«Жетім қозы тасбауыр...»

Әлемге әйгілі «Associated Press» агенттігінің деректері бойынша, бүгінде жастар отбасын құруға жүрексінетін көрінеді екен. Шетелдік сарапшылардың пайымдауынша, бақытты отбасылық өмірдің іргетасын қалау үшін, отау құруға талаптанған жас алдымен материалдық тұрғыдан қаматамыз етілуі тиіс.

Сондай-ақ, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кез келген мемлекеттің экономикасы қарыштап дамыған сайын сол елде азаматтық неке көбейіп, демографиялық ахуалдың әлсірейтіні дәлелденіпті.

Ал, мәселені өз елімізге бұрып әкелсек, Қазақстан Республикасының "Неке және отбасы туралы" Заңының І тарауы 1-бабының 2-тармағында отбасын құру ниетінсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын некені – жалған неке деп атап көрсеткен.

Әділет органдарының мамандары некені заңды түрде тіркеп, неке куәлігін беру керек десе, имамдар міндетті түрде некені діни жолмен қидыру керек дейді. Бүгінде ресми құжатты қажет етпей-ақ , «азаматтық неке» деген түсінікпен жұптасып күн кешушілер көбейіп келеді. Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған балалардың 22 пайызының некесіз туылуы осындай еркіндіктің нәтижесі болса керек.

Осы жолды таңдаған жас жұбайлар бірге тұрып көріп, мінезіміз үйлеспей жатса, өз жөнімізге кете береміз деп ойлайды екен. Ал, заңды түрде ерлі-зайыпты болып танылмағаннан кейін, азаматтық некедегі жұп бір-бірінің алдында жауапкершілікті мойнына алмайды.

Психологтардың айтуынша, азаматтық некеге үйірсек келетіндердің көпшілігі жеке басының қамын күйттеуден әріге аса алмайтын көрінеді. Әрі олардың одақтарының тұрақты болуы да неғайбыл, қашан айырылысып кетеді екенбіз деген үреймен жүреді. Сол себепті олар перзент сүйіп, ата-ана борышын өтеуге де құлықсыз болады.

Осы мәселе бойынша сараптама жасап көрген психолог мамандар: «Азаматтық некені жөн көрген ер адам: «Ол маған ұнайды. Бірақ, мен оған ештеңе уәде ете алмаймын. Алдын ала ескерттім, мен басы бос, еркін адаммын. Ренжіскен күні кете саламын. Әйел деген жетіп артылады емес пе?». Ал, әйел болса: «Оны қолға түсірдім ғой, қайда кетер дейсің» деген үміт жетегінде жүреді», – деп түсіндіреді.

Азаматтық некені өн бойына сіңіріп алған Батыс елдерінде әйелдер қауымы «менің еркек досым», ал, жігіттер «менің әйел досым» деген сөзді жиі қолданады. Осы үрдіс қазақ жастарының да санасына сына қағып, олардың отбасылық өмірге жауапкершілігін шектеп, жеңіл жүріске жетелеуде. Жоғары оқы орындары студенттерінің арасында да заңсыз ерлі-зайыптылық белең алып келді. Одан жастардың шалғайдағы ата-анасы бейхабар. Осыдан кейін балалар үйінде қаракөздер неге көбейіп барады деген сұраққа жауап алғандай боламыз.

Бүгінгі таңда демограф ғалымдар отбасы институтының болашағына алаңдаулы. Өйткені алдағы уақытта әлемде азаматтық некемен жұптасатындар көбеймеді деген қауіп те жоқ емес. Деректерге сүйенсек, қазір әлемдегі әрбір оныншы жұп азаматтық некеде тұрып жатыр екен. Ағылшын әлеуметтанушыларының болжамы бойынша, 2031 жылы британдықтардың жартысы азаматтық некемен «қосылмақ». Англиядағы еркектердің тең жартысы бойдақ болса, ал, оң жақта отырған салт басты әйелдер саны 28 пайыздан 49 пайызға дейін өседі деп болжануда. Нәтижесінде, некеде тұрмаған, бірақ, жұптасып өмір сүретіндер қатары екі есеге артып, 3,8 млн адамға жетпек. Қазақстанда да бұл үрдіс үзілмей, жалғаса берсе, жоғарыда көрсетілген жорамалдың бізде де орын алуы ғажап емес.

Бельгияның Брюссель қаласының сотында бір жігіт, өз анасын сотқа берді. Әңгіменің қысқасы былай: некесіз туылған бала анасынан әкесінің кім екенін сұрайды. Анасы, «әкең өліп қалған» деп жалтарыпты. Ал, баласы болса: «Онда неке куәліктерің қане, өлген болса моласы қайда, сен мені ойнастан тапқан жезөкшесің!..» – деп, туған анасын қыспаққа алады. Сөйтіп, дау соттан бір-ақ шыққан. Ақыры, некесіз ұлының қатігездігіне шыдамаған әйел өзіне-өзі қол жұмсап тынған.

АҚШ некесіз туған балаларды өз мүддесі үшін пайдаланған. 1990 жылдары басталған нарықтың салдарынан басқа елдердегідей, Моңғолияның экономикасы қатты құлдырайды. Халық ауылдан қалаға тентіреп, осы шамада дүниеге мыңдаған некесіз бала келіпті. Бұл балалардың дені Ұлан-батыр қаласының траншейлерінде өмір сүріп, ер жетеді. Қалада «траншея балалары» дейтін аты, тегі жоқ әлеуметтік топ пайда болған. Осы балаларды шетелдік «қайырымдылық» ұйымдар жиып-теріп, асырап-бағуға алып кетеді. Ақыры, 2007 жылы 1 шілдеде Ұлан-батыр қаласында бүлік шығып, компартияның ғимараты өртенді, көптеген адам қаза табады. Кейін белгілі болғандай, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру үшін сыртқы күштер баяғыда бағып-қағуға әкеткен «балаларды» пайдаланыпты.

Миллиардтар елінде де некесіз туылған балаға қатысты ұстанатын қауіпсіздік саясаты бар екен. Мысалы, «Жетімдер үйіне» әкелінген шата баланы үш ай ішінде көзі құрымаса, бастық қолма-қол қызметінен аластатылады.  Некесіз бала көбейіп кетпеуі үшін 2009 жылдың  қаңтарында шығыстағы көршіміз порнографиялық сипаттағы он мыңнан астам сайттарды жауып, соларды жүргізіп отырған 42 адамды түрмеге қамады.

Елімізде некесіз туылып, жетімдер үйінен шетелге асып кеткен  біздің қаракөздеріміз ертең өзімізге қарсы оқ ататын жауымызға айналмасына кім кепіл? Әрине, туған елі жат жұртқа сатып жіберген балада қазаққа деген аяушылық сезімі қайдан болсын...

Елгүл НҰҒМАНОВА,

«Заң газеті»