Гүлназдың қарлығаштары қанат қақты
04.07.2013, 0:00
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жаңалықтар бөлімінің аға редактор-жүргізушісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Гүлназ Әлімгерейдің мектеп-студиясы алғашқы қарлығаштарына қанат қақтырды.
Осыған орай ұйымдастырылған жиынға «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай арнайы шақырылды. Ол мектеп-студияның тұңғыш түлектеріне салтанатты түрде сертификаттарын тапсырып тұрып: «Уақыт өте келе, сіздер аға буын өкілдерін алмастырасыздар. Сол себепті қазірден бастап қарқындарыңыз қатты, екпіндеріңіз күшті болуы керек. Журналистика бір орында тұрмайды, үздіксіз дами береді. Бәсекеге қабілетті маман болу үшін сіздер терең біліммен қарулануға тиіссіздер. Осы жерде жадыларыңызға тоқығандарыңыз алдағы уақытта кәделеріңізге жарап, пайдаларыңызға асатынына сенемін. Себебі бұл жерге нағыз хас шеберлер жиналған. Олардың білімі мен білігі сіздерге өмірлік азық болады» деді. Шынында да, мектеп-студия отандық журналистиканың корифейлері мен осы салада қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген журналистерді жинап алыпты. Олардың қатарында Ғ.Шалахметов, Н.Омашев, Н.Мұхамеджанова, Р.Аманжолова, А.Үкібай, М.Манатбек, З.Әліпбек, Л.Сұлтанқызы, С.Аббас-Шах, М.Садық, Л.Танысбай және О.Петерс бар екен.
2 айлық курсты аяқтаған 15 шәкіртке Н.Иманғалиұлы, С.Жақанова, Б.Секербаева, Н.Ораз, П.Мырзахмет, Шолпан Ғабдолмуллинова сынды мамандар дәріс оқып, тікелей эфир мәдениеті мен ток-шоу һәм реалити-шоу жүргізудің қыр-сырын меңгертіпті. Сонымен қатар сценарий жазу мен сұхбат алудың тәсілдерін үйретіп, сөйлеу техникасын қалыптастырыпты. Мектеп-студияға жоғары сынып оқушылары мен тележүргізушілікке икемі бар, жаза білетін талапты жастар қабылданған. Оларға еуропалық стандартқа сай білім берілген. Дәріс дәстүрлі түрде емес, түрлі жаттығулар мен қызықты ойын түрінде өткен. «Біз тележурналистика саласына қатысты барлық мамандарды даярлаймыз.
Оқу бағдарламасын толық меңгергендерге сертификат беріледі және жұмысқа тұруға ұсынысхат пен тәжірибелік оқытудың иллюстрациялық материалдары табысталады. Осылайша бітірушілер өз қабілеттерін отандық телеарналарда таныту мүмкіндігіне ие болады» деді бізге Г.Әлімгерей.
Оның айтуынша, мектеп-студия заман талабына сай бәсекеге қабілетті маман даярлауды және қалыптасып келе жатқан жас журналистердің кәсіби шеберлігін шыңдауды көздейді.
«Мектеп-студиямыз отандық телеарналармен тығыз қарым-қатынас жасайды. «24 kz» арнасында мектебіміздің шәкірті Алмас Тоғай «Қырағы көз» және «Все на виду» бағдарламаларын қазақ, орыс тілдерінде жүргізеді. Қыздарымыз түрлі кастингтерге қатысып, бақтарын сынап жатыр. Шәкірттеріміз тәжірибелік сабақта «Қазақстан» Ұлттық арнасының жаңалықтар бөлімінде болып, түсіру алаңын көзбен көрді. «Хабар» арнасының «Біз» және «Орталық хабар» бағдарламаларына қатысып, пікірлерін ортаға салды» деді танымал тележүргізуші.
Мектеп-студия Астанамен шектелмейді. Ол тұтас республиканы қамтиды. Сертификатқа ие болғандардың арасында Қызылорда, Семейден келген қыздар да бар. Семейлік Динара Советханова айтыстың алдын бермей жүрген ақын Сара Тоқтамысованың сіңлісі екенін жеткізді. Ал қызылордалық Айдана Әлиарыстанова Астанада 2 ай тұруға тиіс болғанына қарамастан «Гүлназ Әлімгерейдің мектеп-студиясында білім аламын» деген ойынан айнымағанын айтты.
http://www.aikyn.kz/articles/view/25523
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий