Қазақ тілді БАҚ: Өзекті мәселелері мен шешу жолдары
18.11.2013, 9:00
Біздің халқымыз сөздің құдіретін ерте білген. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» демей ме. Олай болса ақпарат легінің өз еліміздің мүддесіне дөп табылар тұсын аңдап отыру - парызымыз әpi міндетіміз. Сондықтан кейбір мәселелерді ортаға салуды жөн көріп отырмын және олар Бас редакторлар клубы отырыстарында айтылып жүрген, сондай-ақ қазақ редакциялары басшыларының ұсыныстары, баспасөзде жарияланған пікірлері мен дәйектемелері негізінде түзілгенін ескерте кету орынды деп білемін. Олар мыналар:
- Билік тарапынан қазақтілді БАҚ-тарға деген немқұрайлылық басым. Мұны көп жағдайда мойындағылары келмейді. Бірақ шындық осы. Ал шенеуніктер қазақ газетін оқымаған соң, қазақ мәселесін жете түсінеді деп айту қиын. Қазір жоғарыдағылардың газетте жазылған сын мақаланы окып, оған жауап бepyi өте сирек десек, қазақтілді газеттердің сынына шенеуніктер тіпті шекесінен қарайды. «Тыңдалмаған сөз жетім» дегендей, осыдан кейін газет сөзінде қадір қала ма?! Негізінде, БАҚ пен билік етене қарым-қатынаста болып, ұдайы пікір алмасып отырса, қалың бұқараның отандық масс- медиаға сенімі көп артар еді. Бұл - барлық демократиялық елдерде бар тәжірибе. Сол себепті де олардың БАҚ-тары үстем орында.
- Қазақ баспасөзіндегі іргелі мәселе - қазақ басылымдарының көбі мемлекеттен бөлінетін ақшаға мұқтаж. Сондықтан, қазақ бacпacөзi өзін тауар ретінде ұсына алмай келеді. Жарнама жағы жөнді жүрмейді деуге болады. Аталмыш мәселені оң шешудің ең тиімді жолы ретінде «Жарнама туралы» заңға «Мемлекеттік тілді қолдау мақсатында ipi өндірістік Ұлттық компаниялар, орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысып жүрген заңды тұлғалар, бизнес саласының өзге өкілдері жарнамаларын қазақтілді басылымдарда орналастыруға міндетті» деген өзгеріс енгізу қажет.
- Басты мәселелер қатарына журналистика мамандарының сапасы мен оларды дайындауды жатқызуға әбден болады. Жылына қанша маман даярлап жатсақ та жергілікті баспасөздердемаман мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Аудандық, қалалық газеттерде жастар жоқтың қасы, кілең зейнет жасына жақындағандар. Былтырғы жылы Павлодар қаласында өткен «Журналистиканың өзекті мәселелері және болашағы» атты халықаралық медиа-форум аясында аудандық редакциялар қызметкерлерімен болған кездесуде бұған тағы бір көзімді жеткіздім.
Жалпы, маманды көптеп шығаруды емес, білікті мамандарды даярлауды мақсат ету керек. Мысалы, батыста біздегідей лекті маман даярлау емес, нақты тұлға шығаруға ден қояды. Осы үлгіні біздің ipi компаниялар қаперге алса, мамандарды сапалы да білікті eтіп шығаруға мұрындық болар еді. Сөйтіп, көп нәрседен ұтар eдiк.
- «Тілдер туралы» заңда белгіленген талаптарға қарамастан республикалық коммерциялық телеарналар мемлекеттік тілге қатысты тілдік норманны сақтамайды. Солай бола тұра тиісті заңның сақталуын қадағалаушы орындар жағынан нақты ic көрінбейді.
