«MEDIA EXPO-2013» ІІ республикалық БАҚ көрмесі өтті
12.12.2013, 17:25

Астана қаласындағы «ҚазМедиа орталығы» ғимаратында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Бас редакторлар клубының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздік күніне орай «MEDIA EXPO-2013» ІІ республикалық БАҚ көрмесі болып өтті.
Көрмені құттықтау сөзімен ашқан Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Ж.Құрманғалиева бүгінде Елбасының қамқорлығының арқасында тәуелсіз Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін барлық жағдайдың жасалып отырғанын, соның бір дәлелі жаңадан бой көтерген «Қазмедиа орталығы» екенін атап өтті. Ж.Құрманғалиевадан кейін сөз алған Астана қаласы Есіл ауданының әкімі С.Мұстафина бұқаралық ақпарат құралдарының озық дәстүрлеріне әрдайым қолдау көрсетіп, насихаттап отырған Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбайға және ол басқарып отырған аталған ұжымға ризашылығын білдіріп, қазақстандық журналистиканың кәсіби біліктілігін арттыратын шараның маңыздылығына тоқталды.

Еліміздің 50-ден астам мерзімді баспасөз құралдары, телеарналар мен ақпарат агенттіктері және радиостанциялардың басын қосып, өзара пікір алмасу мен тәжірибе бөлісудің алаңына айналған аталған шараға «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Экономика», «Үркер», «Ұйғыр авази» басылымдары қатысты. Көрмеге жиналған зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың баспасөз өкілдері, еліміздегі шетелдік елшіліктердің қызметкерлері, студенттер қауымы «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдардың өнімдерін тамашалауға ерекше ықылас танытты. Мәселен, жастар өз ата-аналарының «Ана тілі», «Ақиқат» басылымдарын құмарта оқитынын айтты.
«Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты басылымдар мен олардың ғаламтордағы сайттарын Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенттері Жәнібек Қыдыралиев пен Уатқан Хабалтайұлы таныстырды.
Көрмеге келген қонақтарға «Деловой мир Астана» баспасынан жарық көрген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы кітап жинақтары ұсынылды. Әсіресе, Мемлекет басшысының «G-Global – мир ХХІ века» атты кітабының таныстырылымы әсерлі болды.
Әріптестік байланыс аясында ұйымдастырылған айтулы шарада белгілі тележурналист Гүлнәз Әлімгерейдің мектеп студиясының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар көрме аясында «Жетінші арна» телеарнасы директорлар кеңесінің төрайымы Б. Жексенбайдың «Журналистік шеберлік негіздері», «Еларна» телеарнасының директоры А.Мүкейдің «Қазақстан теледидары: жаңа жағдайда жұмыс істеу», «Мінбер» журналистер орталығының жетекшісі Е.Кәпқызының «Жаңа БАҚ – баспасөз басылымдарының ертеңі» атты тақырыптарында шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. «Қазмедиа орталығының» бас директоры Қ.Сахарияновтың «Медиа менеджменттің қазіргі беталысы» тақырыбында өткен шеберлік сыныбы жоғары деңгейден көрінді.
Екі күнге жалғасқан шара соңында көрмеге қатысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне шеберлік сыныптарынан сәтті өткені туралы сертификаттар табыс етіліп, «MEDIA EXPO-2013» каталогы берілді.
Медиа ұйымдардың басын қосып, өзара тәжірибе алмастырып, бүгінгі заманның ақпарат құралдарының өзекті мәселелерін талқылауға, сонымен қатар жаңашыл жобаларды көпшілікке паш етуге арналған Бас редакторлар клубының мұндай бастамасы алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді деген сенімдеміз.
Ләззат Әбіжетқызы
http://www.elarna.com/koru_kk.php?id=212940
- Tweet

Пікірлер (0)
Оставить комментарий