Астананы әлемдік БАҚ орталығына айналдырсам деген ой болған еді.
18.11.2013, 9:00
Есімде, Астананың ресми тұсаукесерінде бәріміз де жанталасып жұмыс істедік. Тіпті, түннің бір уағына дейін дамыл таппадық. Ал таңертен ерте жұмыста боламыз. Әділбек Жақсыбеков те өзі әкіммін деп шалқайған жоқ. Ел қатарлы жанталасты. Арасында журналистерге де уақыт табады. Астананың гүлдену, өркендеу жолындағы еңбек – басшымыздан тартып, бәріміздің де елімізге, жас астанамызға деген сүйіспеншілікте туған еді. Дәл сол кездегідей патриотты рух қазіргі жастардың бойынан да табылса деймін.
Қазіргі Астананың келбеті ел сүйенерлік. Бас қаланы жан-жақты әспеттеуге барлық жағдай бар. Соған қарамастан елордамызды насихаттау жағы бұрынғыға қарағанда саябырсыған көңілді құлазытады. Кезінде баспасөз хатшысы болып жүргенде көкейім Астананы әлемдік БАҚ орталығына айналдырсам деген ой болған еді. Осы мақсатты қазіргі жастар жалғастырса деймін. Астана әлемге танылып болған деп отыра беруге болмайды. Әлі имиджін қалыптастыруымыз керек. Елорданы өркендету, оны насихаттау жұмыстары ешқашан үзілмеуі тиіс.
Мына жағдайды ерекше атап айтқым келіп отыр. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті-Елбасымыз жаратушы иеміз аллатағала сыйлаған ақыл-ойымен, өзінің ерен де ерекше қабілетімен, көрегендігімен, күш-жігерімен, парасаттылығымен және үлкен стратег басшы ретінде сан ғасырлық тарихи бар өз халқын тұңғыш рет біртұтас ел ретінде біріктіре алды және Есіл өзенінің жанынан, су жаңа Елорда- Астана қаласын тұрғызды. Абылайханның арманын жүзеге толығымен асырды.
Мен еліміздің еңселі ордасын ерекше жақсы көремін.Оған төрт себеп бар.
Біріншісі: жиырмасыншы ғасыр мен жиырма бірінші ғасыр тоғысында , туған еліміздің абыройын асқақтатқан, ұлт өмірінде өте сирек кездесетін тарихи оқиға орын алды. Ол- қазақтың кең жазира даласы сарыарқаның нақ төсінде теңдесі жоқ , таңғажайып жаңа шаһар –Астана қаласының салынуы. Бүгін Астананы бүкіл әлем танып, мойындады.Астана –дүниежүзіндегі ең сәулетті қалалардың біріне, қазақтардың басты мақтанышына айналды. Ол- ең алдымен Елбасымыздың ерлігі әрі көрегендігі. Ұлы жүректің – туған Отаным деген соғуынан болған дара бастамасы және мәні де маңызы ерекше әлемдік Жобасы. Астана мені баурап алды.
Екінші себеп: осы шаһарда менің де бағым жанып , жұлдызым жарқырады. Тағдырдың қалауымен маған жаңа Астананың тұңғыш баспасөз хатшысы болу бақыты бұйырды. Бес жарым жыл қайнаған қазанның, тарихи оқиғалардың эпицентрінде жүрдім. Керемет жобалардың жүзеге асуының басы-қасында болып, қаланың жетістектері мен жеңістеріне тірідей куа болған жанмын.. Қолымда сол кездің тыныс-тіршілігінен, тәй-тәй басқан елорданың дамуынан барынша мол мағлұмат беретін Архив құжаттары сақталған. Сөзімді түйіндеп айтсам, бірінші күннен бастап 15 жылдың ішінде әсем қала, ертегі шаһар Астанамен біте қайнасып кеткем.Осында ұлымызды үйлендіріп, қызымызды тұрмысқа ұзаттық. Қазір жұбайым Қайкен екеуіміз олардан 4 немере сүйіп отырмыз. Немерелерімнің алды мектепте оқиды.
Үшінші себеп: Астана маған әдебиет кеңістігіне жол ашты, қаламгер болып қалыптасуыма ықпал етіп отыр. Қолым қалт етсе , қаламымды алып Астанаға арналған шығармалар жазамын. Мен жазып жарыққа шығарған «Көк күмезді-Астана», «Астана-город солнечной мечты», «Астана- жерұйғы елімнің», «Астана-триумф страны», «Астана-ел жүрегі», «Астана –сердце страны», «Алғашқы астаналықтар», «Первопроходцы Астаны», «Астана баспасөзінің шежіресі», «Летопись столичной прессы» атты кітаптарым мен «Тұңғыш» атты спектаклім елорданың бірінші күндерінен, 15 жылдық тарихынан сыр шертеді.Олар оқырмандар тарапынан өз бағасын алған еңбектер. Қазір «Астана хикаялары» атты әңгіме –кітапты жазу үстіндемін. Одан үзінділер журналдарда басылды.Осы кітаптардың ішінде шоқтығы биіктігі «Алғашқы астаналықтар» энцикопедиялық жинағы. Оған Елбасы Н.. Ә. Назарбаев бастаған 186 алғашқы астаналықтардың анкеталары мен естеліктері басылды. Бұл жоба төңірегінде біз 500 ден аса адамдардың анкетелерын жинап отырмыз. Ол материалдар әлі екі кітапқа жетеді деп отырмын.
Төртінші себеп: cенімді әріптестеріммен бірігіп Астана қаласының және еліміздің ақпарат кеңістігінде өз орыны бар «ТҮГЕЛ МЕДИА» атты қуатты ақпараттық серіктестік ашып , оның жұмысын үзбей жүргізіп келеміз. Ұйымның ұраны: «Біз журналистер, біз біргеміз!», «Мы журналисты-мы вместе!» деп аталады.Бірлестік мына журналдарды шығарады:
1.«Қазанат»
2.«Құлыным»
3.«Біз, Астаналықтар!»
4.«Ұлы дала қырандары»
5.«Керемет той»
6.«Журналистер әлемі»
7.«Ұлттық спорт»
Жалпы алғанда бірлестіктің құрамында 15 БАҚ-тар бар. Біз бұл межеде әсте тоқтап қалмайтынымыз анық. Бұл тұста айтайын дегенім осы журналдар, баспасөз клубтары, газет-сайттар ел егемендігімен Астанаға адал қызмет істейді және істей береді.
«Түгел Медиа» бірлестігі қазіргі таңдағы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар боп оза шапқан баспасөз орталықтарының бірі. Баспасөз бірлестігі қоғамдық-саяси және тағылымдық басылымдарды жарыққа шығарып қана қоймай, тарих беттерінде өзіндік із қалдыруда белсенді қызмет атқарып келе жатқан бірлестік. «Түгел Медиа» бірлестігінің бас редакторы ретінде осы елеулі істердің басы-қасында болып, ел игілігі үшін қызмет атқарып, азаматтық борыштарымның бірін өтеудемін. Біздің баспасөз орталығы республикалық баспасөз әлеміндегі қаламы ұшталған майталмандардың орталығы.
Аталмыш журналдарға жекелей тоқтала кетсем....
«Біз – Астаналықтар!»....Астана – қазақ елі болашағының қаласы. Мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің, ең бастысы – еліміздің көгілдір туы желбіреген тәуелсіздігіміздің ордасы. Жаңа Астанамыздың құрылысы – жас мемлекетіміздің жасампаздыққа ұмтылысының, бүкіл қоғамымыздың жаңаруының ерекше символына айналған кұбылыс. Аз уақыттың ішінде көркейіп, түрленіп, тәуелсіздігіміздің түлегі, Отанымыздың жүрегі – Астанамыз да елдігіміздің жаңа беттерін ашқандай, тәуелсіздігімізді әйгілеп тұр. Жастарымызды болашаққа бастайтын бас қаламыз, арман қала – өнер-білім мен мәдениеттің, ғылымның ордасына айналуда. Бұны көру, сезіну де бір бақыт, маңдайға біткен бақ емес пе?!
«Біз – Астаналықтар!» атты журналды шығарудағы мақсатымыз – жаңа Елордамыз – Астана қаласының бүкіл тыныс-тіршілігін, тарихын, дамуын көрсету және насихаттау. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, астаналықтардың ерен еңбектерін жан-жақты көрсету басты тақырыптарымыздың бірі болады. Сонымен қатар бұл басылым қала өміріндегі проблемалар мен орын алған кемшіліктерді де сын тезіне алып отыратын болады.
«Керемет той»....Журналымыз ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту мақсатында 2003 жылы Астана қаласында құрылған «Керемет той» продюсерлік орталығының жанынан ашылып отыр. ХХІ ғасырда көпшілік батысқа еліктеп, әр түрлі той-томалақты: үйлену тойы, туған күндер, мерейтойлар және т.б. батыстық үлгіде өткізуге тырысып бағады. Әрине, бұл үрдісті түбегейлі жаман деуге болмас, бірақ ата-бабадан мирас болып қалған, астарында терең пәлсапалық мағына жатқан ұлттық салт-дәстүр мен рәсімдерді ұстанғанға не жетсін. Үйлену тойы тәрізді мереке – тарихи түп-тамырымызға жақындаудың тағы да бір тамаша мүмкіндігі.
Журналымыздың әр санында Қазақстанды мекендейтін әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың үйлену тойын өткізу дәстүрлері туралы ғибратты әңгіме айтылады. «Керемет той» журналы отбасын құруға дайындалып жатқан жастар үшін көмекші болып табылады. Сондықтан біздің басылым жас жұбайларға арналған керекті ақпараттарға толы.
