Үздiк журналистер марапатталды
05.01.2013, 19:27
Өткен жұмада Қазақстанның «Бас редакторлар клубының» бес жылдығына орай ұйымдастырылған «Асыл сөз құдіреті» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
2007 жылы құрылған Бас редакторлар клубы бүгінде жемісті еңбек етіп, бірнеше игі іс-шараларды ұйымдастырып жүр. Журналистерді қолдау, олардың шығармашылығын насихаттау һәм шабытына дем беру мақсатында клуб мүшелері белсенді еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда аталмыш клуб 213 республикалық және аймақтық БАҚ бас редакторларын біріктіретін, құрамында 5 аймақтық бөлімшелері бар беделді ұйымға айналып отыр.
Клубтың бес жылдығына орай ұйымдастырылған «Асыл сөз құдіреті» байқауы да республиканың үздік журналистерін анықтау, отандық журналистиканың сапасын арттыру, журналистік кадрлердің біліктілігін күшейту, журналистердің шығармашылық мүмкіндіктерінің толық ашылуына жағдайлар туғызу һәм республикалық және аймақтық БАҚ-тар журналистерінің шығармашылығын көпшілікке таныту мақсатында өтті.
«Бас редакторлар клубының» президенті Кенжеболат Жолдыбай байқауға қатысты былай дейді:
─ «Бас редакторлар клубы» бес жыл ішінде бірнеше келелі кездесулер, іс-шаралар ұйымдастырды. «Саясат», «экономика», «мәдениет», «білім», «спорт», «әлеуметтік мәселелер» және «жастар саясаты» бойынша үздіктерді анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Асыл сөз құдіреті» байқауы да сондай іс-шаралардың жалғасы. Республикалық конкурс қорытындысында комиссия мүшелері журналист көтерген тақырыптың өткірлігіне әрі маңыздылығына, мазмұнына назар аударды.
Аталған тақырыптар негізінде байқауға республикалық, аймақтық баспасөз, электрондық бұқаралық ақпарат құралдарынан қазақ және орыс тілдерінде жүзге жуық материалдарды қамтитын 25 тапсырыс келіп түсті. Сонымен бірге 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» жүлдесі сарапқа салынды.
Байқау қорытындысында тоғыз журналистің жұмысы үздік деп танылды.
Олар: «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Әділет БАҚ медиа» газеті бас редакторының орынбасары Мұратбек Тоқтағазин, «Қазақстан» РТРК телеарнасының редактор-жүргізушісі Қанат Әуесбай, «Еларна» телеарнасының «Я верю.kz» бағдарламасының жүргізушісі Азамат Алдоңғаров, «7 арна» телеарнасының меншікті тілшісі Ольга Витукевич, облыстық «Ақтөбе» газетінің қызметкері Айгүл Жұбаныш, «Шалқар» радиосының шолушысы Құралай Жұмаханова, «Заң» газетінің қызметкері Елгүл Нұғманова. Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінің студенті Сымбат Молдатай 21 жасқа дейінгі жастарға арналған «Қалам байқауы» жүлдесінің иегері деп танылды.
Салтанатты марапаттау шарасы барысында сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев:
─ Қазақстанның бас редакторлар клубы бес жыл ішінде бірнеше елеулі істерді тындырды. Елімізде ең алғаш Журналист этикасы Кодексінің қабылдануы сөзіміздің дәлелі. Енді осы клубтың ұйымдастыруымен «Асыл сөз құдіреті» байқауы арқылы үздік журналистер марапатталды. Бұл байқау журналист атты зейнеті мен бейнеті мол маман иесіне оқырман мен сарапшылар тарапынан берілген үлкен баға, -деді.
Байқауға Ақтөбе облысынан арнайы келген, «Ақтөбе» газетінің қызметкері Айгүл Жұбаныш қуанышын былай жеткізді.
─ Мен конкурсқа білім саласына қатысты жазған мақалаларымды жолдап, лауреат атандым. Журналистерді қолдап, олардың шығармашылығына баға беріп, жүлдегерлердің жұртшылыққа танымал болуына жағдай жасаған «Бас редакторлар клубы» мүшелеріне айтар алғысым шексіз.
Шара барысында жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Үміт АЛЛАОҢҒАР, Астана. "Әділет" газеті
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий