Келімсектерден келер зиян көп
Бүгінде дүние жүзі бойынша мигранттар мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр. Біздің еліміз мигранттарды көп қабылдайтын ғана емес, шетелге аса көп «қонақ» жіберетін мемлекеттердің қатарында екен. Американдық Pew (“Пью”) ұйымының зерттеушілері “Халықаралық мигранттардың арасында мұсылмандарға қарағанда христиандар көп” деген қорытынды жасаған болатын. Жуырда Филадельфиядағы дiн және қоғамдық өмiр мәселелерi жөнiндегi Pew зерттеу орталығы халықаралық мигранттардың қай дiн өкiлдерi екенiн анықтау мақсатында өткiзген “Дiн және миграция” атты зерттеуiнiң нәтижесін жариялады.
Зерттеу мәлiметтерi бойынша, әлем елдері қатарында 11 орынды иеленіп тұрған Қазақстаннан шетелге кеткен мигранттар саны – 4 миллион 150 мың адамды құрайды. Мұнда 2010 жылға дейін елімізден қоныс аударған адамдардың жиынтық саны жарияланған. Олардың 2 миллион 130 мыңы (51 пайызы) – мұсылман, 560 мыңы (14 пайызы) – христиан және бiр пайызға жуығы (10 мыңдай) – иудейлер. Жалпы, қазақстандық мигранттардың 89 пайызы, яғни 3 миллион 710 мың адам Еуропаға көшiп кеткен. 350 мың адам (8 пайыз) Азия-Тынық мұхиты аймағына қоныс аударса, АҚШ-қа – 30 мың, Таяу Шығыс елдерiне 30 мың мигрант көшкен.
Нақты деректерге сүйенсек, бүгінде Ресейде 2 миллион 650 мың, Германияда – 700 мың, Украинада – 250 мың, Беларусьте – 70 мың, Қырғызстанда – 50 мың, Түркияда, Польшада және Латвияда – 10 мыңға жуық, Канадада – 10 мың қазақстандық тұрып жатыр екен.
Елімізге сырттан келіп жатқандардың да саны аз емес. Қазақстан мигрант қабылдап жатқан елдердiң арасында 15 орынды иемденiптi. Мұнда келген мигрант саны – 3 миллион 80 мың: олардың 2 миллион 650 мыңы (86 пайызы) – Еуропа мен бұрынғы Кеңес одағы елдерiнен, 430 мыңы (14 пайызы) – Азиядан келген. Қазақстандағы христиан мигранттар – барлық мигранттар санының 70 пайызы. Олардан кейiн мұсылман мигранттар тұр (15 пайыз). Зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы 2 миллион 120 мың мигрант – Ресейден, 260 мың – Украинадан, 180 мың – Өзбекстаннан, 170 мың – Германиядан, 100 мың – Қытайдан, 50 мың – Беларусьтен, 40 мыңнан – Түркиядан және Әзiрбайжаннан, 20 мың – Польшадан, 10 мың адам Тәжiкстаннан келген.
Pew орталығының зерттеу әдiсiне сәйкес, бұл сандар әр жыл бойынша емес, 2010 жылға дейiнгi әлемдегi көшi-қон процесiн тұтас қамтып көрсетедi. Зерттеуде мигранттар көп келетiн және мигранттар көп шығатын елдер қамтылған. Кейбiр елдердiң миграциялық мәлiметтерi жоқ болғандықтан зерттеуге енбеген.
Жалпы, Қазақстанға діни ағымдар миссионерлерінің қаншасы келіп, ұлтымыздың санасын улап жатқаны жөнінде нақты дерек жоқ. Ата Заңымызда мемлекетімізді «зайырлы» деп жариялағаннан кейін діннің атын жамылған келмісектер көбейгені рас. Сөйтіп қаншама қаракөздеріміздің жат ағымның жетегінде кеткені жайлы аз айтылған жоқ.
Ал, бүгінде оңтүстік астанамызды нәпақа табудың көзіне айналдырған заңсыз еңбек мигранттарының ұлттық қауіпсіздігіміз бен демографиялық жағдайымызға қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы басқармасының бастығы Ержан Оразбековтің жасаған мәлімдемесі бойынша былтырғы жылы 180 726 шетелдік азамат тіркелген. Бүгінде солардың 4 мыңнан астамы әкімшілік жазаға тартылып, 2113 мигрант елден шығарылыпты. Алайда, олардың ертең жанға жайлы, күнкөріске ыңғайлы жерге қайта келмесіне кім кепіл? Бір кездері әдемілік пен тазалықтың ортасы болған Алматыға бүгінде сырттан заңды-заңсыз жолдармен ағылатын еңбек мигранттары көп.
Соңғы мәліметтер бойынша, қалада жүрген шетел мигранттарының саны 189648 адамға жеткен. Осы тұста шетелдік келімсектер шекарадан қалайша заңсыз жолмен өтіп кетеді деген сауалдың қылаң беруі ғажап емес. Көршілес мемлекеттер мен Қазақстанның ортасындағы «күзеті қатаң, күші мығым» қақпада отырған шекарашыларымыздың бұл әрекетінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың қордаланып алғаны аян. Мысалы, Алтынорда базарын қарапайым халық бүгінде «құл базары» деп атап кеткен. Мұнда Өзбекстен мен Қырғызстаннан келетін еңбек миграттарының артында үлкен күш тұрғаны жасырын емес. Камол есімді өзбек азаматын сөзге тартып көргенімізде оның тобындағы бірнеше азаматты делдал жігіт алдымен, Кореядағы айлығы жоғары компанияға жұмысқа орналастырамын деп уәде беріп, құжаттары мен ақшаларын жинап алған. Сөйтіп біздің шекараға келгенде ұялы телефон арқылы Алматыдағы бір жігітпен сөйлесіп, Алтын ордаға аттандырған. Оларды мұнда жеке кәсіпкерлер бөліп алып, құрылыс жұмыстарына салады.
Заңсыз келген еңбек миграттарының көпшілігі Қазақстанның Көші-қон туралы заң талаптарын өрескел бұзып, тіпті, жергілікті мемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұрып алған. Қаладағы ауруханалардың бірінде Өзбекстан және Қырғыз азаматы ұзақ уақыттан бері қызмет етсе, мемлекеттің қаржысына салынып жатқан әлеуметтік-маңызды құрылыс нысандарында да көптеген шетелдіктер жұмыс істеп жүр. Халықты жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша жергілікті азаматтар шұғылданарға кәсіп таппай жатқанда сырттан келгендердің қатары күн санап өсуде. Соған байланысты көші-қон полициясының жұмысын күшейте түсу туралы шешім қабылданды. Жылда келімсектер туралы әңгіме қозғап, шекарадағы күзетті күшейту керек деп халық қалаулылары дабыл қаққанымен, алашапандылар мен айырқалпақтылар келуін тоқтатқан жоқ.
Ал, дүние жүзінің нарығын жаулап алған қытайлықтар туралы әңгіме бөлек. Таяуда рейд кезінде, қала базарларының бірінде заңсыз еңбек етіп жүрген 12 қытай азаматы ұсталған. Олардың тіркелмегені өз алдына, жеке бастарын куәландыратын құжаттары да жоқ болып шыққан. Өжет ықшамауданының тұрғыны 12 бірдей келімсекті, арзан жұмыс күші ретінде пайдаланып, бір баспананың астында ұстап келіпті. «Құдайы қонақтардың» аты-жөндері анықталып, жұмысқа жалдаушы адам да әкімшілік жауапқа тартылды. Көші-қон полциясы қызметкерлерінің айтуынша, соттың шешімінен кейін, олардың барлығы республика аумағынан шығарылып, бес жылға дейін мұнда келуіне тыйым салынады-мыс. Алайда, бүкіл әлем бойынша пара беруден алдыңғы қатарда тұрған Қытай елі азаматтарының ертең көп ұзамай қайтып келуі қиын емес. Қазақстанда заңсыз жүрген келімсектердің санын ешкім де дөп басып айта алмайды. Олар еңбек заңын бұзып қана қоймай, қылмыстық әрекеттерге де жиі барады екен. Жыл басынан бері шетелдіктер тарапынан жасалған 29 мың заң бұзушылық тіркелген.
Алайда, бұл рейд жоғарыға есеп беру үшін жасалып жатқан көзбояушылық қана. Қаладағы «Барахолка» базарында сөзімізге дәлел болатын оқиғаның куәсі болдық. Көші-қон полициясы базардағы учаскелік полиция қызметкерлеріне тексеріс болатынын хабарлағанда, әлгі сақшылар қытайлықтарды туысындай қорғап, көзден таса бола тұруын өздері барып айтады. Ал, сапасыз заттарын саудалап, қазақтың ақшасын еліне қанарлап тасып жатқан келімсектер оларға сыйақы төлеп отырады. Әрине, бұл соманы беру қытай саудагерлеріне шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Тіпті, еш жерде тіркелмеген мигранттардың қандай ауру таратып жатқанынан да бейхабармыз. Халықаралық зерттеулерге қарағанда, Қытайдың бюджетіне жергілікті халықтан гөрі сыртта жүрген кәсіпкерлер қомақты қаржы аударады екен. Құқық қорғау органдары парақорлықтың нәтижесінде жат жұрттың қоржынын қампайтуға үлес қосқанымен қоймай, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келіп отырғанына алаңдамайтын сыңайлы. Тіпті соңғы уақытта мигранттарды бейімдеу орталығын ашу керек деген пікір де тарап кетті. Сонда елдіміздің қаржысына аталған орталықты ашып, ішкі пиғылы арам, пайдақор келімсектерге неге жағдай жасауға тиіспіз? Сонда жұмыссыз, баспанасыз қазақ жастарының қамын ойлайтын жан жоқ секілді.
Елгүл НҰҒМАНОВА, «Заң газеті»