- Қазақ радиосына қатысты бip жайт. Бүгінде Қазақ радиосы, «Шалқар» icпeттi елдің бетке ұстар арналары ауылға тeгic таралып жатқан жоқ. Ендігі бip мәселе. Қазақ аудиториясына қызмет ету – Қазақ радиосының ғана қызметі емес. Қазақстан әуе толқынында коммерциялық радиолар да қазақ тілінің мүддесін қорғауы керек. Әзір олар қазақ редакцияларын ашуға ынталылық танытпай келеді.
- Қазір Қазақстанның ақпарат кеңістігінде шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары еркін таратылады. Бip жағынан қарағанда, бұдан келер бәлендей қауіп жоқ. Егер біздің тәуелсіздігімізге, мемлекеттік мүддемізге нұқсан келтіретін идеялармен шұғылданбайтын БАҚ-тар болса, бiз одан eшбip зиян шекпейміз. Қайта БАҚ араларында бәсекелестік күшеюі арқылы біздің журналистика шыңдала түсері анық. Алайда кірме басылымдарды елге енгізгеннің зиянды жағы жоқ емес. Бұл - ақпараттық қауіпсіздікке қатысты заң қажет деген сөз. Сонда бiз елге келіп жатқан шетелдік басылымдар арасынан өзімізге керегін ғана сұрыптап алар едік. Сонымен бipre, жақын әрi алыс шетелдердегі отандастарымызды елімізде шығатын БАҚ-тармен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілеpi анық.
- Бізде мемлекеттік қызметкер, медицина, педагогика салаларының әлеуметтік мәртебесі белгілі бip деңгейде ескерілген. Яғни, мемлекет тарапынан әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Кішігірім материалдық көмектерден бастап, баспаналы болуға аз да болса мүмкіндік бар. Ал «төртінші билік» деген едәуір бейресми атауы бар ақпарат құралдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі әлі анықталмаған. Мұны - БАҚ-тың дені жекеменшік деп түсіндіреді. Шынтуайтында, батыста ақпарат құралдары о бастан жекелеген азаматтардың қолына өткеніне қарамастан, АҚШ, Канада тәрізді өзіміз үлгі тұтатын мемлекеттерде журналистердің мәртебесі өте биік. Ендеше, бізде де журналистерге жағдай жасалу қажет. Үкіметтің акциялары үлесінің басым бөлігі мемлекеттік болып табылатын БАҚ-тарда қызмет жасайтын журналистердің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлер мәртебесіне теңестірілуі қажет, ал жеке меншік ұйымдарда журналистің әлеуметтік қорғалуын өкілетті орган басылымдардың құрылтайшыларынан, оларды ресми тіркеу кезінде талап eтyi керек.
- Қазақстанның Қылмыстық Кодексінің 129 және 130 баптары «Жала жабу» және «Қорлау» деп аталып, азаматты қылмыстық жазаға сөз үшін де тарта алады. Мұндайда қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген демократиялық мәні зор көне нақылы epiксіз еске түседі. Олай болса, БАҚ-тағы диффамация үшін журналисті қылмыстық жауапкершілікке тартуды біржолата жою қажет. Сондай-ақ, қазіргі заңнамада моральдық зиян және абыройы мен қадір-қасиетін қорғау ici бойынша БАҚ-қа талап мерзімі бекітілмеген. Сондықтан, талаптың шекті мерзімі бip жылды қалпына келтіру керек әpi мұны заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Моралдық нұқсанға байланысты талапкерлердің шексіз көлемде ақша талап етулеріне де тосқауыл қоған абзал.
Бip нәрсе айқын. Қазір ақпарат үшін, сана үшін талас, бәйге қатты. Ал, бәйгеде өз аулымыздың тайын оздыру - бәріміз үшін аса зор міндет. Ендеше жоғарыдағы өзекті мәселелердің оң шешілуіне билік мүдделі әрі бұл мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі қағидаттарына толығымен сай келеріне күмән жоқ.
Кенжеболат Жолдыбай,
Бас редакторлар клубы президенті
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий