«Сарыарқа самалы» «Media EXPO - 2013» көрмесіне қатысты

12.12.2013, 17:36

27-28 қараша күндері Астанадағы "Қазмедиа" орталығында "Media EXPO - 2013" ІІ республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының көрмесі өткізілді. Көрмеде республикалық баспасөз, телевизия, радио және интернет-порталдарының өкілдері өздерінің өнімдерін таныстырды. 
Өңірлік қазақ тілді басылымдар арасынан Павлодар облысынан «Сарыарқа самалы» газеті шараға жалғыз қатысты. «Аналитикалық ақпарат орталығы» ЖШС-не қарасты басылымның шыға бастағанына 2014 жылы 85 жыл толатынын айта кеткен абзал. «Қазмедиа» орталығында келушілер назарына газеттің өткен тарихынан сыр шертетін материалдар мен басылымның бүгінгі ұжымымен қолға алынған жаңа жобалар таныстырылды.
Шара барысында елімізге танымал газет және теле журналистері шеберлік сағаттарын өткізді. "7 телеарна" кеңесінің төрайымы Б.Жексенбай, "Қазмедиа" орталығының бас директоры Қ.Сахариянов, "Еларна" телеарнасының директоры А.Мүкей, "Мінбер" журналистерді қолдау орталығының медиа-тренері Есенгүл Кәпқызы өз тәжірибелерімен бөліссе, Азаматтық альянстың вице-президенті С.Рақымбекова келушілерге арнап арнайы семинар ұйымдастырды. Сондай-ақ, "Қазмедиа" орталығы" мектебінің және Гүлназ Әлімгерейдің мектеп студиясының тұсауы кесілді.
Көрме соңынан барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Шараны ұйымдастырушылардың бірі - "Бас редакторлар клубы" ҚБ президенті Кенжеболат Жолдыбай мұндай ауқымдағы көрме алдағы жылдары да жалғасын табатынын жеткізді.

http://pavlodarnews.kz/index.php/kz/novosti-3/item/17632-saryarka-samaly-media-expo-2013-kormesine-katysty

  • Tweet

Пікірлер (0)