Көрмедім, Естімедім, Үндемеймін
17.08.2026, 14:31
Анау-мынауды қойып, мемлекеттік рәмізге тіл тигізетін әңгүдіктер көбейді. Елдiң көсегесін көгерту емес, керегесін сөгетін ниет. Айқайлатып айтсақ, шовинистің саусағы шүріппеде. Билік, ұлтжандылар, оппозиция үнсіз. Мұндай ахуал «үш маймыл» ойынын еске түсіреді еріксіз. Бірі көзін, екіншісі аузын, үшіншісі құлағын жабады. «Көрмедім, естімедім, үндемеймін» дегені. Әсілі, ойынның қағидасы құпия қызметтің табиғатына жақындау. Кезінде «Абвер» (фашистік Германияның құпия қызметі) бастығы адмирал Канаристің жұмыс үстелінде әлгіндей кейіпте көрінетін үш маймылдың мүсіні тұрған деседі. Десек те, білгіштер үш мүсіннің тарихын XVII ғасырдағы Жапонияға апарып тірейді. Пәлсапаның тамыры ежелгі Үндістанда дейді енді бір дерек.
Қадым заманнан да тым әріде таудың бір беткейінде жаны жомарт, парасаты пайымды маймыл патша өмір сүріпті. Екінші беткейде ниеті шырғалаң шайтан бар екен. Маймыл патшалығында тұратындар шайтанға ұшыраспауы тиіс. Сор айдап, кездесе қалған бейбаққа лағынет жауып, тас бораннан ажал құшады. Өзі ғана өлмей, күллі патшалық жермен-жексен болады. Наным-сенім сондай.
Патшаның ақылды үш уәзірі бар екен. Олар бір күні таудың төбесіне гүл теруге шығады. Билеушіге беру үшін. Сөйтіп, ең хош иісті гүл іздеп жүріп, таудың екінші беткейіне өтіп кеткенін байқамай қалады. Бір кезде бұтаның арасынан дыбыс естіледі. Бұлар білгісі кеп, қалың бұтаның ішіне кіреді. Шайтанды көзі шалады. Маймылдың бірі көрмейін деп көзін көлегейледі. Шайтан шыңғырып жібереді. Екінші маймыл естімейін деп қолымен құлағын тығындайды. Үшіншісі сол жерде сілейіп тұрып қалады. Қорқынышты сырды ешкімге тіс жармау үшін алақанымен аузын жауыпты. Үрейі ұшқан үшеу бір ағаштың түбіне тығылып, ертеңге амал іздейді.Ақыры «оқиғаны ешкімге айтпаймыз, патшалыққа қауіп-қатер төндірмейміз» – деп шешеді. Сөйтеді бірі – қолын көзінен, екіншісі құлағынан, соңғысы аузынан мәңгі алмайтын болыпты.
Жаһандану тұсында оғаш қылықты, оспадар ойды көрмеу, естімек мүмкін емес. Үндемеу де күнә. Мемлекеттік рәмізге тіл тигізу – шаңырағына шабуыл жасауға тырысқаны. Бізде мемлекеттік хатшы, президенттің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі бар. Идеологиялық жұмысқа тікелей жауап беретін. Парламентте халық қалаулылары отыр. Саяси партиялар ұрандатып жүр идеологиялық майданның алғы шебінде. Бұған ұлт тағдырына жанашыр қоғамдық қозғалыстарды қосыңыз. Оппозициямыз бар мемлекеттің мүддесін күйттейміз дейтін. Бәрі ләм-мим. Шырылдайтын сол баяғы қазақ баспасөзі.
Әйтпесе, Әнұран – мұраты мұзарт мемлекеттің мерейі һәм беделі. Содан шығар, көздің қарашығындай қорғайды. Таяу Шығыстағы бір мемлекеттен тәлімді тәмсіл. Бір ауылдық жерде бір үйдің баласы жантүршігерлік қылмыс жасайды. Жәбірленушінің туған-туысқандары «қанға - қан, жанға-жан» салтымен әлгі үйге лап қояды. Қылмыскердің жақтастары да аз емес. Тәртіп сақшылары екі жақты сабырға шақыра алмай шарасыз. Осылай тұра берсе, қанды қырғын басталуы ықтимал.
Жасақтың бастығы дереу магнитофон (үнтаспа) алдырады. Сол елдің Әнұраны орындалғанда жұрт абдырап қалады. Сосын дереу қолын жүрегіне қойып, қосыла шырқайды. Осыны пайдаланған жасақ дереу қимылға көшіп, қантөгісті ауыздықтапты. Бұл туралы жергілікті басылым Әнұранның бұл елде қаншалықты қадірлі де қастерлі ұғым екенін тамсана жазды...
Срайыл Смайыл
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий