Бас редакторлар клубының 5-ші бөлімшесі Алаш астанасында ашылды
06.09.2026, 10:10
Алаштың астанасы Семейде тарихи оқиға орын алды - "Бас редакторлар клубы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Семей қаласындағы бөлімшесі дүниеге келді. Бірлестік мүшелігіне Семейден алғаш өткен "Байуақов ТВК-6" телекомпаниясы қаламыздағы барша БАҚ өкілдерінің басын біріктіру бастамасын көтерген-ді. Семейдегі Достық үйінде өткен елеулі шараға Клуб Президенті Кенжеболат Жолдыбай арнайы келіп қатысты.
12 қарашада бес жылдық мерейтойын атап өтпек аталмыш қоғамдық бірлестіктің бүгінге дейін еліміздің 4 аймағында: Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстанда бөлімшелері жұмысын жалғастыру үстінде. Міне, енді Семейде 5-ші бөлімшесінің тұсауын кесті. Клубтың жаңа Президенті Кенжеболат Махмұтұлы "Sunna.kz" ақпарат агенттігінің Бас редакторы тізгінін алып жүрген азамат. Бірлестіктің басты мақсаты - мемлекетімізде шығармашылық ахуалдың нығаюына, БАҚ арасында салиқалы бәсекелестіктің орнауына ықпал етіп, ұлтаралық келісімнің берік болуына үлес қосу. Осы жолда барлық мемлекеттік құрылымдар, оның ішінде билікпен бірлесе келелі жұмыстар атқаруды көздейді. Ағымдағы жылдың шілдесінен бері kgr.kz жеке сайтын ашқан қоғамдық ұйым "нағыз халықтық" ведомство саналатын - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен арнайы меморандумға қол қойып, қоян-қолтық бірлесе жұмыс жасауда. Кенжеболат Махмұтұлы өмірдің өзегі еңбек екенін тілге тиек етіп, қоғамымыздағы барлық мәселе аталмыш министрлікпен тығыз байланысты болғандықтан, ашылған сайттағы онлайн-конференция арқылы талай мәселенің басын қайыруға болатынын жеткізді. Ақпарат айдынында сондай-ақ "Еркін ой мінбері", "Шеберлік сыныбы", "Онлайн-кеңес" сынды айдарларын пайдалануға болады. Айталық, редакторлардың жеке кітаптарының не шеберлікті дамытуға негізделген еңбектерінің электронды нұсқасы жас журналистерге таптырмас көмек болмақ. Енді Семейдегі кез-келген баспасөз құралының, радиосы мен телеарнасының болашақта ашылмақ жеке сайтына осы жерден жол тартамыз. Бүгінгі таңда аталмыш клубтың мүшелігіне ресми түрде еліміздегі 206 ақпарат құралдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен бас редакторлары тіркелген. "Байуақов ТВК-6" телекомпаниясының Бас директоры Омарбек Байуақов аталмыш клуб мүшелігіне өткен семейлік БАҚ басшыларының алғашқысы. Клубтың Семейдегі бөлімшесінің ашылуына мұрындық болған Омарбек Қазанғапұлы қоғамдық жұмыстың алға өрлеп кетуі жолында құрылтайшылық міндетін өз қолына алғанды жөн санап:
- Халық пен билік арасындағы көпір саналатын БАҚ өкілдері үшін бүгін елеулі оқиға деп білемін. Клубтың есігі тек басшылар мен бас редакторлар қауымына емес, сондай-ақ барлық журналистер мен қаламгерлерге әрдайым ашық болуы тиіс. Белең алған қандай да бір келелі мәселенің республикалық деңгейде шешілуіне зор мүмкіндіктің ашылғаны деп білгейсіздер,- деп түйіндеді ойын.
Ал, бөлімшенің төрағалық тізгіні журналистиканың ыстық-суығына қаныққан қаламгерлер - Дәулет Сейсенұлы мен Владимир Пигаваевтарға жүктелді.
Өз кезегінде Кенжеболат Махмұтұлы: "Биліктің өзіне жүктелген өкілеттерін асыра пайдаланбауын қадағалауда БАҚ-тың міндеті айрықша. Тек журналистер қауымы өзінің осы артықшылығын өзге мүдделерге пайдаланбаса болғаны. Яғни, бұл жерде журналистер әр сөзіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жасыратыны жоқ, ерекше қарқынмен даму жолына түскен бүгінгі журналистикада ғаламтор ойып тұрып орын алды. Қазір ғаламторды жарты күнге өшіріп тастайықшы, газетің де, журналың да уақытылы жарыққа шықпас еді. Кей әріптестеріміздің сенсация қуалау, жалған ақпараттарды интернеттен көшіру, сондай-ақ өсек-аяңнан құралған сөздерді қолдануы қоғамды дүбірлетіп отыр," - деген пікірін ортаға салды.
Осылайша, басқосуға қатысқандар алыс-жақын өзге мемлекеттерде көп жылдар бойы өзіне тиісті міндеттерін абыроймен атқарып келе жатқан Журналистік этика Кодексін тез арада қабылдайтын құжат деп санайтындары туралы үндеу қабылдады. Жиналған бас редакторлар қауымы бұл игі бастаманың қағаз жүзінде қалып қалмай, семейлік журналистердің ынтымақтастығы мен шығармашылық әлеуетін арттыруға ықпалы мол болса деген тілектерін жасырмады.
Әйгерім Ермырза.
"Ертіс өңірі" газеті
- Tweet


Пікірлер (1)
YShT9D sycwiezbaiyw, [url=http://cllashvxscau.com/]cllashvxscau[/url], [link=http://hqxwctbiquzz.com/]hqxwctbiquzz[/link], http://uuojwuzzebac.com/
Оставить комментарий