Дүниені дірілдеткен дыбыс

Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, алауыздық әлі тумаған бір заманда, табиғаттың әр мүшесі аманда «аналардың анасы» - Жер-Ана өмір сүрген екен. Ол кіршіксіз таза, мейірімді, шексіз, шетсіз абат болған деседі. Ол шапағатының нұрын шашып, сан алуан өсімдік түрлерін, жан-жануарларды жаратады. Аспан әлеміндегі ең әдемі, ең әсем тіршілік иелері осы Жер-Ананың баурайында дүниеге келіп, баршаның таңдайын қақтырады.

Ал күндердің бір күнінде құдіретті Жер-Ана Ұлы Тәңірдің бұйрығымен ең ақылды жүрек иесі - Адамды жаратқан екен. Бар мейірімін төгіп, Жер-Ана баласы - Адамға отты да жағуды үйретті, зәулім сарайлар салып, ғажайып жетістіктерге жеткізді. Тіпті барлық тіршілік иелері Адамның алдында бас иетін болды. Ана жүрегі, шіркін, баласынан нені аясын? Ұрпағы - Адам бақытты болсын деп Жер-Ана аспанмен астасқан асқар тауларын, мөлдір ауасын, ұшы-қиыры жоқ телегей теңізін, жымың қаққан жұлдызды аспанын - бәрін де сыйға тартты.

Ей, пенде-ай! Үстіңе аспан­нан қара тас жауса да былқ етпедің-ау. Сонда басыңа түскен бес елі бақты да көтере алмай, даң­ғойсынғаның ба? Әлде Жер-Ананы жылатып, жүрегін сыз­датқан кешегі алғаш жаратылған пенделер емес, «жүзіне жел ти­меген», бүгінгі ХХІ ғасыр ұрпағы - мына біздер ме?

Күн демей, түн демей, тура бір көр қазған адамдай жерді қойнауына дейін ақтарып, теңі­зін ластап, атом бомбасын жа­рып, Жер-Анаға не көрсетпедік біз? «Адамдардың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың мұны айтуға тілі жоқ» дейді. Қабағы түйіліп, еңсесін зіл басқан, қайраты тайып, қажыған Жер-Ананың, әттең, тілі жоқ. Әйтпесе, өзінен нәр алған, өзі асырап, жеткізген адамды бір сыбап та алар ма еді, кім білсін?!

 

Жұмыр жердің жүрегі

Соңғы кездері жер тұр­ғындарын әсте әлі күнге дейін естіп көрмеген, сұмдық бір дыбыс мазалап жүр. Бірде ол темір пластинкалардың ызыңына ұқсаса, бірде реактивті қозғалт­қыштың гүріліне, ал кейде жүйткіген пойыз дыбысына ұқсайды дейді естушілер.

2011 жылдан бері естіліп келе жатқан жан түршіктіретін бұл суық дыбыс әлемнің әр түк­піріндегі адамдардың зәресін алуда. Ең соңғы рет Украина астанасы - Киев қаласында таңнан қара кешке дейін сы­қырлаған дыбыстар шыққан. Тіпті қорыққан тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп, әлем көрсін дегендей, ғаламдық желіге орналастырыпты. Ал жергілікті полицейлер мұның себебін анықтай алмай дал болуда. Тылсым дыбыс Лондон, Нью-Йорк, Нью-Мексико, Мәскеуде және Жапонияның бірқатар қалаларында байқалған. Ал Испания мен Англияның Вудленд қалашығынан шыққан дыбыс 20 есе жоғары жыл­дам­дықпен гуілдеп, ауада «діріл» (вибрация) тудырған деседі.

Сонда әр уақытта әлемнің әр қаласын «аралап жүрген» бұл сорақы дыбыс қайдан пайда болды? Естігеннің бәрі тура жер астынан шыққандай дейді. Бәлкім, бұл кеудесі қуыс қалған даланың кәрі әрі шұрық-шұрық тесілген көксау көкірегінен шығып жатқан ащы арыз болар. Қабырғасы қайысқан бейкүнә Жер-Ана мұңын осылай шағып жатқан шығар. Әлде әбден күрсінген, шарасыз, тілсіз Жер-Ананың сыздаған жүрек үні ме?

Бүгінде толық зерттелмеген бұл құпия құбылыстың себебі қандай, салдары қаншалықты? Естіген адам сезіп, секем ала­тындай бұл нәзік әрі кірпияз мәселені бір кісідей зерттеп көрелік.

 

Сиқырлы сықырдың сыры

Ғалымдар не дейді? Ғалам­шарды жатсынбай, жатырқамай кезіп жүрген мазасыз «жер сы­қырын» әлемдегі ең үздік деген Ресей, Дания, Франция, АҚШ, Ұлыбритания ғалымдары да­мылсыз зерттеуде. Зерттеу қорытындысы бойынша, бар мәселенің өзегі - Жер ғалам­ша­рының оңтүстік және солтүстік магнит өрістерінің жылжуы, орын ауыстыруға талпынысы. Яғни егер екі магнитті полюс орнын түбегейлі ауыстыратын болса, бізді, жер тұрғындарын, ғаламат қайғылы өзгерістер кү­теді. Бұл екі полюс шамамен 300 жыл бұрын қоз­ғалысты бастаған. Жылдан-жылға олардың жыл­дамдығы артып келеді. Мәселен, 1970 жыл­дары жылына 10 ша­қырымға жылжыған магнит полюстері қазір жылына 65 шақырым өзгеріс жасайды. Жердің магнитті полюс­тері гео­графиялық полюс­пен сәйкес емес. Олардың арасында 10 градусты құрайтын бұрыш бар, яки 430 шақырым.

Ал магнитті өрістердің ты­ғыздығының төмендеуі Күн сәулесінің жер бетіне өте көп мөлшерде түсуіне алып келді. Кейбір ғалымдар тобы күн сәулесінің әсерінен жерде «гуіл­деген» дыбыстар пайда болды дейді. Болжам бойынша, 2013- 2014 жылдары күн сәулесінің циклы өзінің ең жоғары түсу дәрежесіне жетпек.

Сорақы дыбыстардың тағы бір себебі - жер ядросына бай­ланысты. «Шуман жиілігі» деген теория бойынша 7,83 гц (герц) жиілікпен жерден толқындар шығады. Яки Жер ритмі - «жер жүрегінің соғысы». Осы жиілікке байланысты әскери қызмет­керлердің құрылғылары жұмыс істейтін еді. Ал 2000 жылы бұл жиілік 12 гц-ке жетті. Қазір жер «сықыры» естілген сәттері, тіпті компас жұмыс істемей қалады екен. Болжам бойынша, жер жиі­лігі 13 гц-ке жеткенде маг­нитті полюстер орын ауыстырады. Ал мұның соңы неге әкелмек?

 

«Абәсә» сүресі не дейді?

Марс ғаламшарында магнит­ті полюс апатқа ұшырағанда, атмосфера жойылды. Ал жер бетіндегі Атлантиданың жойылуы да магнитті полюстің орын ауыс­тыруына байланысты еді. Ен­деше, бізді болашақта не күтеді? Болашақ дейміз-ау, магнитті по­люстердің орын ауыстыруына қанша уақыт қалды? Біз, Жер планетасының тұрғындары, Жер-Ананы құтқаруға үлгере алар ма екенбіз? Осы күнге дейін ғалымдар бұл процесті неге болжай алмады?

Біз бүкіл ғаламшар болып басымызды тауға да, тасқа да ұрып, мәселенің шешімін таппай жатқанда, қаншама ғасырлар, мыңжылдықтар бұрын қасиетті Құран Кәрімде бәрі де ескертіліп, жазылып қойған екен. Бұл күнді Жаратушы «алғашқы сұр үр­ленген күн» дейді. Яғни ол күні адамдар қайдан шығып жатқаны белгісіз, қорқынышты, өзгеше қатты дауысты естиді, бар әлемді қамтыған зор дауыстан дүниенің бәрі дірілдеп кетеді делінген. «Ал енді қатты дауыс келген сәтте, сол күні, кісі туысынан қашады. Шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан безінеді. Ол күні әркімнің ісі ауыр (әркім өз халімен әлек)» («Абәсә» сүресі, 33-37-аяттар).

 

Бәрі де өз қолымызда...

Соңғы кездері баршаны мазалап жүрген қорқынышты дыбыстар «алғашқы сұр үр­ленген» күнгі дыбыстың бір бөлшегі шығар, яғни Жаратушы жер бетіндегі құлдарына алдын ала ескертіп жатқан болар? Ал мұның себебі неде? Адамдар осындай сұмдық күнді көретін­дей не жазды, нені ұмытты? Діни көзқарастар тұрмақ, жылдар бойы зерттеген ғалымдардың өзі мұның себебін қасиетті же­рімізде қасиетсіз пенделердің көбеюімен байланыстырады. Зорлық-зомбылық, алдау-арбау, екі­жүзділік, жамандық атаулы жер бетінде күннен-күнге өрістеп тұр. Бәлкім, күлімдеген күн де, жұл­дызды аспан да, самал жел де, қасиетті жер де, құдіретті Тәңір де аталмыш жат қы­лықтардан шаршаған болар? Ей, адамдар, бес күндік бұл жарық дүниеде бір-біріңді ша­лып, өзгенің сүрінгенін көр­ген­нен жаның рахат таба ма? Өз шылбырымызға өзіміз ша­лынғанша, өзгеге өлім тіле­ген­ше, өзімізге өмір тілеп, мейірім шашып, өмір сүруге әлде ке­дер­гі бар ма?

Су бүріккеннің орнына жел соқтырып жатқан адамзатқа тілсіз Жер жүрегі сықырлап, бізге ескертіп жатқан жоқ па? «Көлдің тақырға айналғаны оңай» деген екен Шерхан Мұртаза. Ендеше, жерді тақырға айналдыру немесе керісінше, бау-бақшалы мекенге айналдыру өз қо­лымызда. Құ­діретті Тәңір һәм табиғат бізге ескерту жасаса, аз да болсын әлі де мүмкіндік бар деп түсінемін. Жаманат ша­қырмай, әңгі­меміз­­ді әдейі ертегіге телідік. Өйткені барлық ертегі әдетте жақсылық­пен аяқталады...

 

Сымбат Молдатай, Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университеті журналистика
және саясаттану факультетінің студенті
№186 (2097) 4 қазан «Айқын газеті»