Филология феномені
Сексенінші жылдардың студенттерінің маңдайына біткен бақыт әдебиет пен журналистика теориясы корифейлерінің өз аузынан дәріс тыңдау деп ойлаймын. Қазақ журналистикасы теориясының негізін қалаушылардың бірі һәм бірегейі Тауман Амандосов пен журфактың атышулы деканы, профессор Темірбек Қожакеев бастаған тау тұлғалардың шәкірті болу бір ғанибет қана емес, мақтанарлық та жайт қой!
Біз сонымен қатар бір ғимаратта көршілес орналасқан филология факультетінің ұстаздарын да назардан тыс қалдырмауға тырысатынбыз. Әсіресе ондағы филология феномені З. Қабдоловтың дәрісін тыңдап жүрген құрбыларымызға қызыға қарап: «Аты аңызға айналған Қабдоловтың өзінен дәріс тыңдап жүрген сендер кеткен бақыттысыңдар» дейтінбіз аузымыздың суы құрып. Дей тұрып, «сілекей жұтумен» шектелмей өзіміздегі кей сабақтан «қашып», заңғар Зекеңнің тәлімі терең дәрісін «ашқарақтана» тыңдайтынбыз.
Неткен тереңдік десеңізші! Құлаққа жағымды қоңыр үнімен дәрісін ақырындап бастап, терезеге үңіле көкжиекке көз жүгірткендей сәл кібіртіктеп алады да бәйгеге қосылған тарпаң тұлпардай тоқтаусыз сілтейді-ау келіп. Сондағы тағы бір ерекше байқайтынымыз ол кісі теориялық тұжырымдарды кітаптардағы сияқты қасаң, «сірескен» тіркестермен емес, қазақтың бай, көркем тілімен төгілдіре түсіндіретін. Айтылған әрбір ой түрлі теңеулермен әдіптелген күйінде көкейіңе бірден қонып, ұмытылмаспай «шегеленетін».
Олай болатын жөні де бар. Басқа профессорлармен салыстырғанда Зейнолла аға мүлде көш ілгері тұратын. Өйткені ол кісі әдебиет әлеміне ақын ретінде қадам басты, жазушы ретінде жұлдызы жарқырай көрінді. Тіпті қасаң теориялық тұжырымдарды көркем тілмен кестелеп, ой оралымдарын бейнелі түрде жеткізгенде еріксіз сүйсінетінбіз. Теорияны белгілі бір құбылыстың, шындықтың заңдылықтары мен байланыстары жайында терең, толық мағлұмат беретін тұжырым деп жүрміз ғой. Ал Зейнолла ағайдың сөз өнері, әдебиет теориясының көптеген критерийлері хақындағы тұшымды тұжырымдары, өрелі ойлары, теңіздей терең тебіреністері күні бүгінгідей құлағымызда күмбірлеп тұр. Оны ұмыту әсте мүмкін емес. Осындайда атам қазақтың «жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деген мәтелі еске түседі.
Ал профессор Қабдоловтың жүйелі де сүбелі сөздері санамызға тастай батып, судай сіңетін. Кейіннен З. Қабдолов қатысып, сөз сөйлеген бірнеше кітап конференциялары мен жекелеген қаламгерлердің мерейтой кештерінде, Қазақстан Жазушылар одағындағы бірнеше басқосуларда сөйлеген сөздерінің куәсі болдым. Ол кісінің баппен, бипаздап
бастайтын әңгімелері кез-келген тыңдаушыны бірден ұйытып әкететін сиқыры бар-ды. Ойлары отты, нақты, көкейге нық қонады, пікір-түйіндері оқушыны тапжылтпай иландырады. Мұндай шешендік екпін екінің бірінде ұшырастпайтыны белгілі.
Зейнолла Қабдоловпен бетпе-бет кездесуім ешқашан ұмытылмастай болып, зердемде ізін қалдырыпты. 1986 жылдың мамыр айының орта шені. КазГУ-дің журфагін тәмәмдағалы жатырмыз. Мен түптелген дипломдық жұмысымды жетекшім, журналистік шеберлік және әдеби өңдеу кафедрасының меңгерушісі Тауман Амандосовқа көрсетейін деп кабинетіне кіріп едім, ағай асығыс жиналып, «сен отыра тұр, қазір келем» деп шығып кетті. Әр нәрсені шұқылап, бір көне газеттерді оқи бергенім сол еді, кафедра есігі айқара ашылды, біреу кірді. Орнымнан атып тұрып, «сәлеметсіз бе, ағай» деуге ғана шамам келіп, сілейдім де қалдым. «Өңім бе, түсім бе». Қарсы алдымда – атағы жер жарған ғалым З.Қабдолов.
*Амандосов ағайларың бар ма? – галстугын сәл босатып, көйлегінің жағасын сәл кеңейткен Зекең шаршаңқы жүзімен маған тура қарады да төрдегі орындықтың біріне жайғаса отырды.
*Иә, ағайымыз осында, - дедім мен сасқалақтай тез тіл қатып, - қазір келем деді.
Мен ғалым-жазушының түр-тұлғасына тамсана қарағанымды байқамай да қалдым. Аңғарғаным-Алатаудай асқақ ағамыздың киім киінісінің өзі ерекше екен: кәстөм, галстук, көйлек, белдік пен туфлиіне дейін бір-бірімен ерекше үйлесе қалыпты, талғам-тұшымы менмұндалап тұр. Зекең енді үстел үстіндегі менің әдеміленіп түптелген дипломдық жұмысыма назар аударды.
*«Талант табиғаты», - деп дауыстай оқып бір іркілді де, ойлы жанарын маған бұрды, - сен жаздың ба?
*Иә, - дедім мен ұялып, не дерімді білмей.
*Дұрыс! Ассонанс, аллитерация заңдылығы бойынша тақырып қойғаның жөн екен. Бізде «әдебиеттегі пәленнің шығармашылығы» немесе «түгеннің бәлен деген шығармасы туралы» деген сияқты таптаурын атаулар жиі кездеседі, - деп бір тоқталды да түйін сөзін айтты: «Оралхан Бөкеев туралы екен ғой. Иә, Оралхан қазақ әдебиетіне, журналистикасына тың тыныс, өзіндік өрнек, соны серпін әкелген қаламгер ғой. Нағыз зерттеу объектісі!
Сөйткенше есік сықырлай ашылып, Тауман Амандосов ағай кірді де Зекең екеуі жайдарылана қауышып жатты. Тәукең диплом жұмысымды иегімен нұсқап, «қалдырып кет» дегендей маған ым қақты. Қос алыптың емен-жарқын құшақтасқан сәтінен әсерленген мен ағайлармен ақырын қоштасып сыртқа беттедім.
Жалпы қазақ филология ғылымына жазушы, ақын ретінде келіп қосылғандар аз емес. Солардың ішінде ең шоқтығы биігі академик Зейнолла Қабдолов десек қателеспейміз. Әдебиет әлеміндегі дарын-таланты «Менің Әуезовім» арқылы Мемлекеттік сыйлықпен атап өтіліп, тиісті әділ бағасын алса, әдебиетші ғалым ретіндегі білім-білігі дүйім жұртты күні бүгінге дейін тамсантумен келеді.
Бір қарағанда әдебиет теориясы туралы қалам тербеу оңай-оспақ шаруа сияқты көрінуі мүмкін. Ал шындығында қиынның қиыны дәл осы арада. Әдебиетші Зейнолла Қабдолов басқасын айтпағанда «Әдебиет теориясының негіздері», «Сөз өнері» атты терең ғылыми зерттеу еңбектері арқылы ғылымның отымен кіріп, суымен шығып жүрген мүйізі қарағайдай ғалымдарды, профессорларды мойындатып қана қоймай, олардың шынайы ықыластарына да бөленді. Өйткені бұл еңбектер – ғылым туралы әдебиет, әдебиет туралы ғылым десек еш қателеспейміз. Себебі алғашқы сөйлемдерін оқығаннан бастап-ақ оқырман көркем ой қағидаларына қанығады, жеті рет өлшеніп, бір рет пішілген толымды тұжырымдарға тамсанады.
Академик Зейнолла Қабдоловтың теоретик ғалым ретіндегі талантын, шыққан шыңын мынадан да бағамдай беріңіз. Қазақ әдебиеттануы мен журналистикасындағы кез-келген ғалым, докторант, магистрант, бакалавр З. Қабдоловтың ғылыми еңбектерін айналып өте алмайды, оған сілтеме жасамайтын адам жоқтың қасы, тіпті жоқ деуге де болады. Зекеңнің ғылыми методологиясын тиянақ етпейтіндер мүлдем сирек.
З. Қабдоловтың ғылымдағы биік тұлға екендігін ТМД елдерінің ғана емес, алыс шетелдегі ақиық ғалымдар да мойындағандығы айтылып жүр. Мұның шындыққа жанасатындығын мынадан да біле беріңіз. Жақын шет елдердегі ғылыми атақ қорғауға талпынған диссертанттар Л. Тимофеев, Г. Поспелов, А. Соколов, П. Сакулин, М. Бахтин, В. Федоров, И. Габдиров, Н. Гуляев, А. Веселовский сияқты әдебиеттанушы «арыстандарға» қалай сілтеме жасаса, қазақтың Қабдоловына да қапысыз жүгініп, оның теориялық тұжырымдарын мойындайтындықтарын білдіретін көрінеді. Мұны Түркияда, Өзбекстанда, Ресейде болғанымызда өз құлағымызбен естідік. Ірілік деп, мойындату деп осыны айт. Яғни З. Қабдолов өзінің мұхиттай терең білімімен теория әлеміндегі тарланбоз ретінде тарихқа есіме енді. Асыл ағаның осынау абырой-атағы ұзағынан сүйіндіргей!
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН, «Жас қазақ» газеті

