Ата Заң – жетістіктерге жетелейтін жарқын жол
28.08.2026, 13:59
Мінеки, 17 жыл қатарынан 30- шы тамызда еліміздің ең маңызды заңының мерекесі – Конституцияны бүкіл халық болып тойлап келеміз. Бұл енді түсінікті де. Өйткені, Ата заңымыз халықтың өзінің тікелей араласуымен қабылданып, байырғы қазақ жерінде демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет орнықтыруға нық қадам жасалды, әрі адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы болып танылды. «Көптің аузы киелі» деген қазақ халқының мақалы осындайда айтылатыны бекер емес.
Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Негізгі заңды дайындау барысында оның қандай болуы керектігіне қатысты айтқан мына бір сөзін келтіре кеткен жөн: «Бізге біреулердің конституциясын көшірудің қажеті шамалы. Біздің Негізгі заңымыздың қазақи таңбасы болуы керек, өн бойына ол ежелгі қазақи дәстүрді және болашаққа деген қазақи көзқарасты сіңіруі мейлінше қажет».
Расында, тарихқа жүгінсек қазақ қауымында ежелден «Қасымханның қасқа жолы» және «Есімханның ескі жолы» атты өзіндік салт-дәстүрлер мен заңдар үстемдік құрған. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» осы екі құқықтық актілердің жиынтығы негізінде дүниеге келгенін білу ләзім. Жалпы, «Жеті жарғыны» Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би тәрізді сол заманның көрнекті тұлғалары Шымкенттің түбіндегі Құлтөбеде құрастырғаны белгілі. Негізі бұл заңдар жиынтығы өз заманында азаматтық қоғамның, мемлекеттік өмірдің, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық құқықтардың өзекті мәселелерін тиісінше реттеп отырған. Бір айта кетерлігі, заңның барлық талаптары қазақ даласында ешбір әскери немесе басқа да күш қолданбай-ақ, билердің нақты шешімдеріне орай оңтайлы шешіліп отырған. Сайып келгенде, «Жеті жарғы» қазақтардың құқықтық өмірін реттей отырып, хандық биліктің негізгі тірегі бола білді.
Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы ең алғаш 1993 жылы қабылданғаны бәрімізге жақсы мәлім. Алайда, бұл Конституцияны түбегейлі дайындауға уақыттың тапшылығы кері әсер етіп, ол ішкі қайшылықтарға толы болып шыға келді, ал өз кезегінде бұл қоғамның өзекті мәселерін шешуге едәуір қол байлау болды. Сондықтан, 1995 жылы бүкілхалықтық референдумға қатысқан халықтың 90 пайызға жуығы, яғни жеті миллионнан астам азамат елімізде жаңа Негізгі Заң қабылдануы қажет деп шешті. Осы тұста мынаған назар аудара кетсек. Конституциялық құрылымның бастауында қазақстандық қоғам алдында өте күрделі, жан-жақты және жауапты мәселелер тұрды. Атап айтқанда, Кеңес үкіметі тараған соң егемендігін алған мемлекеттердің билік органдары, қоғамдық институттары және қарапайым азаматтары бастарынан ауыр күй кеше бастады. Одақтық республикалар арасындағы жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық байланыстар үзіліп, ел экономикасы бей-берекет болып, қоғамда жүйелі дағдарыс орын алды. Сөйтіп, халықтың өрекпіген көңілін мұң басты. Осындай жағдайда мемлекеттікті нығайту, билікті және басқару жүйесін түбегейлі қайта құру қажет болды. Сондықтан, Қазақстан халқы Ата заңды қабылдауға дауысын бере отырып, президенттік басқару жолын таңдады. Бұл таңдаудың дұрыстығын қазір өмір көрсетіп отыр. Осы қысқа ғана уақыт ішінде Қазақстан өзінің демократиялық дамуында зор табыстарға қол жеткізді. Басты жетістіктердің бірі ретінде қазіргі қоғамның әлеуметтік құрылымының мүлдем өзгеше сипат алуы дер едік. Мәселен, қазір қазақтардың саны 61 пайыздан асып, өзінің айналасына 130 ұлттың өкілдерін ұйыстырып, ортақ мүдделі бірыңғай Қазақстан халқын құрап отыр. Сондай-ақ, экономика саласында мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншік түрлері пайда болып табысты жұмыс істеуде. Азаматтық қоғам институттары толық аяқтарына тұрып елімізде демократиялық құндылықты баянды ету жолында тер төгуде. Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың тиімді жүйесі қаланып, еліміздің халықаралық деңгейде беделі артып келеді. Жалпы алғанда, әуелгі кезде, билік бір қолға көшсе жағдайымыз мүшкіл болады деген алаңдаудың орынсыз екендігін өткен 2007-2009 жылғы әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс және сол тұстағы экономиканы «қолмен басқару» үлгісі дәлелдеп берді. Баршаға белгілі, Президент-Парламент-Үкімет мемлекеттік органдар тізбегі жедел де қарымды жұмыстарды әдеттегі конституциялық тәртіппен атқарды, сөйтіп осындай бөліністегі билік құрылымдары тағы бір сынаққа төтеп берді.
Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Осы жылдар ішінде Конституция өзінің жаңарып отыруын қажет еткені де шындық. Мемлекет демократияны нығайтуға, көппартиялы саяси жүйе қалыптастыруға, қоғамдық ұйымдардың құқығын кеңейтуге, билік жүйесін жетілдіруге тұрақты мүдделі. Сондықтан, Негізгі заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп отырылуы түсінікті жәйт. Осы орайда, ең маңызды өзгерістер деп 1998 және 2007 жылдардағы түзетулерді толық айтуға болады. Мәселен, 1998 жылғы 7-қазанда партиялық тізім бойынша сайлау институты тағайындалды, ал бұл саяси партиялардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік берді. Конституциялық реформаға сәйкес қоғамды одан әрі демократияландыру бағытында 2007 жылы бір топ заң жобалары қабылданды және бұл үрдіс 2008 жылы да жалғасты. Нәтижесінде, саяси партияларды тіркеу біршама жеңілдетілді, БАҚ-қа қойылған бірқатар шектулер алынып тасталынды, Мәжіліс көппартиялы палатаға айналып, онда қазір Қазақстан халқы ассамблеясы депутаттарының сыртында үш партиядан тұратын депутаттар корпусы жасақталған. Жалпы алғанда, президенттік басқару үлгісінде парламенттің үлес салмағы біртіндеп артып келе жатқанын айтқан абзал. Сондай-ақ, елімізде азаматтық қоғамды дамыту концепциясын енгізу және ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жалғасын табуда.
Негізінде Конституцияның мүмкіндігі әлі толық пайдаланылмай отыр және ел экономикасы дамыған сайын оның мазмұны кеңейіп, толығымен іске кірістіруге мүмкіндік турары сөзсіз. Нақты айтсақ, мемлекеттің әлеуметтік саланы дамыту, инновациялық индустрияландыруды және еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы елу елдің ішіне енуін қамтамасыз ету үшін азаматтарды шығармашылық және жоғары өнімділік еңбекке мейлінше тартып жатқан қазіргі бағыты Ата заңымыздың қосымша ішкі мүмкіндіктерін ашып берері анық. Мұның өзі, түптеп келгенде, еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына жиырма қадам» атты іргелі мақаласында айтылғандай әрбір қазақстандық отбасы мен әр қазақстандықтың өміріне шынайы сезінерліктей оң өзгерістер әкелеріне күмән жоқ.
Жоғарыда айтқандай, Конституция мемлекеттің ең бір маңызды заңды құжаты. Оны сыйлау, тарихтағы, қазіргі замандағы әрі болашақтағы ерекше орнын түйсіну, конституциялық басымдықтар мен нормалармен есептесу және оларды іске кірістіру барлық азаматтардың қасиетті борышы саналады.
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы.
Астана қаласы.
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий