ЭКСПО-ға – жаңа журнал
28.05.2013, 19:14
Елордада 2017 жылы өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің дайындығы мен мән-маңызын талдауға арналған жаңа журнал жарық көрді.
Елордада 2017 жылы өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесінің дайындығы мен мән-маңызын талдауға арналған жаңа журнал жарық көрді. Жаңалықтың ерекшелігі сол, тың бастаманы мемлекеттік Ұйымдастыру комиссиясы емес, қазақ журналистерінен құралған жеке шығармашылық топ көтеріп отыр. Бұған дейін бас қаладан «Халық сөзі» газетін шығарып келген әріптестеріміз енді редакция жанынан өз қаржыларына «EXPO – 2017 astana» атты жаңа басылымның алғашқы санын шығарып, оқырмандарына таратып та үлгерді.
Қуанышын көпшілікпен бөлісуді ойлаған журналистер тобы кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада баспасөз мәслихатын өткізіп, ой пікірлерімен бөлісті. Журналдың Бас редакторы Қуат Әуесбай, Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай бастаған ұйымдастыру тобының айтуынша, әзірге қазақ тілінде дайындалған 36-беттік басылымға алда орыс және ағылшын тіліндегі мақалалар да қосылады.
– ЭКСПО халықаралық көрмесі шын мәнінде, еліміздің атын әлемге жаңа қырынан танытатын тосын қадам болады. Алайда қоғамымызда осынау маңызды шарадан мүлде хабарсыз адамдар да көп. «Ол не, олимпиада ма?» деп сұрайтындарды да кездестіріп жүрміз. Қазақ мемлекеті ғаламдық көрмені жоғары деңгейде өткізуге бар күш-жігерімен кірісіп жатқанда, үнсіз немесе қалыс қалмай өз үлесімізді де қосуды жөн санап, жаңа журналдың тұсауын кестік. Әзірге 1000 таралыммен таралдық. Енді көрмені ұйымдастыру жөніндегі комиссия жетекшілері игілікті баста-маны көріп, өз тараптарынан қолдауға келісіп отыр – дейді, Қ.Әуесбай.
Журналдың алғашқы санында ЭКСПО-ның басталу тарихы, кеңестік кезеңде Қазақстанның тұңғыш рет қатысып, ұсынған өнімдері шетелдіктердің тарапынан жоғары бағалануы турасында қызықты мағлұматтар жарияланған. Сонымен бірге төрт жылдан кейінгі шараны өткізудің алғышарттары, дайындық барысы жайын да да тұщымды деректер бар.
http://www.aikyn.kz/news/view/22994
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий