Астана имамдары журналистермен кездесті
07.07.2013, 16:50
Қасиетті Құран Кәрімде Алла тағала: «Жақсылық іске, тақуалыққа көмектесің-дер, күнә мен дұшпандық іске көмектеспеңдер», – деп ескертеді («Мәида» сүресі, 2-аят). Бұл өсиет қай заманда болсын жетістік пен табысқа жетудің кілті – өзара жәрдем мен қоян-қолтық тіршілік жасауда жатқандығын айғақтап тұрса керек.
28 маусым – Баспасөз күніне орай Астана қаласындағы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің ұйымдастыруымен дін саласының дамуына атсалысып жүрген, қалам ұстаған журналистердің басын қосып өткізілген «Ел мүддесі – ортақ мақсат» атты ақылдасу кеңесі де ата дініміз Ислам төңірегіндегі игі істерді талқылап, бірлесе атқару жөніндегі әңгімеге арқау болды.
Ізгі шараға белгілі қоғам қайраткері, әнші Бекболат Тілеуханұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, «Алаш» институтының директоры, белгілі журналист Амантай Шәріп, Бас редакторлар клубының вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин, «Зекет» қорының Астана қаласы бойынша өкілі Айбек Асқарбекұлы, «Ислам және өркениет» газеті Бас редакторының орынбасары Ескендір Тасболат, өзге де белгілі азаматтар қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Жалпы, түрлі «жан алысып, жан берісіп» жатқан бүгінгідей алмағайып заманда дін секілді нәзік саланың дұрыс дамуы тұрлаулы қадамды, түсінікпен, тізе қосып еңбек етуді талап етеді. Дінді алға бастыру тек діни басқарманың және еліміздің әр аймағындағы мешіттер мен олардың имамдарының мойнындағы міндет емес. Оған қоғам болып атсалысу керек. Әсіресе, қоғамдық пікір қалыптастырып, халық санасына ықпал ете алатын қалам ұстаған қауымның діни салаға қосар үлесі зор. Осыған орай, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Маямеровтың өзі бас болып, БАҚ пен мешіттер арасындағы байланысты нығайтуға маңызды қадамдар жасалуда. «Ел мүддесі – ортақ мақсат» деп аталған бұл іс-шараны да осы бағыттағы ілкімді іс деуге болады.
Басқосу барысында бүгінгі таңда «С.Ғылмани» мешіті ұжымының ұйытқы болуымен астаналық имамдар жоспарлап, әрі қолға алып жатқан өзекті мәселелер ортаға тасталынды. Атап айтқанда, осы мешіттің бас имамы Бақтыбай Қыдырбайұлы 1952-72 жылдар аралығында Қазақстанның қазиы (бүгінгі тілмен айтқанда – мүфтиі) болған аса көрнекті дін ғұламасы Сәдуақас қажы Ғылмани атындағы мұражай ашу; қазіргі заманның ең ұтымды насихат құралы болып отырған ғаламтордан жаңа діни-танымдық «imam.kz» сайтын ашу сынды келелі мәселелерді көтерді. Кездесуге қатысқан белгілі тұлғалар аталған игі бастамаларға қатысты өз ойларын білдіріп, оны қолдайтындарын, мүмкіндігінше қолғабыс ететіндерін жасырмады.
Сондай-ақ, бүгінгі дін саласындағы өзекті мәселелер, жастар ортасындағы теріс дінге кетушілік, жамағат ішіне іріткі салатын бүлікшіл әрекеттер де әңгіме арқауына айналды.
Жиын соңында бас имам Бақтыбай Бейсенбаев уақыт тауып, ортақ мақсатты көздейтін игілікті істерді талқылауға арнайы келген қоғам қайраткерлері мен журналистерге алғысын білдіріп, дін туралы жазып, атсалысып жүрген қалам иелеріне «Алғыс хат» табыс етті.
http://www.islam-orkeniet.kz/?p=4948
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий