Жергілікті "Алау" телеарнасына 20 жыл!

05.08.2013, 0:00

Жергілікті "Алау" телеарнасына 20 жыл!

Жергілікті "Алау" телеарнасының хабар тарата бастағанына биыл жиырма жыл толып отыр. Жеке меншік телерадиокомпанияның ұжымы сәрсенбі күні мерейтойын атап өтті. Облыс әкімі Нұралы Садуақасов шығармашылық топты құттықтап, редакция жұмысымен танысқан болатын.

Өңір басшысы Н.Садуақасов "Алау" телерадиокомпаниясының редакциясы орналасқан ғимаратта болып, қызметкерлермен жүздесті. Телеарнаның директоры Зүлфия Арефьева шығармашылық ұжымның бүгінге дейін қол жеткізген табысын баяндап берді.

Аталмыш телеарна  ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, дәлірек айтқанда 1993 жылы құрылған болатын. Араға бес жыл салып әуе толқынына жеке радиосы шықты. Қазіргі таңда телеарнаның жиырма авторлық бағдарламасы бар. Сондай-ақ жаңалықтар қызметі  эфирге өз уақытында шығып тұрады. Бүгінгі таңда арнаның бағдарламаларын еліміздің түпкір-түпкіріндегі көрермендер тамашалай алады. Себебі, 2026 жылы "Отау ТВ" спутниктік хабар тарату қызметіне қосылған болатын. Сондай-ақ арнаның жеке сайты да жұмыс істеуде.

– Телеарна хабар тарату қызметінде елу де елу принципін ұстанады. Бұрындары қазақ тіліндегі хабарлар түнгі мезгілде беріледі деген уәж айтылатын. Қазір ондай олқылықтың орны толған. Ақпарат мемлекеттік тілде және ресми тілде беріледі,– деді "Алау"  ТРК  директоры  З.Арефьева.

Облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлы редакцияның монтаж, компьютерлік дизайн  және  режиссерлер бөлмесінде, жергілікті жаңалықтарды эфирге шығаратын студияда болды. Өңір басшысы мұндағы қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне риза екендігін  жеткізіп,  журналистерге еңбекте табыс, жаңа бағдарламалардың көбірек болуын тіледі.

"Алау" телеарнасының редакциясындағы экскурсиядан соң "Бас редакторлар Клубы" қоғамдық бір-лестігінің семинары өтті. Басқосуға республикалық "Бас редакторлар клубы" қоғамдық бірлестігінің президенті К.Жолдыбай, "Бас редакторлар клубының" Қостанай  облысындағы төрағасы Сергей Харченко, ҚР Ұлттық телерадио хабар тарату ассоциациясының өкілдері және жергі-лікті БАҚ-тың редакторлары қатысты. "Дөңгелек үс-тел" мәжілісінде "Интернет заманында дәстүрлі БАҚ-тың дамуы" деген тақырыпта әңгіме өрбіді.

Қымбат Досжанова


http://www.kostanay.gov.kz/kaz/news/2645-zhergilikti_alau_telearna.html

  • Tweet

Пікірлер (0)