Билік пен БАҚ қатынасы қандай болуы тиіс?

29.08.2026, 14:13

Осы және өзге де сауалдар төңірегінде кеше облысымызда өткен «Журналистиканың дамуы: өзекті мәселелері мен болашағы» атты медиа-форумға қатысқан қауым ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Биыл үшінші жыл ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға республикамыз бен көрші Ресей елінің іргелес аймақтарының журналистика саласының майталмандары жиналды. Форумға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арслан Әбдіхалықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик Ғарифолла Есім, ҚР «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин, Ресей елінен «Халықаралық Еуразиялық телевидение, радио және баспасөз академиясының» вице-президенті Кипрас Мажейка, Новосібір облысы Журналистер одағының төрағасы Андрей Челноков, Еуразиялық зерттеулер институтының медиа-жобалар директоры Анатолий Строев, сондай-ақ, өңіріміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел айналасына жиналған кәсіби мамандар қазіргі журналистиканың жетістігі мен кемшін тұстарын таразылап, жас қаламгерлерге бағыт-бағдар берді. Алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары А.Әбдіхалықов БАҚ-тың қоғамда алар орнының ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол мұндай медиа-форумдар оқырмандар мен көрермендердің талғамы мен талабы үдесінен шығу үшін септігін тигізетініне сенім білдірді. Айтуынша, бүгінде облыста әртүрлі меншіктегі 110 БАҚ тіркелген, оның 85-і - баспасөз. Тіркелгендердің 20 пайызы - мемлекеттік меншікте. А.Әбдіхалықов билік пен БАҚ арасындағы байланыстың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын, заманға сай кәсіби жеделдіктің өскенін бөле-жара атады. «Төртінші билік» иелері қоғамдық пікір қалыптастырушы орта екенін ескере отырып, журналистер қауымына адамгершілік жауапкершілік пен  әдепті естен шығармаса деген бұйымтайын бүгіп қалмады.

Бұл ойды К.Жолдыбай өзге бір қырынан сабақтай түсті. Ол қаламгерлер кез келген мәселені халыққа бүкпесіз жеткізуі керек деген пікірін ортаға салды. Дегенмен, ортақ мүдде – сапалы өмір сүру үшін барша халық күш біріктіруі тиіс, деді. Өңірде үшінші рет осындай форумның өтуі аймақта билік пен БАҚ арасындағы байланыстың беріктігінің белгісі, деді Кенжеболат Махмұтұлы. Ол ресейлік меймандардың алқалы жиынға қатысып, тәжірибе бөліскендеріне алғысын білдірді. Бүгінде журналистика саласы нақтыдан виртуалды ақпарат айдынына өтіп жатқанын, осы орайда, халықтың ақпарат алу көздерінің ауқымы артқаны қуантады, деді ол. Оның пікірінше, сала қарыштап дамыса да, екі бірдей өзекті мәселені назарда ұстау керек. Бірі журналистердің кәсіби деңгейі  болса, екіншісі – жауапкершілік. Әсіресе, жастар жағы интернет ресурстарына жүгіну арқылы   шеберліктен алыстап бара жатқаны айтылды. Жастарға кез келген мәселені көкірек көзімен көруге, ар-намыс аясында өрбітуге тырысқан жөн деген кеңес те берілді. Жиында журналистік әдеп кодексінің қажеттілігі де сөз болды.

Мәскеу қаласынан келген журналист К.Мажейка ТМД елдерінің ақпарат айдынындағы ерекшеліктер мен ұқсастықтарға тоқталып, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Мұндай кездесулер қос  елдің достығын нығайтып, салты мен дәстүрін жақындастыра түсетіні анық, деді ол. Айтуынша, өркениеттік өрлеудің өрнектері журналистика саласына да өзіндік із қалдыруда. Яғни, заманға сай виртуалды әлем пайда болып, бетпе-бет қарым-қатынас, адамдардың ішкі жан дүниесімен сырласу жағы ақсап тұрғанына алаңдаушылық білдірді.

Ал академик-сенатор Ғарифолла Есім журналистер қауымы қазіргі ұрпақтың қажеттілігін ескере отырып қызмет етуі керек деген ойын жеткізді. Сондықтан, жас журналистер шолақ ойлаудан аулақ болып, нені қалай жазу керектігіне баса мән бергендері, әрбір істері ізгілікке негізделгені жөн, деді. Сөз алған ресейлік мейман А.Строев интернет-журналистиканың бүгінгі беталысына, ондағы ақпараттардың қоғамдық пікірге ықпалына кеңінен тоқталды.

Ол әріптестерін толығымен адамгершілік жолындағы мамандық иелері деп атауға келмейтінін жасырмады. Мұндай пікірін журналистер қауымының ақпарат алу үшін кейде түрлі айла-тәсілдер қолдануға тура келетіндігімен байланыстырды. Дәстүрге айналған жиын өз жемісін беретініне сенім білдірген Ж.Кенжалин кезінде Ә.Нұршайықов, А.Шәмкенов, А.Жақсыбаев сынды майталмандардың ізі қалған Кереку өңірінің бүгінгі журналистикасына оң бағасын берді. Аға буыннан сабақ алған ізбасарлар алдағы уақытта үмітті атқайтынына сенемін, деді. Сондай-ақ, жергілікті билік өкілдерінің рухани құндылықтарға көңіл бөліп жатқанын ерекше атап өтті. Елбасының бағдарламалық мақаласында қарапайым еңбек адамдарының жұмысын насихаттау жөніндегі тапсырмасын орындауға журналистер жұмылдырылуы қажет деген ойын жеткізді. Сонымен қатар, ат үстіндегі азаматтар қаламгерлердің әлеуметтік мұң-мұқтажына құлақ асулары тиіс, деді.

Қос елдің БАҚ өкілдері арасындағы байланыстың бастау алуына алғаш-қылардың бірі болып үлес қосқан А.Челноков мемлекеттік және жекеменшік газеттердің тыныс-тіршілігін тілге тиек етті. Оның пікірінше, БАҚ пен билік арасы алыс болуы тиіс. Сонда нәтижелі іс байқалады. Өйткені, БАҚ неғұрлым билікке жақын болса, соғұрлым ақпараттың шынайылығы азаяды, дейді. Бұл пікірді Қарағанды облысы Журналистер одағының төрағасы Владимир Рыжков та қостап кетті. Ресейлік мейманның сөзінше, әріптестері қоғамдық мәселелерді кәсіби тұрғыда жаза білсе, шенеуніктер айтылған сынды дұрыс қабылдай алса, түйінді түйткілдер әрдайым шешімін табады. А.Челноков шекаралас өңірлердің әріптестік қатынасын нығайтып, көкжиегін кеңейту үшін алдағы уақытта аймақтық БАҚ-тың халықаралық федерациясын құру жөнінде ұсыныс білдірді. Павлодарлық «төртінші билік» иелері атынан сөз алған бірқатар тәжірибелі журналистер де екі ел арасында мұндай ақпараттық алаңның жұмысы кәсіби шеберлікті арттырып, пікір алмасуда таптырмас құрал екенін мәлімдеді.

Айта кету керек, форум барысында бірқатар азаматтарға әртүрлі марапаттар табысталды. Атап өтер болсақ, медиа-форумның ұйымдастырушыларының бірі, ҚР Бас редакторлар клубының вице-президенті, Павлодар облысы бойынша «Бас редакторлар клубының» төрағасы Мұхит Омаровқа «Халықаралық Еуразиялық телевидение, радио және баспасөз академиясының» толыққанды мүшесі дипломы табыс етілді. Ал көп жылғы еңбегі үшін ҚР Журналистер одағы атынан  «Альта-ТВ» телестудиясының бас редакторы А.Чернятевичке «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілсе, «Қазақстан-Павлодар» телеканалының директоры А.Ибраев пен «Наша жизнь» газетінің редакторы Е.Васильченко дипломдармен марапатталды.

Күннің екінші жартысында форум аясында шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Мәселен, К.Мажейка журналистикадағы әдептік-құқықтық нормалар, БАҚ өкілдерінің қоғамдық институтпен өзара байланысы, шетелдік тәжірибе төңірегінде ойын ортаға салды. Ж.Кенжалин, К.Жолдыбай «Сарыарқа самалы» газетінің ұжымымен кездесіп, ой бөліссе, ресейлік меймандар «Звезда Прииртышья» газетінің редакциясында медиа-форум аясындағы жұмыстарын жалғастырды. Форум барысында айтылған ұсыныстар бойынша арнайы қарар қабылданып, қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Алдағы уақытта құжатта көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру, толықтыру жалғасын таппақ.

Гүлжайна Түгелбай.

Павлодар облыстық "Сарыарқа самалы" газеті

 

  • Tweet

Пікірлер (1)

  • eChgr8 musvoojpabyo, [url=http://nqpbwuyeedlt.com/]nqpbwuyeedlt[/url], [link=http://ltviadfjgtil.com/]ltviadfjgtil[/link], http://auwrflflcxmw.com/