ҰЯТ ШІРКІН УЫСТАН СУСЫП БАРАДЫ
04.10.2026, 13:09
«Өлімнен ұят күшті». Қазекең ұят ұғымын осылайша салмақтаған. Оның қадіріне осылайша жеткен. Осы бір қанатты қағидада пәлсапалық қатпарлы ойдың бүтіндей орманы жатыр бөгіп.
Ал, Бауыржан Момышұлы «Қанмен жазылған кітапта» бұл ұғымға былай деп анықтама берген: «Ұят - жасаған әрекетіңнің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау – масқара болушылық.
Сонау жылдар тасасында қалған балалық шақтағы ескірмейтін естеліктердің де бірсыпырасы осы ұят ұғымын әдіптейтіні шындық. Ертеректе әке-шешеміз «Сұғанақтық жасама, ұят болады», «Кісінің алажібін аттама, ұят боладыны» жиі-жиі қайталайтын. Айтып қана қоймай, осының мүлтіксіз орындалуын қадағалайтын. Талап ететін.
Совхоздың бір тышқақ лағы өлсе, шопан бейбақ соның есебін қайтып шығарам, себебін қайтып дәлелдеймін деп әбігерге түсетін. Қамбадан қап астық ұрланса, ауыл адамдары аяғынан тік тұратын. Кінәлі табылып, ол жазасын алғанша ел кісілерінің ішкені ірің, жегені желім болар еді. Бұл – ел іші дініне беріктігінің ар-ұят өлшемі биіктігінің белгісі еді.
Осы жағдай күні кешеге дейін қалыптасқан үрдіс болды. Нарықтық қатынас жарықтық өзімен бірге ел шаруашылығына еркіндік әкелді, жұрт белсенділігін оятты. Сонымен қоса қулық-сұмдықты, «бармақ-басты, көз қыстылықты» ала келді. Имандылық, ибалылық дейтін құндылықтарға көлеңке түсе бастады... Мұның бәрі соңғы он-он бес жылдың төңірегінде баспасөзге талай мәрте жазылып, радио-теледидардан талай мәрте айтылып келе жатқан жағдайлар. Олай болса, осы жараның аузын неге қайта тырнамалап отырмыз деген сауал туады.
Ана бір кезеңдері Талапкер Иманбаев қазынаға қол салып, шетелге қашқанда ел іші дүр етіп, бір басылған. Төбеден жай түскендей оқиға-ақ болды. Ол елді әрі-сәріге түсірген 90-жылдар еді. Жыртығын жамай алмай отырған кісілердің талайының миына қан шапшыды. Халық кіжінді. Тіпті қорланды...
-Ол қуды ұстап әкеп соттау керек!
-Соты ашық болсын. Өзгелерге сабақ болсын.
-Ашық алаңға тірідей әкеп дүрелеу керек!...
-Ұрлық қылған қолын қидалап тұрып шабу керек.
-Ел іші осылайша біразға дейін дүрдігіп тұрды. Өрек боп тұрды. Араға біраз уақыт түскеннен соң осы у да шу саябырсып ақыры ол оқиға ұмытылып тынды.
Қазір Иманбаевпен ешкімнің шаруасы да жоқ. Біреулер айтады: «Ол алты құрлықтың аржағында жұмақта өмір сүріп жатыр» деп. Ендібіреулер кекесімен мырс-мырс күліп: «Ей, осы Тәкеңдікі дұрыс па деп қалдым, жанды қинап жұмыс істегенше мол ақшаны шетінен кертіп жатқан да бір жанға рахат қой.
Бертін талапкердің ұрлаған қаржысының ширегіндей ұрлық әр жер-әр жерде көрініп қалып жатты. Алғашында «Оу, осыған тоқтау салу болмай ма?» деген жұрттың кейін мұның бәріне құлағы үйреніп кетті. Түйені түгімен, вагонды жүгімен ұрлайтындар ресми қағаздарда тіркелуін тіркеліп-ақ жатыр, ал бірақ осы індетке қайран болмай отыр.
Мұны айтып отырған себебім, жуырда ел қазынасынан соңғы екі жылда 2,5 миллиард теңге жоғалғаны ресми түрде айтылып, 2010-2011 жылдары 262 қылмыстық іс қозғалғандығы мәлімденді.
Ұрлық үдеп барады... Жуырда Республикамыздың Мемлекеттік Қызмет істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов мәлімдеме жасады. Оның талап етуінше, лауазымды қызмет иесінің қарамағында жұмыс істейтін кісі әлдеқандай қылмыстық іске қатысы, я болмаса мекеменің абырой-беделіне кір келтіретін жағдайға киліксе, кінәлі тұлғамен қоса сол мекеменің басшысы да қызметпен қош айтыспақ. Бұл – көптің көкейінен шығатын талап. Осы қағидатты бұдан 10-15 жыл бұрын арнайы бекітіп, нормаға енгізгенде кейбір құлдық көмейлер айын жияр еді. Алматы қаласының бұрынғы әкімі Вячеслав Храпуновтың бір басындағы байлығы неге 390 000 000 доллар, оның ұлы Ілияс пен Эльвираның байлығы неге 350 000 000 –нан астам доллар деген сауалға шарқ ұрып жауап іздемес едік. Сондай-ақ, бүгінгі қысыр әңгіменің қидалауына айналған атышулы Мұхтар Әблиязов БТА банкінен қалайша ғана 900 000 000 долларды сыпырып кеткен деп қайран қалмас едік. Бұл - Қазақстан қаржысының сыртқа кетуінің зары болса, ел ішіндегі іс басындағы азаматтар халық тағдырын сеніп тапсырған кресло иелері де осы марафоннан қалыспай жатыр.
Жұмабек Кенжалин
«Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы
- Tweet


Пікірлер (2)
The ability to think like that is awalys a joy to behold
Clear, ifnoramtive, simple. Could I send you some e-hugs?
Оставить комментарий