Халықаралық Медиа-форумда қабылданған РЕЗОЛЮЦИЯ
29.08.2026, 14:07
Халықаралық медиа-форумға қатысушылар «Журналистиканың өзекті мәселелері және болашағы» төңірегінде айтылған әңгімелерді түйіндей келе мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы қарым-қатынастардың барынша өрбуі, ақпараттық технологиялар саласында халықаралық ынтымақтастық байланыстардың дамуы және кеңейе түсуі белең алып отырғанын атап өтеді.
Форум Қазақстан журналистерінің этика Кодексі жобасын қолдайды. Кодекстің ішкі тәртіптік құрал екенін, журналистер мен БАҚ еңбеккерлерін ізгілікті этикаға бейімдейтінін, сөйтіп журналистер, баспагерлер, бұқаралық ақпарат құралдары, олардың иелерінің кәсіби қызметтеріне қоғам тарапынан сенімділік әрі сыйластық білдіруге себепкер болатынын мойындайды.
Сондай-ақ, журналистер этикасы кодексінің кәсіби борыш, әлеуметтік жауапкершілік, адалдық және ешкімді алаламау, анықтық және шынайылық, құпиялылық, адамдардың жеке өмірлерін, абыройын және іскерлік беделін сыйлау, адал бәсекелестік және ынтымақтастық, қорғану және жауапкершілік тәрізді негізгі қағидаттарын қолдайды.
Сындарлы сұхбатқа және нақты әріптестікке негізделген мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қарым-қатынасын одан әрі жетілдіре түсудің қажеттілігін ескере келе, мынадай резолюция дайындалды.
Мемлекеттік органдар:
- Құқықтық, мөлдірлік әрі өзара әлеуметтік жауапкершілік қағидатына сүйене отырып құрылған БАҚ және биліктің сындарлы әріптестік жүйесін қалыптастыруды қамтамасыз етсін;
- Аудандарда бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға тиісті жағдай жасалынып, оларға қаржылық көмектер беруге, ауылдық бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге жәрдемдессін;
- Шекара аралық ынтымақтастықты әлі де тереңдетуге, қазіргі кездегі журналистиканың дамуының беталысына сараптама жасауға жәрдемдессін.
Бұқаралық ақпарат құралдары:
- Кәсіби тұрақты өсуге, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер жағдайында интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға және жетілдіруге бейімделген жөн. Билікпен сындарлы сұхбат құруға қажетті өзінің бәсекеге қабілеттілігін және кәсіптік жеке даралығын қамтамасыз етуі тиіс.
- Жалпы интернет кеңістікті мәдени-гуманитарлық бағыттағы жағымды мазмұнмен толықтыра отырып БАҚ-қа қазіргі заманғы мультимедиалық технологияларды енгізуге жәрдемдессін.
Осы форумда негізі қаланған үдерісті дамыту қажеттілігі туралы ортақ пікірді ұстана отырып, қатысушылар Қазақстан Республикасы журналистері этикасының жобасын қолдау қажет деп есептейді. Сонымен қатар, ақпарат жұмыстары саласында Қазақстанның, Павлодар облысының және Ресейдің журналистер Клубтары қызметтерін қолдайтындықтарын білдіреді.
Форум барлық журналистерді ұлттық ресурстарда жаппай таратылатын ақпараттарды теңгермелі және шынайы беруге ұмтылуға шақырады.
- Tweet

Пікірлер (0)
Оставить комментарий