқытқысы келмейтіндіктерін сұрағанбыз. Олардың дені қазақ тілінің болашағына сенбейтіндіктерін әрі қазақ сыныбында білім деңгейінің төмендігін алға тартты. Оның үстіне, ауылда өзге ұлт өкілдері көп тұратындықтан, тұрғындар орыс тілінде сөйлеседі әрі аралас неке көп көрінеді. Ал балаларын қазақ сыныбында оқытып жүрген ата-аналар мектепке келер жылы қандай өзгерістер болады деп алаңдап отыр.
Мұнан соң біз білім ошағындағы мұғалімдермен тілдесуді жөн көрдік. Ұстаздар қауымы қазақ жерінде тұрып, ана тілімізге салғырт қарайтын тұрғындардың қылықтарына наразылықтарын білдірді. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Шәукеева:
– Қазақ сыныбында оқитын балалардың сабақ үлгерімдері жақсы. Алайда тұрғындар өздері қазақ бола тұра, балаларын орыс сыныбына оқытуға құмар. Біз ата-аналарға мемлекеттік тілдің болашағы барын айтқанымызбен құлақ асар емес, – дейді. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Жәкенова: «Биыл 1-сыныпқа баратын қызымды қазақ сыныбына бергім келеді. Бірақ мектебіміз аралас мектеп болғандықтан, қазақ сыныптары аз. Биылғы жаңа оқу жылына он бір оқушы қабылданады. Барлығы қазақтың қарадомалағы болғанымен, төртеуі ғана қазақ сыныбына барғалы отыр. Қалған 7 бала орыс сыныбында оқымақ. Енді жаңа оқу жылында төрт баламен 1 қазақ сыныбы ашылса игі. Өйткені, сыныпқа қабылданар бала саны кемінде бесеу болуы керек».
Білім ордасынан байқағанымыз, мұнда білім алатын өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде сайрап тұр. Тұрғындардың аралас неке дегені «сылтау» емес. Тіпті осы мектептің түлектері қазір мемлекеттік тілде Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орындарында оқиды немесе қызмет етеді. Сөзімізді дәлелдеу үшін, осы мектептің түлегі Артем Фомичевтің жетістіктеріне тоқталуды жөн көрдік. Артем Абайдың 60-қа жуық өлеңін жатқа біледі. Мектеп қабырғасында жүріп бірнеше байқауларға қатысса, кейін Алматыда «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» атты республикалық байқауда 1-орынды, Астанада болған қорытынды турда сертификатқа қол жеткізді.
Аудандық білім бөлімінің бастығы Асқар Қилыбаев қазір тұрғындарға мектеп әкімшілігі қазақ сыныптарына балаларын берсін деген үгіт-насихат жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтады. «Ауылдағы тұрғындардың көпшілігі өзге ұлт өкілдері болғандықтан, балаларын қазақ сыныптарына бермейді. Аудандық білім бөлімінің тарапынан ауылдағы қазақтілді сыныптарды жабу туралы бұйрық шығарылған жоқ. «Білім туралы» Заңның 2-тарау 9-бабына сәйкес әрбір ата-ана баласын қалаған тілде мектепке оқуға береді», – дейді.
Бөрте ауылдық округінің әкімі де, мектеп мұғалімдері де ана тілдің қадірін қайткен күнде де арттыру керек деп талпынып жатырмыз дегенімен, қараша халық қазақтілді білімнің жүйесіне күмәнмен қарайды. Бұған кімді кінәлайсыз енді?!
«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде!», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» дейміз ғой, алайда Ақтөбе облысы Бөрте ауылы тұрғындарының мына қылығын көргенде «бұл түрімізбен қалай қазақ боламыз?!», – дейсіз лажсыз...
Айгүл ЖҰБАНЫШ, «Жас қазақ» газеті
Сіз не дейсіз?
Гүлжан Құлыбекқызы, Ақтөбе облысы білім басқармасының бас маманы:
Осы оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде 114 487 оқушы білім алса, соның 85 379-ы қазақ сыныптарында оқыды. Айта кету керек, бұл құрамда тек қазақтың ғана емес, өзге ұлттың да балалары бар.
Бөрте ауылына келетін болсақ, ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, әрбір ата-ана баласын қай тілдегі сыныпқа оқытса да өз еркі. Біз ата-ананы баланы қазақ тіліндегі сыныпқа немесе орыс тіліндегі сыныпқа оқыт деп «күштеуге» тиісті емеспіз. Бөрте ауылындағы Студент мектебіндегі оқушылардың тек орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде де білім алуына жағдай жасалып отыр. Қазақ сыныбында оқушылар саны азайғанымен, мектеп таза орыс тіліне өзгертіліп немесе қазақ сыныптары толығымен жабылмайды. Бәлкім, жаңа оқу жылына дейін қазақ сыныбында оқитын оқушылар қатары көбейер. Мектеп аралас тілді мектеп болып қалады.
Сұрақ Жауап