«Ұлттық спорт» - қазақ халқының төлмұрасы ұлттық ойындарына арналған. Қазақтың қазақтығын танытып, атағын аспандататын ұлттық ойындарымызды жоғалтпай, өзіндік құндылықтарын сақтай отырып өскеелң ұрпаққа аманат ету жолындағы игі бастаманың бірі. Осы тұрығыда, ұлттық спорт пен жылқы шаруашылығын дамытуға арналған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасын орындап жүрген азаматтардың бірімін. Ұлттық спорт түрлерімізді, ұлттық ат ойындарын дүниежүзіне таныту және мойындату –біздің міндет. Қазақ атбегілерінің Венгриядағы, қазақ құсбегілерінің Ұлыбританияның Лондон қаласында өткен Әлем бүркітшілерінің 1-ші Фестиваліндегі, көкпаршыларымыздың Түркиядағы тарихи жеңістері соның нәтижесі. Сол жарыстарда қазақтар әлемнің 53 мемлекеттерінен озып, үлкен доданың 2 мәрте бас жеңімпазы атанды. Елімізге үлкен абырой әкелді. Бұл біз үшін асқан мәртебе еді.
Дана халқымыздың «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек. Жылқыда да жылқы бар, ҚАЗАНАТЫ бір бөлек» деген тамаша сөз бар. Осы нақылды негізге ала отырып «Қазанат» журналын жарыққа шығардық. Бұл журналдың бастапқы бетіне Елбасымыздың өзі ақ тілегін жазып берген болатын «Ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Еліміз егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті. «Замана желімен жарысқан – Қазанат» журналы ұлттық спортты, соның ішінде жылқы шаруашылығы мен ат спортының дамуына баса зер салады деп ойлаймын. Іске сәт, жігіттер!» -деп жазылған.
Сонымен қатар, жақсылықтың жаршысы «Қазанат» журналы қазақ көкпаршыларының Түркиядағы ерен жеңістеріне ,дүбірлі ат бәйгелеріне, ұлт руханиятының дамуына, арналған мақалаларды да өз оқырмандарына ерекше құрметпен ұсынады.
«Құлыным» журналы аты айтып тұрғандай біздің ағайындар ұрпағын: қариялар немересін, анасы баласын еркелетіп «Құлыным» деп атаған. Журнал балаларға ұлттық тәрбие беруді, атадан келе жатқан дәстүрімізді, салтымызды, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп дәріптеуді насихаттайды. Журнал 8 жас пен 16 жас аралығындағы балаларға арналған.
«Журналистер әлемі» журналын тілшілердің төл басылымы деп айтуға да болады. Аты айтып тұрғандай, журнал жүгі ауыр журналистердің шығармашылығы мен журналистиканың қыр-сырына толықтай тоқталуға арналыпты. Журналистерге арналған бір емес, бірқанша басылым жарық көрседе аздық етпейтіні анық. «Халқымыздың асыл азаматы, тәуелсіз еліміздің журналистикасының негізін қалаушылардың бірі де бірегейі, ЮНЕСКО профессоры Намазалы Омашұлы ағамыз өз сұхбатында: «Журналистер әлемі» журналы бұдан көп ертерек жарыққа шығуы керек», - деген еді. Дұрыс айтылған сөз. Шын мәнінде, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған арнайы басылым шығару идеясы бұрыннан ойымызда бар болатын. Бірақ ол әртүрлі себептерге орай кешеуілдей берді. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер қауымына бір емес бірнеше басылым арнасақ та артық болмайды. Ол келешектің еншісі.
Марат Нәбиевпен бірлесе отырып, ұраны: «Бірлігі мықты ел озады!» - атты, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын «Ұлы Дала Қырандары» атты республикалық қоғамдық әлеуметтік-мәдени қозғалысын құрдық. Қозғалыстың негізгі мақсаты халыққа адал қызмет ету, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, Ұлы Дала мәдениетін жаңғырту. Осыны басшылыққа ал отырып «Ұлы дала қырандары» атты журналдың тұсауын да кестім.
Мен үшін әрбір басылым ыстық, әрқайсысының өзіндік тағылымы,тәлім-тәрбиесі, алар орны да биік. Қалың қазақ жұршылығының махаббаты мен ризашылығына бөленіп жатса – мен үшін зор бақыт, еңбегімнің еш кетпегендігі болар еді. Әр ата-ана өз баласынан зор үміт күтеді, ертеңгі сенімдерінің ақталып, бейнетінің зейнетін көрсем деп армандайды... Мендегі тілек те осы. Әр журналым баламдай боп кеткен. Тек, тілерім қашан да тұғыры биік болса екен. Қазақ баспасөзінің мұрасы өлмесін, өшпесін, алар асуы аласармасын,жасай берсін дегім келеді!
Сәдібек Түгел,
«ТҮГЕЛ МЕДИА» бірлестігінің басшысы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Республикасы Гуманитарлық
Ғылымдар Академиясының Академигі
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі
- Tweet


Пікірлер (0)
Оставить комментарий