Билік пен БАҚ: ынтымақтастық жолында

30.08.2026, 0:00

Павлодар қаласында «Журналистиканың дамуы: өзекті мәселелері мен болашағы» атты медиа-форум өтті. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған шараға «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мұрындық болды.

Қаламгерлер құрған құрылтайға облыс әкімінің орынбасары А.Д.Әбдіхалықов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, академик, абайтанушы Ғ.Есім, республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті К.Жолдыбай, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры  Ж.Кен­­жалин, РФ Халықара­лық Еуразиялық телевидение, радио және баспасөз акаде­миясының вице-президенті К.Мажейка, Новосібір об­лыс­тық Журналис­тер одағы филиа­лының төрағасы А.Челнаков, Еуразиялық зерттеулер инс­титутының медиа-жобалар директоры А.Строев және еліміздің өзге облыстары мен жергілікті БАҚ жетекшілері, жас журналистер қатысты.
– Бүгінде біздің аймағымызда меншік түрі әрқилы 110 БАҚ тіркелген. Мерзімді басылым саны 85 болса, қалған 25-і электронды бұқаралық ақпарат құралдарының еншісінде. Жалпы мемлекеттік тапсырыс көлемі жыл санап артып келеді. Жоғарыда аталған БАҚ-тың небары 20 пайызы мемлекеттік болғанына қарамастан, мемлекеттік тапсырысты үлестіру кезінде біз «ала қойды бөле қырқудан» аулақпыз. Үш жүз миллион теңге қаражатты игеруге бәрі бірдей атсалысуда, – деп атап өтті өз сөзінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәйкенұлы.

Рас, еліміздің жекелеген облыстарында тіркелген БАҚ саны біз айтып отырғаннан еселеп артып түседі. Тіпті, бір аймақта 300-ге тарта газет-журналдың шығатынын білеміз. Алайда, бұл басқосуда саннан гөрі сапа жағын арттыру бағытында сөз болды.

Өз басым Кенжеболат Жолдыбай ағамыз жайлы көп естігеніммен бетпе-бет кездесіп көрген емес едім. Бұл жолы жас журналистермен өткен шеберлік сағатында журналистиканы дамытудың жолдарын бірге іздестіріп, қордаланған мәселелер жайлы пікір алмасудың сәті түсті.
– Өмір күрес. Ол қиындықты жеңуге деген құштарлығымен ғана қызық. Ал, жеңіске жетуге талпынған жас журналистің басты қаруы – жауапкершілік пен кәсіби шеберлік. Басқадай айтсақ, журналистік этика, ар-ұждан бәрінен биік болғаны абзал. Бастысы, осы екеуін меңгерген тілші қай тақырыпты болсын қиынсынбайтыны анық, – деді К.Жолдыбай.
Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясында жалғасын тапқан қазақ журналистикасының бүгіні, болашағы жайлы әңгіме де жас тілшілер үшін шығармашылық тұрғыда шыңдалу мектебі болғаны анық.

Қазақ газеттерін шығаруда өмірлік тәжірибесі мол, көрген-түйгені мен айтары бар Жұмабек Кенжалиннің дәрісін тыңдауға аудандық және қалалық басылымдар қызметкерлері де көптеп ниет білдірді.

Ашық пікірталас түрінде өткен жүздесуде саланың түйткілдері туралы молынан айтылып, тың ұсыныстар жасалынды. Мәселен, соңғы уақытта жиі сөз болып жүрген «Журналист этикасы Кодексін» қабылдау туралы ұсыныс жиналғандар тарапынан зор қолдауға ие болды. Мұның маңыздылығын түсіндіріп жатудың өзі артық. Құжат қабылданған жағдайда қордаланған мәселелердің біразына нүкте қойылатындығы айдан анық.
Бірі сонау Мәскеу, бірі Новосібірден келген меймандар мен жергілікті журналистер тәжірибе алмасып, мақсат-мүдделерінің ортақ екендіктерін айтып жатты.
Біздің елдегі билік пен БАҚ арасындағы ынтымақтастыққа жоғары баға берген ресейліктер сапар барысында өздеріне пайдалы тұстардың мол болғанын жеткізді. Мәселен, А.Челнаковтың айтуынша, тек Новосібір облысының өзінде 5000-ға жуық БАҚ тіркелген екен, соның іс жүзінде 300-і ғана шаруаларын тындырып жатқан көрінеді. Соның өзіне шенді-шекпенділер оң көзқарас таныта алмауда деген уәжін жасырмады.
Ал, А.Строев болса, бауырлас елдің журналистеріне ортақ мәселе көбіне әлеуметтік тұрғыда екеніне назар аударды.
– Шынтуайтқа келгенде, журналистер статусы анықталмаған мамандыққа жатады. Біз мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге келгенде шетте қалып жатамыз. Ал, қоғамдағы мемлекеттік маңызы бар саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани оқиғалардың нақ ортасында жүретіндігіміз ескеріле бермейді, – деді ол.
ТМД елдеріндегі ақпарат айдынын зерттеуде тәжірибесі мол Кипрас Мажейка бүгінгі заманда «виртуалды әлемде» қарқынды серпіліс барын айта келе, посткеңестік және шетелдік журналистика арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарға тоқталды.

Сонымен, форум діттеген мақсатына жетті деуге болады. Олай дейтініміз – екі ел өкілдері ортақ мәмілеге келіп, жиын соңында резолюция қабылдады.

Сондай-ақ, мереке барысында К.Мажейка Павлодар облыстық «Бас редакторлар клубы» ҚБ төрағасы М.М.Омаровқа Халықаралық Евразиялық телевидение, радио және баспасөз академиясының толыққанды мүшесі екендігін білдіретін дипломды табыс етті. Ал, Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиа­лының төрағасы Ю.Поминов журналистика саласындағы көп жылғы еңбегі үшін бір топ БАҚ басшыларына «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы мен дипломдар тапсырды.

Жұмабек Сманов

  • Tweet

Пікірлер (0)