Анаға қамқорлық – ардақты парыз

Қазақтың санын көбейтіп, 20 миллионға жеткіземіз деп жар салып жүрміз. Халықтың демографиялық ахуалы туралы ойлағанда көз алдымызға алдымен әрбір отбасының қуанышына айналып отырған қара домалақтар келеді. Көп балалы аналар мен олардың балаларына мемлекет тарапынан жағдай жасау жөніндегі ұсыныс Сенатта көтерілгенде биліктегі атқа мінерлер арасында түрлі пікір туындады.

Жуырда Парламент Сенатының отырысында депутат Ғани Қасымов палатаның қарауына жаңа туған нәрестеге 2 млн теңге көлемінде жәрдемақы төлеу мәселесін енгізуді ұсынған болатын. «Бала туғаннан кейін ең алғашқы ауыр кезең бір жасқа дейінгі уақыт. Бүгінде азық-түлік бағасы, балаға арналған тағамдар мен медициналық қызмет құны бірнеше есеге артты», - деген пікірімен бөлісті ол. Халық қалауысы, сонымен қатар, жүктілік кезінде әйелдердің тиісті құжаттарды жинау үшін айлар бойы жүретініне наразылық білдірді. «Дені сау ұрпақ дүниеге әкелу үшін аналардың өзі күтім мен дұрыс тамақтануға мұқтаж. Сол себепті, мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы мәселеге қатысты өз ұсыныстарын енгізуі қажет деп есептеймін. Сондықтан, кез келген жағдайда бірінші немесе оныншы болуы маңызды емес, бала дүниеге келгенде еш кедергісіз бірреттік өтемақы алатындай жағдай жасайық. Оларға 1,5-2 млн теңге берейік», – деп мәлімдеді сенатор. «Егер өз ұрпақтарымыздың мықты әрі сау болғанын қаласақ, осыған қадам жасайық», - деп қорытты Ғ.Қасымов.

Ал, сенатор Қуаныш Айтаханов Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ананы қорғау туралы 1952 жылғы (қайта қаралған) конвенцияны қайта қарау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңын талқылау барысында «1 жасқа дейінгі бала күтіміне ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы тағайындау қажет»,-деп мәлімдеді. Сенатордың айтуынша, Елбасының саясаты арқасында елімізде ана мен балаға қамқорлық жасауға үлкен көңіл бөлінуде. Алайда, ел тәуелсіздігінің үшінші онжылдығына қадам басқан кезде, экономика қарыштап дамыған тұста ана мен балаға көңіл бөлінуі бұдан да ерекшелене түсуі керек. «Біздің жеріміз кең байтақ. Бірақ халқымыздың саны аз. Осы тұрғыдан келгенде ел тәуелсіздігіне әсер ететін басты мәселе – халық санын көбейту. Ал, халық саны ана мен балаға жағдай жасауға тікелей байланысты», – деді Қ.Айтаханов, – Ең төменгі жалақы бюджетте бекітіледі. Бұл бір жасқа дейінгі балаға берілетін орташа жәрдемақы болса игі және бұл ең кемі екі жылға дейін берілуі шарт. Жөргекпұлды да қазіргі көрсеткіштен бірнеше есеге арттырған орынды. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне ерекше қамқорлық жасап, жеңілдіктер қарастыру керек. Жас отбасыларға баспана мәселесін жеңілдетіп, несие пайызын бала туу санына қарай кемітіп отыру шарт. Сонда ғана бала туу мәселесі шешілетін болады. Жас отбасыларға арналған арнайы әлеуметтік тұрғын үй құрылысын жасап, оның өз алдына кезегі болса екен». Бұл ретте сенатор облыс әкімдерінің рейтингі ана қамқорлығы мен баланың табиғи өсіміне қатысты айқындалуы тиістігін алға тартты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова болса, депутат Ғани Қасымовтың әрбір жаңа туған сәбиге 2 миллион теңгеден беру туралы ұсынысына қарсы пікір білдірді. Министрдің айтуынша, ондай шаралар Қазақстан үшін тым артық. «Біздегімен салыстырғанда Ресейде ахуал басқа, онда демографиялық мәселе өте күрделі жағдайда. Яғни, адам өлімі туу көрсеткішінен асып кеткен. Ал, елімізде соңғы он жылда 200 мыңнан астам бала туылды. Біздің демографиялық жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Адам өлімінің саны туу көрсеткішінен асып отырған жоқ, керісінше, туу көрсеткіші өлім-жітімнен екі есеге артық»,-деді Г.Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі аналарды қолдау туралы осыдан он жыл бұрын құрылған жүйе тиісті оң жетістіктерін көрсетіп жатқанын атап өтті. «Сондықтан, біреудің тәжірибесін қайталау міндетті емес, кей жерлерде бұл мәселе қиындық тудырса, басқа жерде шұғыл шешім қабылдауды қажет етеді. Алайда, баспана және демографиялық жағдайды жақсарту мәселелері үнемі заңнама арқылы жетілдіріліп отырады», – деді министр.

Ал, демограф Мақаш Тәтімов бұл ұсыныстың кейбір тұсымен ғана келіседі екен. Еліміздегі демография төңірегінде туған даулы мәселе жайлы ғалым өз ойын былай жеткізді: «2011 жылы Қазақстанда 365 мың бала дүниеге келіп, 145 мың адам қайтыс болды. Сонда күніне 1000 бала туылып, 400-ге жуық адам қайтыс болады. Қазіргі таңда демографияда «бэби-бум» жүріп жатыр. «Бэби-бум» деген – бөбектердің санының көбеюі деген сөз. Ал, сенатор Қуаныш Айтахановтың ұсынысына келетін болсақ, толық қолдаймын. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың айтқанына байланысты пікірім, барлығына бірдей ақша төлеу артық. Үшінші, төртінші, бесінші баланы дүниеге алып келгендерге ақша беру керек. Себебі, осы балалар халқымыздың демографиясын көтереді».

Мақаш Тәтімов еліміздің демографиясын көтеру жайлы өз пікірін айта келіп: «Қазіргі таңда елімізде «Алтын алқа» белгісін 7 бала өсіргенге, «Күміс алқа» белгісін 6 бала өсіргенге береді. Енді осы деңгейді бір сатыға түсіріп, 4 бала туғандарға «Қола алқа», 5 балалы болған анаға «Күміс алқа», 6 құрсақ көтерген анаға «Алтын алқа» берілуі керек. Себебі, бүгінгі күнде 6-7 баланы дүниеге алып келетін аналар кемде-кем. Ал, көпбалалы әкелерді «Ер азамат» атты медальмен марапаттау керек», – деді.

Халықтың санын арттыру туралы халық қалаулылары білдірген ұсыныстардың шикі тұстары да баршылық. Әрине, Ғани Қасымов мырза мұндай жомарттық жасауға елімізде мұнайдан түсетін пайдаға сенім артқан шығар. Бірақ сол соманы берген күнде де өмірге келген нәрестенің бүкіл мұқтаждығын 2 миллион теңге өтей қояр ма екен? Күнделікті ауыздықпен алысып тұрған инфляцияны қосыңыз оған. Ал, 20 миллиондық межеге жеткізетін үшінші, төртінші, бесінші балаларды туатын жас отбасылардың жағдайы айтпаса да түсінікті. Баспанасыз, жұмыссыз жүрген қазақ жастарына 5-6 бала туралы айтудың өзі артық қой.

Елгүл НҰҒМАНОВА,

«Заң газеті»